«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП

Бәріміздің де өзіміздің туған топырағымыз – ауыл жаққа құлағымызды түріп, елеңдеп отыратынымыз анық қой. Шал ақын ауданындағы оң өзгерістер жайлы естіген сайын менің де көңілім көтеріліп қалады. Әсіресе, соңғы кезде, ауданға Ербол Болатұлы Сағдиев әкім болып тағайындалғаннан бері ауыл жақтан “Елді мекендерді көркейту жұмыстары қолға алынды”, “Шалғайдағы ауылдардың жолдары жөнделіп жатыр” деген сияқты жылы хабар жиі келетін болды. Жақында сайлаушыларымен кездесіп қайтқан сол өңірден сайланған облыстық мәслихаттың депутаты, басшымыз Кәрібай Мұсырман да: “Жаңа әкім жігерлі көрінеді, біраз шаруаның басын қайырып тастапты”, – деген. “Жүз естігеннен бір көрген артық” деген емес пе, жақсының жақсылығын елге жеткізу мақсатымен жолға шықтық. Біздің бұл ниетімізді қолдағандай нақ сол күні қоңыр күздің де қабағы ашылып, күн нұрына шомылған қайың, теректердің сары жапырақтары саф алтындай жарқырап сала берді.

Ертеректен қанымызға сіңіп қалған бір әдет – ауданға, болмаса шаруашылыққа барсақ та, алдымен басшыға жолығып, мән-жайға қанығуды жөн санаймыз. Бұл жолы да ешқайда бұрылмастан аттың басын аудан әкімдігіне тіредік.  

Аудан әкімдігі орналасқан ғимараттың үшінші қабатына көтерілгенде дәлізде сәл бөгеліп қалдық. Қабылдау бөлмесіне кіреберіс сол жақ қапталға әр жылдары осы ауданды басқарған бірінші басшылардың суреттері ілініпті. Олардың біразын танимын. Мысалы, Ніл Әдіғамұлы Болатбаевты сол кезде қайнаған еңбектің бел ортасында жүрген әкем марқұм аузынан тастамаушы еді. Ал осы ауданның тізгінін ұстап тұрған кезінде Еңбек Ері атанған Есім Шайкиннің іскерлігіне тәнті болғаным соншалық, “Алматыдағы “Қайнар” баспасы кітап жаз деп қолқа салып отыр, соған көмектесуге қалай қарайсың?” дегенде екі ауыз сөзге келмей, ағаның тапсырмасын орындауға құлшына кірісіп кеткенім бар. Тағдырдың жазуымен өмірден ерте озған Мәркен Ахметбеков те мен үшін өте бір қымбат азамат еді. Ол кісі басқарған тұста да аудан тұғырынан тайған жоқ, дүркіреп тұрды. Содан кейін заман да, адам да өзгерген, кеңестік дәуірдің кемесі ауып қалған кезде ауыс-түйіс жиілеп, әкімдердің бірі келіп, бірі кетіп жатты. Бірақ, шыны сол, біразының сайда ізі қалған жоқ. Соңғы буын әкімдердің арасынан суырылып дара шыққан тек Айдарбек Сапаров қана. Айдарбек Сейпілұлының ауданды басқарған аз уақыттың ішінде халықтың көңілінен шығатын өміршең бастамаларға ұйытқы болып, ұлан-ғайыр істер тындырғанын шалақындықтар ғана емес, бүкіл облыс жұртшылығы жақсы біледі.

Өмір бір орнында тұрмайды. Әкімдік те ешкімнің маңдайына мәңгілік жазылмаған. Биыл Шал ақын ауданының әкімі тағы ауысты. Енді тізгінді Ербол Сағдиев алды. Тегі таныс болғанмен, Ербол Болатұлын біздің жерлестеріміздің көпшілігі біле бермеуі де мүмкін. Ол – осы жердің төл тумасы. Әкесі Болат Рамазанұлы кезінде аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірін басқарған. Ал Ерболды жастай бауырына басқан, тәлім-тәрбие берген, қанаттандырған елімізге белгілі тұлға Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтің орны тіпті бөлек. Асылдың сынығы деуге келіп-ақ тұр. Мұны бір деңіз. Сосын Ербол Сағдиев бесіктен белі шықпай жатып, әлде-біреулердің қолдап-қолпаштауымен әкімнің орынтағына қонжия кететін дала бетін көрмеген сарыуыз балапандардың санатынан емес. Оның өмір жолына көз жүгіртсеңіз, біраз жайға қанығасыз. Жоғары білім алғаннан кейін еңбек жолын бөлімшеде қатардағы мал шаруашылығы маманы болып бастаған Ербол Болатұлы басқарудың талай баспалдақтарынан өтіп, директор да, әкім де болды. Соңғы он екі жыл бойы астаналық облыстың үш ауданын басқарған оның есімі, әсіресе, ақмолалықтарға жақсы таныс. Таныс болғанда өте іскер, тәжірибелі басшы ретінде елдің аузында жүр. Міне, осындай азаматтың ойламаған жерден шаруашылығы шатқаяқтап тұрған Шал ақын ауданына келіп қалуы, әрине, үлкен олжа.

Сөз реті келгенде айта кетейік, біздің ауданға сапарымыз әкімнің жаңа қызметіне кіріскеніне жүз күн толуымен тұспа-тұс келген еді. Әрине, жүз күн ауыз толтырып айтарлықтай көп уақыт емес. Алайда, біз Шал ақын ауданында осы кезеңде тындырылған істермен таныса келе, ұйымдастыра білгеннің ұтары көп екеніне тағы бір көз жеткіздік. Аудан өміріндегі оң өзгерістерді жергілікті тұрғындардың өздері де көріп-біліп, сезініп отыр.

– Мен Ербол Болатұлымен көптен таныспын. Оның әкесі Болат бұрынғы “Афанасьев”, мен “Ысқақ Ыбыраев” атындағы кеңшарды басқарып жүрген кезімізде ол да директорлар қатарына қосылған болатын. Сонда оның жасы небәрі 26-да ғана еді. Төменнен өскен, басқару тәжірибесі мол маман ғой, тыным жоқ, қолынан іс келетінін көрсетіп жатыр. Оны аудан орталығындағы өзгерістерден-ақ аңғаруға болады, – деген әңгімеге тартқанымызда есімі облысымызға жақсы танымал азамат Манабай Үмітбаев. – Марқұм Есім Шайкин ағамыз сияқты құс ұйқылы азамат екен, кей күндері таңертеңгі сағат жетіде жұмысында отырады. Есекеңді тектен-тек ауызға алып отырған жоқпын, бірге қызмет істедік қой, қашан демалатынын да білмеуші едік. Міне, сол Есекең шаруашылық жұмыстарын ұршықша үйіріп жүріп, елді мекендердің тазалығына, көшелер мен аулаларды көркейтуге көп көңіл бөлді. Жаз айларында өзіміз тұрып жатқан Сергеевка қаласы жасыл желекке малынып тұрса – сол Есекеңнің еңбегі. Ербол Болатұлы да тұрғындардың көңілінен шығатын істерді қолға алып жатыр. Көңілдерінен шыққаны емес пе, бұрын үйлерінің маңын жинастыруға таяқпен қусаң шықпайтын тұрғындар қазір апта сайын өткізілетін “тазалық күніне” бір кісідей қатысып жүр. Әсіресе, ардагерлер белсенді.

Айтса айтқандай, аудан орталығы кәдімгідей түрленіп, жасарып қалыпты. Көшелер, аулалар тазарған, барлық мекемелердің алды гүлге оранған. Қаланың бірнеше ауданында тұрғындар үшін демалыс орындары жасалып, субұрқақтар орнатылыпты. Тұрғын үйлердің маңайлары қоршалып, боялған. Аудан орталығын аралағанда көшелерді жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқанына куә болдық. Әрине, мұның бәрі жалаң ұранмен біте қоятын жұмыс емес, осы мақсаттарға қыруар қаржы жұмсалып жатқаны көрініп тұр. “Ол бюджетте қарастырылды ма екен?”

Біздің ойымыздағыны айтқызбай ұққан аудан әкімдігі аппаратының жетекшісі Самғат Ермекбаев: “Атқаратын жұмыс бастан асып жатыр, сайып келгенде бәрі қаржыға тіреледі. Ал бюджетіміздің бүйірі қампиып тұрмағаны және анық. Сонда не істеуіміз керек?”, – деп тұйыққа тірелгендей болып жүруші едік, аудан басшысы жаңа қызметіне кіріскен алғашқы күндері-ақ: “Қашан қолымызға ақша түседі деп қарап отыра алмаймыз. Кей істерге тұрғындардың өздерін жұмылдыруымыз, сол сияқты, әлеуметтік әріптестікті жолға қоюымыз керек”, – деп тыңға түрен салғандай болған. Расында да, іске қосылмаған мүмкіндіктеріміз мол екен”, – деген.

Тұрғындардың, әсіресе, ардагерлердің жаңа әкімнің тың бастамаларына айрықша қолдау білдіріп отырғанын жоғарыда айттық. Ол неден басталды? “Обалы не керек, осыған дейін бәрін билік істейді деп, оған бәрін өзім білемінге салынған әкімдер де кінәлі шығар, не нәрсеге болсын, енжарлық танытып келдік қой, Ербол Болатұлы бәрімізді жинап алып, ақылдасты, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын айтты. Жүріп-тұруға жарайтын зейнеткерлердің бәрін бір-бір көшеге бекітті. Сенім кімді де болсын қанаттандырады ғой, аянып жатқан жоқпыз. Қиындық болса әкімге барамыз, ақылдасамыз, көмек сұраймыз. Кейбіреулер сияқты кабинетінің есігін тарс жауып, шіреніп отырған жоқ, телефон шалсақ, тыңдайды, барсақ, қабылдайды. Әйтеуір, халықпен бірге. Аудандағы ахуал дәл осылай тез өзгере қояды деп ойлаған жоқ едік”. Өзі де бүкіл өмірін ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арнаған, басшы қызметтерде жүріп халыққа көп жақсылық жасаған Манабай Қажымұратұлының осы бір жүрекжарды сөздері, көңілкүйі көп жайдан сыр ұқтырғандай. Соңғы кездері денсаулығы сыр беріп, үйден ұзап шыға қоймайтын ағамыздың жас кезіндегідей елгезектік танытып, қоғамдық істердің бел ортасында жүргеніне біз де қуанып қалдық.

– Өзімнің туған жерім болғандықтан, Шал ақын ауданын басқаруға қуана келістім. Осыған дейін біраз елді мекендерде болдым, тұрғындармен кездестім. Ауданның әлеуеті зор, мүмкіндіктері мол. Рас, кезегін күтіп тұрған мәселелер де аз емес. Солардың бәрін, әрине, бір күнде емес, көптің көмегімен бірте-бірте шешеміз деп ойлаймын, – деген әкімнің өзі.

Сөз арасында Ербол Болатұлы шалақындықтардың “Сыбаға”, “Алтын асық”, “Құлан” сияқты мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін әлі де болса, ұтымды пайдалана алмай отырғанын, жалпы, шағын және орта бизнесті дамытудың күн тәртібінен түспейтінін айтқан. Бұл сөздердің де жаны бар. Басқаларға қарағанда, Шал ақын ауданында кәсіпкерліктің кенже қалып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, шағын ауылдардағы жағдай мәз емес. Әңгіме барысында аудан әкімін олардың жағдайы да алаңдататынын түсіндік. “Қазір көптеген ауылдар жүдеп қалды. Оларда тұрып жатқандардың саны да азайды. Бірақ біз жағдай осылай қалыптасты екен деп, шағын ауылдарда тұрып жатқандарды назардан тыс қалдыра алмаймыз. Оларға барынша жағдай жасауымыз керек”, – деген ол.

Бұл жай айтыла салған сөз емес. Соның бір дәлелі – соңғы үш айдың ар жақ-бер жағында біраз ауылдардың жолдары жөнделіп, қалпына келтіріліпті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Сүйініштісі сол, осындай аудан көлемінде қолға алынған игі істерден кәсіпкерлер де шет қалып отырған жоқ. Көркейтуге байланысты бүкіл жұмыстар солардың қаржысымен атқарылуда. Қолында қомақты қаржысы барлардың бір тобы аудан орталығындағы әлеуметтік нысандардың маңайын көркейтіп, автокөліктер қоятын арнайы тұрақтар жасауға жұмылса, енді бір тобы мектептердің тозған шатырларын жаңартуды қолға алыпты. Көптен әңгіме болып келе жатқан Қаратал ауылындағы мектептің мәселесі де, түкпілікті болмағанымен, биыл шешілетін сияқты. Айта берсек, осындай шешімін тауып жатқан мәселелер аз емес. Соның бәрін тұрғындар жаңа әкімнің қызметімен байланыстыруда. Олар алдағы күндердің қуанышы бұдан да зор болатынына сенімді.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp