Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті екінші отырысы өтті. Онда Индустрияландыру картасына ұсынылып отырған төрт жоба қаралды.
– Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысында Индустрияландыру картасына енгізілген сомасы 3,7 млрд. теңгенің 7 жобасын қарап, мақұлдаған болатынбыз. Бүгін инвестиция көлемі 823 млн. теңгені құрайтын 4 жоба талқылауға ұсынылып отыр. Оларды пайдалану кезінде 115 жұмыс орнын ашу көзделген, – деді Ерік Хамзаұлы.
Үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылған жобаларды облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Ысқақов таныстырды.
“Кахалонг KZ” ЖШС директоры Герман Мазур Мамлютка қаласында жемазық және май зауыттарын салуды қолға алмақ. Жобаның құны – 607,2 млн. теңге. Жемазық зауыты бір жылда 18 мың тонна жоғары белокты өнім, ал май зауыты 1800 тонна тағамдық өсімдік майын, 700 тонна техникалық өсімдік майын өндірмек. Жобаны іске қосу 2017 жылға белгіленген. Өндіріс іске қосылғанда онда 51 адам еңбек ететін болады.
– Мамлютка қаласында 4 гектарды құрайтын жер теліміміз, темір жол тұйығы, қойма ғимараты бар. Майлы дақылдардың қауызын аршитын құрал-жабдықтарды сатып алдық. Жемазық зауыты мен элеватор – итальяндық, ал май зауыты германиялық құралдармен жабдықталады. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады, – деді Герман Владимирович.
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов аталмыш жобаны іске асыруға пайыздық үстемесі жоғары кредит алмас үшін “Даму” қоры арқылы қаржыландыру, мемлекеттік қолдау мәселелерін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновпен бірлесіп шешуді, зауыттардың бірінші кезегін – биыл, екінші кезегін 2016 жылы іске қосуды ұсынды.
Ерік Хамзаұлы инновациялық жобаларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігін кәсіпкерлердің жетік білмейтіндігін айта келіп, телеарналарда жарнамалық таспалар әзірлеп, жиі беріп тұруды облыс әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Рахметоваға тапсырды.
“CERAMIC BM” ЖШС Есіл ауданында қыш кірпіш шығармақ. Инвестиция көлемі 102,3 млн. теңгені, қуаттылығы бір жылда 962 мың дана қыш кірпіш шығаруды құрайтын, 35 жұмыс орнын ашуды көздейтін жоба биыл қазан айында іске қосылады деп жоспарлануда. Серіктестік директоры Марат Тұрсынбаевтың айтуынша, бөлінген жер теліміне тиісті құжаттар әзірленуде, құрал-жабдықтарды жеткізіп беру келісімі бойынша алдын ала төлем жасалған.
Үйлестіру кеңесінің мүшесі, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-нің директоры Александр Кондратов өнімділігі 1 миллионды ғана құрайтын кірпіш зауыты өзіндік құнын ақтай алмайтындығын, тіпті, өз жұмысшыларын еңбекақымен қамтамасыз ету де қиындық туғызатындығын алға тартты. Оның үстіне М75 маркалы қыш кірпішке нарықта сұраныс та аз. Өндіріс орны тиімді жұмыс істеу үшін жылына кемінде 7-13 мың кірпіш шығару керек. Сапалы кірпіш шығару үшін шикізат мәселесі де ерекше рөл атқарады.
Ерік Хамзаұлы аталмыш жоба бойынша комиссия құрып, өндіріс орнының тиімділігін зерттеуді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновке тапсырды.
Талғатбек Ғалеев басқаратын “Soltustik Rubber Recycling” ЖШС тозған автомобиль шиналары мен басқа техникалық резеңке бұйымдарын өңдеу жөніндегі өндірісті ұйымдастыруды мақсат етеді. Аталмыш жобаны жүзеге асыру техникалық резеңке қалдықтарын қайта өңдеу проблемаларын шешуге, экологиялық өндіріс құруға мүмкіндік береді.
“Жұнысов” ЖК “Жылулылығы тиімді блоктар өндірісін кеңейту” жобасын ұсынды. Кәсіпорынның бірінші кезегі өткен жылы іске қосылған. Бір жылда 30600 үшқабатты блок шығарады. Жылу блоктарын пайдалану ғимараттардың қабырғаларын тұрғызу, жылыту, сәнді етіп қаптау үшін қаражат пен уақыт үнемдеуге жағдай жасайды. Жобаның екінші кезегі қуаттылықты екі есе арттырады. Өндіріс орнын кеңейту мақсатында жалпы алаңы 240 шаршы метрді құрайтын тірексіз ангар салынған, “Кондор”, “Еурокірпіш” жабдықтары сатып алынған.
Отырыста соңғы екі жоба өңірлік үйлестіру кеңесі мүшелері тарапынан қолдау тапты. Сонымен жыл басынан бері Индустрияландыру картасына енгізуге облыс бойынша 10 жоба ұсынылды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.