«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЙЫМШЫЛДЫҚ ТАНЫТАР КЕЗ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихаты көктемгі егіске дайындық барысына арналды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтің айтуынша, үстіміздегі жылы 4,2 млн. гектар алқапқа егін егу жоспарланса, дәнді дақылдардың үлесі 2,8 млн. гектарды құрайды. Майлы дақылдар 955,4 мың гектарға сіңірілмек, бұл – жалпы егістіктің 23 пайызы. Сондай-ақ, 47,4 мың гектар алқапқа соя егілмек. Азықтық дақылдар 352,9 мың гектарға отырғызылатын болса, оның 32,2 мыңы картопқа, ал 6 мыңы көкөніске тиесілі.

Биыл қар көп жауғандықтан, ылғал қоры жеткілікті. Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Жамбыл, Шал ақын, Мамлют және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда топырақ ылғалдығы жоғары. Бұл аудандарда жауын-шашынның орташа қоры 156-193 миллиметрді құрады. Ал ең төменгі көрсеткішке Аққайың және Есіл аудандары ие.

– Қазіргі уақытта агроқұрылымдарды минералды тыңайтқыштармен, арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл шаруаларға 130 мың тоннаға жуық тыңайтқыш қажет. Бұл жердің құнарлығы мен өнімділік сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта өңір диқандары 78,1 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімшарт жасады. Сондай-ақ, барлық шаруашылықтар тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, 493,8 мың тонна тұқым бар, – деді Ерболат Бекшенов.

Алдағы уақытта шаруашылықтар алқаптарда дәнді дақылдарды аурудан қорғау үшін фунгицидпен және гербицидпен дәрілеу жұмыстарын жүргізетін болады. Көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізу үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 68,9 мың тонна дизель отыны, 10,8 мың тонна бензин және 3,2 мың тонна мотор майы қажет. Олардың басым бөлігі Павлодар мен Атырау мұнай-химия зауыттарынан жеткізілмек. Жауапты науқанға 13,7 мың трактор, 16 мың тұқымсепкіш, 1,2 мың егіс кешені жұмылдырылады. Қазіргі уақытта бұл техникалар жөндеуден өткізілген. Жыл басынан бері облыс диқандары 6,2 млрд. теңгеге 407 жаңа техника сатып алды.

Ерболат Бекшеновтің айтуынша, биыл аграрлық секторды дамытуға республикалық бюджеттен 42,8 млрд. теңге бөлінді. Минералды тыңайтқыштар бойынша демеуқаржыға бюджеттен 5,7 млрд. теңге қаражат берілді. Жыл басынан бері “ҚазАгро” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ның қаржы институттары 18,3 млрд. теңгенің 300 өтінімін қаржыландырған.

Агроқұрылымдарға техниканы жөндеу және сату бойынша қызмет көрсететін компаниялар мен серіктестіктердің басым бөлігі Петропавл қаласында орналасқаны белгілі. Облыс орталығының карантинге жабылуы техникасын жөндеткісі немесе жаңа құрал-сайман сатып алғысы келетін диқандарға біраз қиындық туғызуда. Басқарма басшысының айтуынша, мұндай қызмет көрсететін серіктестіктер жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Қалалық әкімдіктің бақылау-өткізу бекеттеріне берген тізімге сәйкес техникалық қызмет көрсету серіктестіктері еш кедергісіз аудандарға шыға алады. Алдағы уақытта бұл мәселелер бойынша толық ақпарат беретін “Call-орталық” өз жұмысын бастамақ. Басқарма басшысы биылғы 14 сәуірден бастап шаруашылықтардан минералды тыңайтқыштарға демеуқаржы беру бойынша өтінімдерді қабылдау басталатынын атап айтты.

 

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

 

Сурет margin.kz сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp