«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛАҒАТТЫ ІСІ — ҰРПАҒЫНА МҰРА

Біз Уәлиханов ауданына қарасты Жасқайрат ауылында тұрамыз. Жасқайраттың бір шеті Ресейдің Омбы облысының Русская Поляна ауданымен, екіншісі Павлодар облысының Ертіс ауданымен шектеседі. Ресей картасында Жасқайрат ауылы Әлімсүре атымен белгіленген. “Қайрат” кеңшары құрылғаннан көп уақыт бұрын бұл төңіректе алты ұжымшар болған деседі. Бұлардың барлығы бір атаумен – Сарыкөл ауылдық кеңесі деп аталған. Оның орталығы қазіргі Қулыкөл ауылы болған. Кейін, Сілеті өзенінің жағасында Жасқайрат, Жуантөбе, Бабеке (1976 жылы Бабеке Қайраттан бөлініп, Сарыадыр деген атаумен жеке отау тіккен) және бұл төңіректің ауылдарының негізінде “Қайрат” кеңшары құрылған.

Кезінде ата-бабаларымыз Зомбы, Сарықопа, Тырналы, Қарасу секілді жерлер мал жайылымына қолайлы деп, өзен сағасын бойлай қоныстанған екен. Кеңес өкіметі құрылған кезде осы Әлімсүре ауылына қоныстанып, оған кейіннен Жасқайрат атауы берілген. Қайрат атауының шығу тегі Жасқайратпен тығыз байланысты. 1928 жылы құрылған Жасқайрат ауылы алғашқы жылдарда “Әлімсүре ауылы” атауы берілген қазіргі қарашаңырағымыз болып табылады.

Жасқайратта алғаш жетіжылдық мектеп ашқан белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтің әкесі Нұрмақ Жүнісов болған екен. Белгілі жазушы, драматург Сәкен Жүнісов бірінші сыныпты осы Жасқайрат ауылында оқыған. Бұл жөнінде ауылымыздың тумасы, жазушы Сәруар Қамаеваның деректерінде кездеседі.

Жасқайрат мектебі ауылмен бірге бой көтеріп, 1937 жылы ашылған. Мектептің ашылуына бірден-бір себепкер Нұрмақ Жүнісовтің халықтың көзін ашуға ықпалы өте зор болған. “Осы жерден мектеп ашайық!” – деп ол халықты жинап, үгіт-насихат жүргізіп, көш бастаған. Ол кезде оңайлықпен ашыла қоймайтын жетіжылдық ауыл мектебін 1939-1940 жылдары Нұрмақ Жүнісов басқарған.

Қазіргі Ақмола облысының Атбасар ауданында 1898 жылы дүниеге келген Нұрмақ ағамыз осы төңіректе Қызылту аудандық Ұялы (“Маленков” ұжымшары), Кішкенекөл, Ленин, Чапай (Папанин), Жасқайрат сынды бірнеше ауылда мектеп салдырып, жанынан интернат үйлерін ашуға ұйытқы болған. Талай жетімді сол интернатқа орналастырып, киім-кешегіне, оқу-құралдарына қарасқан. Нұрмақ Жүнісов еңбек жолын қатардағы мұғалімнен бастап, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісіне дейін көтерілген. Ол 26 жылға жуық оқу-ағарту саласында еңбек етіп, оның өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан, көпшілікке сыйлы азамат болған.

Өз қолымен 38 жасында жазылған қысқаша мынадай бір өмір-баяны мұрағатта сақтаулы. “Туған жерім – Атбасар ауданы – 16-ая. Атым – Нұрмақ. Әкем – Жүніс. Әкемнің бар ғұмыры жалшылықпен өткен адам. Он алты жасымда әкем Жүніс дүниеден өтті. Ал өзім 1920 жылы Атбасар қаласында алты айлық оқытушылар даярлайтын курста оқыдым. 1921 жылы ауылдық мектепте оқытушы болдым. 1932 жылы Қарағанды облысы Қызылжар қаласындағы қазақ педагогикалық училищесінде он айлық курсты тамамдадым. Сол жылдары облыстық кеңестің жолдамасымен Қызылағаш ауданындағы орталау мектепте V, VI, VII сыныптарда ана тілі, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ бердім… Түрлі қоғам жұмыстарынан ескерусіз қалғаным жоқ. 1935 жылдан ауылдық кеңестерде қосымша жұмыс істедім. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданы Кішкенекөл орта мектебінің оқытушысы – Нұрмақ Жүнісов”. (19.09.1936 жыл).

Нұрмақ ағамыздың үш інісі болған. Аймағанбет, Әсен және атасының бауырына басқан Қабыл Қасенов. Олардың барлығы да майдан даласынан қайтып оралмай, хабарсыз кеткен. Осылайша, Нұрмақтың отбасы да – соғыстан зардап шеккендердің бірі. Бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнаған Нұрмақ ағамыздың зайыбы Мағрипа әнші болған, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан.

Мағрипа апамыз Сәкенге жүкті болған кезінде әжесі оны Көкше өңіріндегі аузы дуалы Сағы­най­ деген молдаға апарған екен. Ақсақал салған жерден: “Ер бала көрейін деп отыр екенсің. Бұл тегін бала емес, талайды аузына қарататын азамат немесе ұшқан құс пен жүгірген аңның тілін білетін ғалым болар. Ныспысын Нығмет қой”, – депті.

Нұрмақтың әулетіндегі тұң­ғыш тізгін ұстар Сәкен туғанда ұлан-асыр шілдехана жасап, халық болашақ ақынның есімін қоюға асығады. Ол кезде Сәкен Сейфуллиннің тұлғасы да, туындысы да дүрілдеп тұр­ған­ кез. Тойдағы көпшіліктің түрлі ұсы­ныс­тар­ынан соң, ақын болсын, ғалым болсын деген ниетпен жаңа туған нәрестеге Сәкеннің есімі беріледі. Сағынайдың сөзінен гөрі, шілдеханаға жиылған халықтың тілегі қабыл болып, Сәкен Жүнісовке – Сәкен Сейфуллиннің есімі осылайша қойылады.

Алайда, Сәкен Жүнісовтің азан шақырып қойған аты­ – Нығмет. Оның есімінің өзгеруіне әкесі Нұрмақтың да себі тисе керек. Сәкен Жүнісов ағамыздың туған жылы Сәкен Сейфуллиннің қырық жасқа толу мерейтойымен тұспа-тұс келген екен. Осыны ескерген көзі ашық, көкірегі ояу, ұстаздық жолда қызмет етіп жүрген Нұрмақ Жүнісов баласының Сәкен Сейфуллиндей талант иесі болуын тілеп, сәбиінің есімін Сәкен деп өзгертіпті.

Иә, әке үміті толығымен ақталғандай. Сәкен Жүнісов ешкімге ұқсамайтын қайталанбас тұлғасымен, зор талантымен, ерен шығармашылығымен елінің еркесі, халқының серкесі атанды. Ел-жұртына кеңінен танылып, халқының біртуар жазушысы болды. Ол 1934 жылы 11 ақпанда Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысының Қызылту ауданындағы Кішкенекөл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін тамамдағаннан кейін еңбек жолын “Пионер” (қазіргі “Ақ желкен”) журналында әдеби қызметкер болып бастаған. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, КСРО әдеби қоры қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін абыройлы атқарды.

Майталман жазушының шығармалары үнемі халықтың жүрегінен ерекше орын алып, сарқылмас қазынасына айналған. Ұлттық дүниетанымды шынайы тұрғыдан берудің үлгісін жазушы Сәкен Жүнісов прозалық шығармалары арқылы айқын танытқан. Жазушы “Сонарда”, “Әжем мен емші және дәрігер”, “Кімнің мекені жақсы”, “Сақау бәтеңке”, “Алдыңғы вагон” атты балаларға арналған туындыларына бүгінгі өмір тынысын шыншыл да сыршылдықпен өзек еткен.

Сәкен Жүнісовтің әкесі Нұрмақ ағамыз алпысқа қараған шағында, 1958 жылы дүниеден озды. Оның артында ұлағатты істері, бүгінде өмірде өз орындарын тапқан ұл-қыздары қалды.

Бибінұр ЖАНАТҚЫЗЫ,

Жасқайрат негізгі мектебінің

кітапханашысы.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp