«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ АСПАПТА ОЙНАЙТЫН АРУ

Ішекті музыкалық аспаптардың ішінде домбыра мен шертерге және орыстың домрасына ерекше ықылас танытып, талапты өнерімен көзге түсіп жүрген жастарымыздың бірі – Татьяна Бүкірова. Ол бүгінде өңірімізге танымал үш бірдей өнер ұжымына мүше болып, қыл ішектен төгілткен сиқырлы сазды әуендерімен тыңдармандарын тәнті етіп жүр. Алдымен оның облыстық филармонияда Қайырлы Ғафуров жетекшілік ететін Сегіз сері атындағы қазақтың ұлттық аспаптары оркестрінде домра-альтта ойнайтынын айтсақ болады. Сол сияқты “Әлқисса” фольклорлық ансамбліндегі үш ішекті шертер қылын шертетін де осы Татьяна. Сонымен бірге биыл ол өзінің өнерпаз құрбылары – қобызшы Әсем Байтенова мен домраның шебері Самал Асылбековамен бірлесіп, “Кербез” үштігін құрып, бүгіндері қала сахналарында сәтті өнер көрсетуде.

Абырой болғанда, өнер жолындағы талпыныстары сәтсіз де емес. Мысалы, 2012 жылы Татьяна Асылбайқызы облыстың мәдениет және қосымша білім беру саласында түрлі халықаралық байқауларға жақсы дайындық жасағаны және шәкірттеріне үздік өнер сабақтарын жүргізгені үшін “Жыл патриоты” атанды.

Ол тегіннен-тегін жоғары санатты ұстаз саналмаса керек. Өткен жылы осы мамандығы аясында интернет-байқауға қатысып, оның қорытындысы бойынша 1-ші дәрежелі лауреат атағын алды. Қаладағы өзі қатысатын өнер ұжымдарындағы толып жатқан концерттік шараларға қоса, ол Қызылжар аудандық “Мерей” өнер мектебінің домбыра сыныбында сабақ береді. Бүгіндері Татьянаның шәкірттері әртүрлі халықаралық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізуде.

Жалпы Татьянаның өнері туралы айтар болсақ, оның негізінен ұлттық аспаптарға құлай берілгенін, олардың жүрек пернесін қозғайтын тылсым да жұмбақ, терең де сезімді әуендеріне құмарлығын сөз етпеске болмайды. Анасы Надежда украин ұлтынан, ал әкесі Асылбай Мұқашев қазақ болғанымен, олардың отбасы қоныстанған Аққайың ауданындағы Григорьевка ауылында орыс тілі басым болды. Сөйтіп, орталау білімді орыс мектебінде алған жас түлектің Петропавл өнер колледжіне түскенде домбыра сыныбын таңдауы басында ата-анасы күтпеген жай болғаны рас. Десе де, олардың отбасында балаларының арман-мақсаттарына кедергі келтіру деген болған емес. Сөз реті келгенде, республикамыздың маңдайалды жеңіл атлеті, Азияда ойындарының чемпионы Маргарита Муқашеваның осы шаңырақтың келіні екенін атап өткен жөн болады. Осындай интернационалдық тәрбиедегі отбасында Татьянаның ұлттық өнерді таңдауы қарсылық тапқан жоқ, қайта Асылбай әкесі оған қатты қуанды. Колледжде домбырадан басқа, қосымша аспап ретінде домбыра-примада ойнауға үйренді. Өйткені, ол кезде онда шертер болмайтын. Үш жылдың ішінде ұстазы Алтын Хамзинаның сыныбында домбыраны өте жақсы меңгеріп шықты. Одан кейін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің музыкалық факультетін бітіріп, ұзтаздық мамандық алды. Сонда жүргенде ептеп шертерге үйрене бастады, домбыра мен домбыра-прима тарта білетін оған оның онша қиындығы болған жоқ.

Өнерпаздың шертерді кәсіби шеберлікпен ойнай бастағанына бес жылдан асып барады. Оған оны “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің жұмысқа шақырып, шертерде ойнауды ұсынғанының септігі тиді. Ол кезде ансамбльге Сайран Сәбитов жетекшілік ететін еді, қазір өнер ұжымына Руслан Асылхан басшылық жасайды. Оларға Татьяна өзін осынау сиқырлы аспапқа тартып, үлкен өнерге жол салғаны үшін разы. Ансамбльдің құрамында жүріп, алыс-жақын шетелдерде және республиканың біраз қалаларында өнер көрсетті.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Т. Бүкірова.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp