Биыл ғана құрылған “Құлагер” хоккей командасы Петропавлда Астананың “Номадымен” және Көкшетаудың “Арланымен” екі реттен, барлығы төрт кездесу өткізіп, тиісті он екі ұпайдың үшеуіне ғана қол жеткізді.
Үш жеңілістен соң оның екі қарсыласы да көш басындағы командалар (“Арлан” – 63 ұпаймен, “Номад” – 43 ұпаймен) топ бастауда деп ақталуға болар еді. Алайда, ойындар барысында біздің ойыншыларымыздың кейбір олқылықтары, әсіресе, қорғаныста ойнайтындардың қимыл-әрекетіндегі қателіктер көзімізге шалынбай қалмады. Мен хоккей маманы болмасам да, студент кезімде ойнап, жаттықтырушылардан аз да болса дәріс алғандықтан және бері салғанда қырық жылдан аса Кеңес Одағы, Ұлттық хоккей лигасы командаларының үздік ойыншыларының қимыл-әрекеттерін теледидардан үнемі көріп жүргендіктен, түсінігім бар дей аламын.
Осы төрт кездесуде байқалған елеулі олқылық – қорғаушылардың шабуылшыларды қолдай алмайтындығы. Біздің команданың шабуылы кезінде негізгі қимыл-әрекет алдыңғы шептегі үш ойыншының арасында өтеді. Екі қорғаушының әрекеті, неліктен екені белгісіз, синхронды емес. Бірі қарсыластың алаңына кіргенімен, екінші әріптесі кейін қалып қойып жүрді. Мұндайда уақыт көзді ашып-жұмғанша өтетіндіктен, шабуылшылар қарсыластың қақпасына тиісінше әлеует қолдана алмайды. Басқаша айтқанда, қарсылас команда аз құраммен ойнаса да, айталық, тәртіп бұзған ойыншысы айып уақытын өтеу үшін алаңнан қуылса да, оның есесіне сан басымдығына қол жеткізілмейді.
Сондай-ақ, команда шабуылға шыққанда қорғаушы мен қапталдағы ойыншы бір-біріне тым жақын, бір бойлықта қимылдамауға тиіс. Мұны атақты бапкерлер Анатолий Тарасовтың, Владимир Чернышевтың, Виктор Тихоновтың арнайы оқулықтарын парақтағаннан кейін жаттап алғандай болғанбыз. Осыған қоса, біздің хоккейшілер “Барыс” командасының ойындарынан сабақ алса, құба-құп болар еді.
Әрине, командамыз жаңа ғана құрылған. Байқағанымыздай, негізгі ауыртпалықты бірінші бестік ойыншылары – Алексей Петушков, Владимир Гребенщиков (қорғаушылар), Ильгиз Нуриев (капитан), Анатолий Васильев және Максим Волков (шабуылшылар) көтеріп жүр. Басқа бестіктердің ойынында әлі толыққанды әрекет қалыптаса қоймаған.
Бір сөзбен айтқанда, бас жаттықтырушымыз Вячеслав Биланның назарынан тыс қалмауға тиісті тактикалық әдіс-амалдар жетерлік.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.