Қызылжарда алғаш рет «Auyl Fest. Қаз шаруашылығы» атты бірінші халықаралық этномәдени фестивалі өтті. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры алаңында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Венгрия, Татарстан, Башқұртстан, Мари Элден келген және еліміздегі құс шаруашылығымен айналысатын мамандар қатысып, өзара тәжірибе алмасты.
Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің түрлі аспектілерін сақтау мен дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру және агроөнеркәсіп кешеніне инвестициялар тартуды мақсат еткен форумның пленарлық бөлігі мәдениет ошағының залында өтті.
– Өңірде құс шаруашылығы табысты дамып келеді. 9 құс фабрикасы жыл сайын жарты миллиард жұмыртқа мен 8 мың тонна ет өндіреді. Қазір қуаты 10 мың тонналық жаңа құс фабрикасы салынуда. Облыс шаруаларына қаз өсіру саласына ерекше назар аудару қажет, өйткені біздің өңір осы бағытта жоғары әлеуетке ие. Қаз өсіру және қалдықсыз өндіріс ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі болары анық. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары бизнесті дамытуға, оның ішінде қаз өсіруге 2,5 пайыз үстемеақымен шағын несие ала алады, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жиында саланың жетекші мамандары баяндама жасап, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызды мәселелеріне тоқталып, оның ішінде Қазақстанда қаз өсіру ісін дамыту керектігін айтты. Бұл ретте мамандар кәсіпкерлер үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасының пайдасы зор екендігін, алдағы уақытта оған шетелдік тәжірибені енгізу керектігін тілге тиек етті. Венгриядан келген кәсіпкер Балаж Сенков қаз бен үйрек етін әлемнің 25 еліне экспорттайды екен. Шетелдік мейман Қазақстанмен де тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отыр.
– Біздің шаруашылықта 750 мың үйрек пен 500 мың қаз бар. Етті бағытта жұмыс істейміз. Өнімдеріміз халықаралық талаптарға жауап береді. Фермамызда «Жасыл энергия» жүйесі іске қосылған. Қазақстан – үлкен мемлекет. Сондықтан осындай жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Балаж Сенков.
Шетелдік сарапшылар мен мамандар құс шаруашылығындағы тәжірибесімен бөлісумен қатар қаз өсіру, құрама жем өндіру және қайта өңдеу мәселелерін де талқылады.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанның айтуынша, қаз тез өседі, яғни күткен нәтижеге жарты жылдан кейін қол жеткізуге болады. Жаз бойы өсіп- жетілген қазды қар түсісімен сойып, желтоқсанда саудаға шығарады. Сондықтан қаз шаруашылығының тиімділігі жоғары.
– Ел тарихында болмаған фестиваль бүгін Петропавлда өтіп жатыр. «Фестиваль неліктен қаз шаруашылығына арналды?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл облыста ғана емес, жалпы Қазақстанның солтүстігіндегі Ақмола, Қостанай, Павлодар өңірлерінде ауыл халқының көші-қоны тұрақсыз. Халықты жұмыспен қамту арқылы елді мекендерді сақтап қалуға болады. Ол үшін тұрғындардың табысы жоғары болуы қажет. Сондықтан біз бизнестің қай түрі өзекті болатынын сараптай келе қаз шаруашылығына тоқтадық, – дейді Мәжіліс депутаты Қайрат Айтуған.
Оның сөзінше, өткен жылы Ақмола облысындағы Аққөл ауданында тәжірибе ретінде тың жоба қолға алынған. Жоба аясында қаз өсіруге ниетті 20 адамның өтініші қаралыпты. Бес адамның әрқайсысына 160 қаз балапаны тегін берілген.
– Ауыл тұрғындары несие ала алмайды. Өйткені олардың көбінің кепілге қоятын дүние- мүлкі жоқ болуы мүмкін. Сондықтан біз шаруаға қаз балапанын, жемін және қажетті препараттарды сатып алып беретін инвестор табамыз. Ол өз кезегінде инвестормен келісімге отырады. Ауыл тұрғыны күзде, яғни 4-5 айдан кейін бізге 25 пайыз немесе 156 килограмм қаз етін, яғни 40 қазды қайтарса болғаны, қалғаны өзіне қалады. Былтыр осы жобаға қатысушылар 4-5 айдың ішінде орта есеппен 1-1,2 млн. теңге табыс тапты. Биыл жобаға қатысуға ниет етіп, 500-1000 балапан өсіруді жоспарлап отырғандар бар, – дейді Қайрат Айтуған.
Өңірде ірі қара мен жылқы терісінен жоғары ақуызды жемшөп қоспаларын өндіру жобасын сәтті жүзеге асырып отырған «СК Протеин» ЖШС-ның өнімдері қатысушыларды қызықтырды. Аталмыш компания тың жобаны осыдан екі жыл бұрын қолға алған. Компания М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен және «Ғылым қоры» АҚ- мен ынтымақтастық орнатып, 350 млн. теңгенің грантына қол жеткізген.
– «ProtSAN» жемдік қоспасы жоғары ақуыз құрамымен ерекшеленеді. Қоспа ауыл шаруашылығы жануарларының, құстың, өнім бермейтін жануарлар мен балықтың рационына тікелей қосуға қолданылады. Мәселен, ірі қара мен сүтті сиырлардың өсімін тездетіп, сүт өнімділігін арттырады және иммундық жүйені нығайта түседі. Қойдың жүні мен ет өнімділігін арттыруға көмектессе, құстың көбірек жұмыртқа беруін және бройлердің өсуін тездетіп, тәулігіне 80 грамм қосымша салмақ қосуына жәрдемдеседі, – дейді «СК Протеин» ЖШС-ның коммерциялық директоры Александр Власов.
Өнімнің қауіпсіздігі мен тиімділігі «Петропавл бройлер фабрикасы» ЖШС-да және «Алуа» жеке меншік фермасында тәжірибелік сынақтан өткен. Сондай-ақ «ProtSAN» жемдік қоспасын «Алматы технологиялық университеті» АҚ зерттеп, құрамында ГМО жоқ екендігін анықтапты.
Ал «Асыл Көкше Зооветснаб» ЖШС-ның өкілдері фестивальге Көкшетау қаласынан арнайы келіпті. Компанияның техникалық кеңес берушісі, мал дәрігері Ерлан Байқуаныштың сөзінше, көрмедегі өнімдердің сапасы жоғары. Олардың қатарында төрт түлік мал мен құстарға арналған түрлі дәрумендер, қоспалар, антибиотиктер және екпелер бар.
Фестивальде жетекші құс өсірушілердің қатысуымен жәрмеңке, шетелдік және жергілікті аспаздардың кулинарлық байқауы өтті. Келушілер Мажарстан, Татарстан, Башқұртстанның және Петропавл мен Алматы қалалары аспаздарының қаз етінен жасалған тағамдарынан дәм татты. Сонымен қатар театр алаңында ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі, облыстың тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.
Сайра Сапарова алаңдағы жәрмеңкеге «Провиант» ет комбинатының дәстүрлі жиынтығын ала келіпті. Арнайы сөмкеде сақталатын жиынтықта жылқының етінен дайындалған бір табақ ет, алжапқыш, пышақ, астау бар. Сөмкенің ерекшелігі – оның ішіндегі жылқы етінің ұзақ жолға шыдап, 2-3 күнге дейін бұзылмай сақталатындығында. Өткен жылдың желтоқсан айында нарыққа шыққан компания қазақ үшін текті саналатын жылқының етін шет елдерге шығаруға дайындық үстінде.
Фестиваль барысында алғаш рет қаз жарысы ұйымдастырылды. Олимпиадалық жүйемен өткен жарыста кімнің қазы бірінші келеді, сол – жеңімпаз. Жеңіске жету үшін иелері қаздарын қуып отырды, жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.