Еліміздің Ата Заңында: “Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, – деп жазылған. Конституцияда ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тең екендігі айтылады. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар тұрғындардың құқықтық көзқарасы мен мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Облыстық әділет департаментінің бұл мақсатта атқарып жатқан жұмысы бір төбе. Тоқсанына бір мәрте департамент жанындағы заңгерлік қызметті үйлестіру кеңесінің отырысы өтеді. Онда азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру, нормативтік-құқықтық актілерді жариялау және тағы басқа мәселелер талқыланады.
Ауыл тұрғындарына, сотталғандарға, түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатқандарға, халықтың өзге де санаттарына кеңес беру, Елбасы Жолдауларын түсіндіру, әділет органдары қызметімен таныстыру мақсатында ақпараттық-насихат тобы құрылған. Биылдыққа тұрғындармен 90 рет кездесу өтті.
Облыстық әділет департаментінің арнайы веб-сайты бар. Мұнда азаматтар нормативтік-құқықтық актілермен, көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерімен таныса алады. Сонымен қатар, өткізіліп жатқан құқықтық-түсіндіру жұмыстары туралы ақпаратқа қанығып, “Сұрақ-жауап” электрондық сервисі арқылы толғандырған мәселесіне арнайы мамандардан ақыл-кеңес алады. Биыл департамент сайтына 270-тен астам ақпараттық материал орналастырылды. “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалымен бірлесіп “Әділет кеңес береді” республикалық акциясын өткіздік.
Мақсатты іс-шараларға Петропавл қаласының жеке нотариустары, адвокаттар, Әділет министрлігінің аумақтық ведомстволық ұйымдары, “Қазақстандық заңгерлер одағы” филиалының өкілдері тартылады. Тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарына құқықтық көмек көрсету үшін де үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, бірлескен жиындар өткізіп тұрамыз.
Екатерина ЖУЛЬДИКОВА,
облыстық әділет департаментінің
бөлім басшысы.