Мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау мақсатында облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жуырда “Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” атты республикалық байқаудың өңірлік кезеңін өткізді.
Кеше Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. “Неделя-СК” апталығының шолушысы Алена Любушак бірінші орын алса, облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің шолушысы Зейнолла Әкімжанов пен газетіміздің қоғамдық тілшісі Қойшыбай Шәниев екінші орынды қанағат тұтты. “Үздік телеарна бағдарламасы” мен “Белсенді насихат жүргізуші” аталымдарында тележурналистер Эльмира Кәленова, Фариза Жазитова үздіктер атанды.
Өңіріміздегі географиялық, әкімшілік-аумақтық объектілердің тарихи атауларын іздестіру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру, оқушыларды туған жерді сүюге тәрбиелеу мақсатында “Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің” шығармалар байқауының, мемлекеттік тілдегі “Үздік интернет – ресурс” байқауының қорытындылары да шығарылды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алғыс хатпен, бағалы сыйлықпен марапатталды.
(Өз тілшіміз).