2019 жылға арналған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” байқауы жарияланды. Өңірлік және республикалық деңгей бойынша екі кезеңде өтетін байқауға жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік өкілдері үшін жеке аталымдар бойынша марапаттар тағайындалады. Сол сияқты байқауда “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын”, “Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын”, “Үздік ұжымдық келісімшарт” және “Экологияға қосқан үлесі үшін” аталымдары бойынша үздіктер анықталады.
Алғашқы аталымда мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеу, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды неғұрлым көбірек жұмысқа орналастыру және тағы басқа) әлеуметтік бағдарламаларды іске асырушы үміткерлердің жұмысы қаралады. Ал еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын ретінде жұмыс барысында қызметкерлердің денсаулығын сақтаудың мүмкіндіктері мен еңбек жағдайын жасайтын үміткерлер таңдалады. Сонымен қатар байқауда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір нығайтатын ұжымдық келісімшарттар жасаған және қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлер марапатталады.
Байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлер өтініш пен сауалнамасын және өз қызметі жөнінде есепті (оның ішіне заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тарихы, ұйымдық құрылым мен өзге де қосымша ақпараттар кіреді) ұсынуы тиіс. Сондай-ақ, есепке қосымша ретінде ұжымдық келісімшарттың көшірмесі берілуі керек.
Қазіргі уақытта аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдауды бастады.
Үміткерлер өз материалдарын “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” конкурсы туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №523 Жарлығымен бекітілген конкурс өткізу ережелеріне сәйкес рәсімдеп, жергілікті атқарушы органдарға қағаз жүзінде және электрондық нұсқада ұсынады.
Конкурсқа қызметін кемінде үш жыл көлемінде жүзеге асырып келетін, таратылу сатысында тұрмаған және банкрот деп танылмаған, еңбек заңнамасын бұзбаған, қызметкерлеріне берешегі жоқ, еңбек дауына қатыспаған, саяси, кәсіподақ және діни ұйымдарды қолдауға бағытталмаған әлеуметтік және қайырымдылық қызметті жүзеге асыратын, конкурсқа қатысуға өтінімінде дәйекті мәліметтерді көрсеткен, сондай-ақ, құжаттарды толық көлемде ұсынған үміткерлер қатыстырылады. Құжаттарды тапсыру мерзімі 1 шілде күні аяқталады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.