Айыртау ауданындағы Целинное ауылында өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған тұрғын үй өртенді. Төбе жабындысының бір бөлігі үй иелері тамақ әзірлеп жатқан ыстық пештің үстіне құлаған. Содан тұтанған от ғимараттың төбесі мен шатырын, үй ішіндегі мүліктерді жарамсыз етті. Өрттің жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрады. Отты ауыздықтауға №7 өрт сөндіру бекеті мен “Колос” ШҚ-ның күші мен құралдары жұмылдырылды.
Пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау Петропавл қаласының Шмидт көшесіндегі тұрғын үйдің отқа орануына да себепкер болды. Пешке тіреліп тұрған кереует қызудан от алған. Үй иесі дәлізде ұйықтап жатқандықтан, өрт шыққан кезде ғимараттан шығып үлгерді. Оттың жалыны 140 шаршы метрді шарпып, төбе мен шатырды, үй мүліктері мен дәлізді жалмап кетті.
Облыс орталығындағы Ізтөлин және Рига көшелерінде бірнеше қора-қопсы отқа оранды. Бір үй иесінің айтуына қарағанда, отынның жанында кетпен қайрап жатқанда оның ұшқыны ағаш үгіндісіне түскен болуы керек. Ер адам бақшаның арамшөбін отауға кеткенде, жарты сағат өтер-өтпесте өрт көршілес қора-қопсыларға жайылған. Өртті сөндіруге №1, №2, №3 өрт сөндіру бөлімінің жасақтары қатысты.
Өткен аптада Айыртау, Қызылжар және Аққайың аудандарында электр сымдарының қысқа тұйықталуынан “Audi-80”, “Audi-100”, “Volkswagen-Passat” автокөліктері жанып кетті.
Жалпы жыл басынан бері облыста 419 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 66 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 28 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның 4-еуі – бала. Төтенше жағдай кезінде 22 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Ал өткен аптада 20 өрт тіркелді.
Наталья ПОПОВА,
облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің
бас маманы.