«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ ҚАРҚЫН

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов кеше Петропавл қаласында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралап, мердігер компаниялардың басшыларымен кездесті. Ерік Хамзаұлы ат басын тіреген нысандардың ішінде бірнеше тұрғын үй мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан “Қарасай” стадионы және “Қызылжар оранжереясы” бар.

Облыс орталығының оңтүстік-шығысында коттедж үлгісіндегі жаңа ауыл бой көтеріп келеді. Ондағы құрылысты жүргізіп жатқан – “VillageSK” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания бұл жерге әрқайсысының жалпы аумағы 120,91 шаршы метр болатын екіқабатты 39 коттедж салмақ. Бастапқы бесеуінің шатыры жабылып, ауылдың бірінші көшесі қалыптасқан. Ерік Хамзаұлына құрылыстың барысы мен жоспарын баяндаған мердігер компанияның директоры Денис Бредников жұмыстарында ешқандай қиындықтар мен бөгеттердің жоқтығын айтты. Коттедж үйлердің әр шаршы метрі 170 мың теңгеден сатылады деп жоспарлануда.

Одан кейін өңір басшысы “Қарасай” стадионына соғып, ондағы жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Стадион 1967 жылы қолданысқа берілгеннен бері күрделі жөндеу көрмеген. Сондықтан биыл оған жергілікті бюджеттен 65,9 миллион теңге қаржы бөлініп, қыркүйектің аяғында құрылыс жұмыстары басталған болатын. Құрылыстың қарқыны жаман емес. Мердігер компания тапсырысты Тәуелсіздік күніне дейін толық орындамақ.

Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардың бірі – “Қызылжар оранжереясы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Облыстың мақтанышы болып табылатын ботаникалық бақтың құрылысына жергілікті бюджет есебінен 27 миллион теңге бөлінген. Кәсіпорынның директоры Артур Рязапов өңір басшысына құрылысқа қатысты негізгі жұмыстардың атқарылғанын баяндады. Қарашаның ортасына қарай жөндеу жұмыстары толық аяқталмақ.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp