«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үнсіздікті сүймейтіндер мекені

Жапырақ сыбдыры, желдің ысқырығы, күннің күркіреуі, терезені ұрған тамшылар тырсылы. Құлағыңызға жағымды дыбыстар келді ме? Иә, қаланың шуынан, беймаза тірліктен шаршағанда аңсайтын осы сияқты “табиғат дауыстарын” сипаттайтын дыбыстар, яғни медитация техникалары заманауи психотерапияда кеңінен қолданылады. Психотерапевтер ешкіммен сөйлесуге құлқы болмай, бәрінен түңілген науқастарға осындай түрлі тәсілдер ұсынса, тағы бір сала мамандары дактильді әліпбиді, ишара тілін, еріннен оқу дағдыларын үйретеді. Бұл – есту қабілетінен айрылғандар үшін өзара қарым-қатынас жасау жолдарының бірі.

Есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты бұл міндетті 73 жыл бойы атқарып келеді. Осы уақыт аралығында мекеменің жеткен жетістіктері қомақты. Жеңіс қоржыны ән-би байқаулары мен спорттық шараларда, білім сайыстары мен қолөнер жарыстарында еншілеген медальдар мен мақтау грамоталарына толы. Бұл көрсеткішке жетуде осында еңбек ететін мамандардың, әсіресе, сурдопедагогтердің еңбегі ерен. Өйткені, осы мамандар балаларға қоршаған әлемді сезінуді, естуді, онымен сөйлесуді үйретеді.

Осы интернаттың тыныс-тіршілігі туралы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Елена Ибрагимовамен ой бөліскенімізде баланы арнайы оқу мекемесіне неғұрлым ерте әкелсе, соғұрлым оқуға бейімделуі, ұстаздарының оған не үйреткісі келетінін түсінуі, нәтижеге ұмтылуы жоғары болатынын білдік. Мұнда мектеп бағдарламаларынан бөлек, түрлі спорт секциялары, қолөнер үйірмелері, ыммен ән айту сабақтары жүргізіледі. Мәселен, “Пульс” және “Sensetivе” би топтары сан мәрте республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Бұл, әрине, ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің жемісі, балалармен қатар ұстаздардың да жетістігі.

Мекемедегі мектепке дейінгі топта 15 бүлдіршін, ал өзге сыныптарда 141 бала білім алады. Жас мамандарға мұнда талап жоғары. Жұмысқа орналасқан кезде, ең алдымен, аға буын қызметкерлері сабақтарына қатысып, тәжірибелерімен бөліседі, балалармен жұмыс істеудің ерекшеліктерімен таныстырады екен. Осы ортаға толық бейімделіп, қызметіне жан-жақты дайын болған кезде ғана балалармен жеке жұмыс істей алатына көрінеді.

– Кейбір ата-аналар сәбилерін алғаш әкелген кезде нәтижені тезірек көруге асығады, кейде бізге сенімсіздік танытып жатады. Біз оған түсіністікпен қарап, оларға ауыр әрі ұзақ жолда барынша шыдамдылық танытуды, өз тараптарынан да мейлінше қолдау көрсетулерін сұраймыз. Өйткені, жақсы жетістік жан-жақты еңбек арқылы ғана келеді, – дейді Елена Валентиновна.

Аға тәрбиеші болып жұмыс істейтін Эльмира Бақытқызы – мекемеге былтыр келіп қосылған үш жас маманның бірі. Ол қиыншылығы мол жұмысты таңдағанына өкінбейтіндігін, қызметінің жауапкершілігін толық сезінетіндігін айтады.

– Бұл – менің таңдаған мамандығым, сүйікті кәсібім, өмірімнің айнымас бөлшегі. Ұстаз ретінде, ең алдымен, алдыма келген баланың қиындықтан қорықпау, өзіне деген сенімділігін нығайту бағытында жұмыс істеймін. Бала маған толық сенуі қажет, сонда ғана оң нәтиже болады, – дейді ол.

Интернат биыл 11 түлекті үлкен өмір жолына аттандырмақ. Бұл мекемеде білім алғандар негізінен колледждерде ақпараттық технология және компьютер ісінің маманы, автомеханик, шаштараз, тігінші, аспаз мамандықтары бойынша оқуларын жалғастырады.

Еліміздің денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алуды сапалы ұйымдастыруға үлкен назар аударылады. Солтүстік Қазақстан облысының штаттан тыс бас сурдологы Виталий Никулин есту қабілеті нашар баланы дер кезінде анықтау өте маңызды екенін айтады.

– Балалардың саңыраулығын ерте кезде тексеру үшін алдын ала отоскопия, аудиометрия, акустикалық импедансометрия, отоакустикалық эмиссияны тіркеу, есту деңгейін анықтау сияқты зерттеулерді сурдолог, сурдопедагог, логопед, психолог, невропатолог мамандары бірлесіп жүргізеді. Содан соң саңыраулықтың себептері мен түрлері есепке алына отырып, дәрі-дәрмекті және физиотерапиялық емдеу, есту протездерін қою, функционалды отохирургия, кохлеарлы имплантация арқылы емдеу әдістері қолданылады, – дейді Виталий Федорович.

Есту аппараттарымен қамту жұмыстары Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларының негізінде мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Облыста есту қабілетінде кемшілігі бар 241 бала тіркелген. Олардың бесеуіне есту қабілетін екіжақты нейрон-сенсорлық жоғалтудың бірінші деңгейі диагнозы қойылған. Облыста балалардың кереңдік деңгейін анықтауға арналған отоакустикалық эмиссияны тіркеу құрылғылары Айыртау және Тайыншадан өзге барлық аудандарда бар.

Облыс орталығында өткен бірнеше салтанатты іс-шарада интернат тәрбиеленушілерінің әсем билерін тамашалап, әуенмен толық үндестік тапқанына таңғалдым. Орындаушылар бұл әуезді естімейді дегенге сене алмайсыз. Алайда, артқы қатарда “дирижерлік” етіп тұрған жетекшілерімен байланысты толқымай бақылау мүмкін емес.

Гүлнәр ЖҰПАРБЕК,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp