«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үміт отын жақты

Заманына қарай адамы дегендей, кешегі кеңестік кезеңнің ағымына сәйкес, әрі жұмысымыз да өзге этнос өкілдері көп қоныстанған ауылдарда болғандықтан, балаларымды қазақ мектебінде оқыта алмадым. Ол кезде аудан орталығын қоса алғанда, біздің елді мекенге жақын орналасқан бірде-бір ауылда қазақ мектебі болған жоқ. Қазақ тіліне “мән” берілмей, орыс тілі “сән” болған кез. Балаларымыз үйде де, түзде де орысша сөйлесіп, қазақ тіліне мүлдем шорқақ болып өсті. Кейін немерелеріміздің сөздік қоры да “бар”, “кел”, “ал” сөздерімен шектелді.

Жаңа заманға сай талаптар да өзгерді. Қазақ тілі тәуелсіздігіміздің арқасында мемлекеттік тіл дәрежесін алды. Мекемелерде де іс-шаралар екі тілде жүргізіле бастады. Мен де немерем Фаризаның болашағын ойлап, қазақ мектебіне оқуға бердім. “Қалай болар екен?!”, “Қандай ұстаздың алдына барар екен?”, “Ол ұстаз қазақ тілін үйретіп қана қоймай, пәндерге деген қызығушылығын оята алар ма екен?” – деген сияқты сан қилы ойлар мазалағанын жасырмаймын. Бағымызға қарай білімі мен біліктілігі талапқа сай, есімдері аудан көлемінде танылған ұстаздар Саумалкөл қазақ орта мектебі ұжымында бар екен. Немерем көп жыл ұстаздық ететін Мырзабике Науанованың алдына барды. Сөйтсем, сыныпта Фариза сияқты “шала қазақтар” аз емес екен.

Адамды жан-жақты етіп тәрбиелегісі келген ұстаз шәкірттерінің психологиясын да жете зерттеді. Мұғалім сабақтарында озық заманауи әдістемелік технологияларды тиімді пайдаланады. Адамзатқа тән жақсы қасиеттерді жастайынан бойына сіңіріп өскен, талапты да талантты мұғалім әрқашан да ізденіс үстінде жүреді. Соның нәтижесінде оқушылардың пәндерге деген қызығушылықтары оянып, ойлау қабілеттері артты. “Білім негізі – бастауышта”, – деп тегін айтылмаған. Осы жылдар ішінде балалардың оқу үлгерімі жақсы деңгейге көтерілді. Немеремнің бастауышта алған білімі өте терең, жан-жақты мағыналы екенін байқадым. Қазір ол 6-сыныпта үздіктер қатарында. Немеремді осындай дәрежеге жеткізген Мырзабике Қабидоллақызына алғысымыз шексіз.

Күбітай МАЛАЕВ,

зейнеткер.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp