Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Алматы қаласында өткен жас кітапханашылардың “Үздік кітапханашы – 2021” республикалық байқауында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Володарское ауылының кітапханашысы Николай Вербовский бас жүлдені жеңіп алды.
Бұл байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас кітапханашылар қатысып, шығармашылық шеберліктерін сынады. Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Өңір намысын абыроймен қорғаған Володарское ауылдық кітапханасының кітапханашысы Николай Вербовский жүзден жүйрік атанды. Жерлесіміздің кітапхана саласында жұмыс істеп жүргеніне 6 жыл ғана болған. Бірақ осындай қысқа мерзім ішінде оның бағындырған белесі мен жеткен жетістіктері аз емес. Үстіміздегі жылы тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жеке авторлық кітабы да жарық көргенін айта кеткен жөн. Жеңімпаздың айтуынша, кітапханашы белсенді, жан-жақты, ұтқыр болуы керек. Сонымен қатар оқуға және жаңа тәсілдерді меңгеруге ұмтылу қажет.
– С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханамен бірлесіп жұмыс жүргіземін. Сондықтан бұл – ортақ жеңісіміз, – деген Николай Вербовский әріптестерінің қолдауына ризашылығын білдірді. Жеңімпаз ақшалай сыйлыққа ие болды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.