Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бастаған арнайы топ Солтүстік Қазақстан облысында болып, жоғары патогенді құс тұмауының таралуын болдырмауға қатысты қолға алынған шаралар барысын тексерді. Бұл жайлы министрліктің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан “Facebook“ желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
Іссапар барысында арнайы топтың өңірімізге келудегі мақсаты жайлы айтқан вице-министр Гүлмира Исаева Қазақстанда 2005 жылдан бері құс тұмауы тіркелмегенін еске салды. “Сондықтан біз осы өңірде індетке қарсы жұмысты дұрыс үйлестіруге және вакциналау шараларын ұйымдастыруға, ауру ошақтары анықталған аумақтарды және құстардың өлекселерін жоюға көмектесу үшін келдік. Тәуекелдерді бағалау және құс тұмауының одан әрі таралуын болдырмау үшін барлық іс-әрекеттердің дұрыстығына көз жеткізу өте маңызды. Сондай-ақ, біздің міндетіміз – өлген құстың иелеріне өтемақы төлеу бойынша жұмысты жолға қою. Бізбен бірге республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың басшысы мамандарымен келді. Олар өтініштерді қабылдап, заңға сәйкес төлемдер жүргізеді“, – деді вице-министр.
Өткен аптада үй құстарының қырылу фактісіне қатысты талдау нәтижесі белгілі болғаннан кейін он ауыл карантинге жабылғанын хабарлаған болатынбыз. Қауіпті індет таралған аймақтардың қатарында Тимирязев, Шал ақын, Жамбыл, Тайынша, Қызылжар, тағы басқа аудандар бар.
Арнайы топ жұмыс сапары барысында жұмыртқа беретін тауықтарының жартысы қырылған Бескөл құс фабрикасына да ат басын тіреді. Құстардың қырылуы салдарынан мұндағы жұмысшылар табысынан қағылуы мүмкін.
– Бірінші күні жұмыртқа беретін тауықтардың 180 мыңнан астамы қырылса, көп ұзамай тағы 30-40 мыңынан тұмаудың белгілері анықталды. Кәсіпорында қалған қаз мүлдем жоқтың қасы. Бірнеше тәулікте ондаған мың құс қырылғандықтан, оларды жою да қиындық туғызуда. Шұңқырлар қазып, өлекселерді өртеп, індет таралмауы үшін үстін балшықпен жабамыз, – деген құс фабрикасының технолог маманы Татьяна Костенко құс тұмауының алдын алу үшін жаппай вакцинация жүргізуге қаржылары болмағанын жеткізді. Қыркүйек айының басында мұнда 15 мың үйрекке екпе егілген екен. “Ресейдің елімізбен шекаралас аймағында қауіпті індеттің пайда болғанын естігенде, алдымен үйректерге екпе егу туралы шешім қабылдадық. Өйткені, жұмыртқа беретін тауықтарға екпе жеткіліксіз еді. Әзірге үйректерді ғана аман сақтап отырмыз”, – деді маман.
Кәсіпорынның бүгінгі жай-күйімен танысқан Гүлмира Исаева вакцинация талдау нәтижесі белгілі болып, нақты диагноз қойылғанда ғана жүргізілетінін айтты. Оның сөзіне сәйкес 16 қыркүйек күні кешкі сағат 21.00-де диагноз белгілі болған. Келесі күні вакцинация және шектеу шаралары қолға алынды. Екі күннен кейін қажетті вакцина арнайы көлікпен өңірге жеткізіліп, аудандар бойынша таратылды. Облыста сақтық шараларын жүргізу үшін республикалық қордан екпенің 873 дозасы бөлінген болатын. Қажетті екпе Отардағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында шығарылған. Вице-министр қырылған құстардың иелеріне өтемақы төленетінін де еске салды. Сомасы нарық бағасы бойынша есептеліп, облыстық әкімдік жанындағы арнайы комиссия жариялайтын болады.
Мамандар өңіріміздегі құс фабрикаларының басшыларымен кәсіпорындардың айналасында «биологиялық қауіпсіз әрі оқшауланған» аймақтарды құру жайын талқылады. Талаптар толық әрі мұқият орындалған жағдайда құс фабрикалары өнімдерін әрі қарай еркін саудалауға мүмкіндік алады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.