Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мәжіліс залында “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдердің бірыңғай ұйымы “Этно Fashion” фестивалін өткізді. Оған мектеп оқушылары мен студент жастар қатысты.
Фестиваль барысында Мемлекеттік рәміздер кез келген елдің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі екендігі айтылып, олардың қабылдану тарихынан қысқаша мәлімет берілді.
Фестиваль шығармашылық мамандық өкілдерінің бір-бірімен мәдени қарым-қатынасын қалыптастырып, жастардың зияткерлік деңгейлерін кеңейтуді, еліміздің тарихы мен этнографиясына қызығушылықтарын арттыруды көздеді. Шара барысында облыс жастарын бір шаңырақ астына біріктіруді мақсат етумен бірге олардың өз мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрі мен тұрмысын білуі насихатталды.
Аталмыш фестивальда “Томирис” балалар сән театры мен “Хикаят” сән үйі өкілдерінің өздері дайындаған киім үлгілері ұсынылды. Шараға қатысқан шығармашылық ұйымдар әр халықтың ежелгі ұлттық киім үлгілерін бүгінгі күнге лайықтап тігуге және жаңа өң беруге тырысқандығы көрермендердің қошеметтерінен аңғарылды.
Әр этностық үлгідегі киім жиынтықтарының көрсетілімі әнмен әрленіп, күймен көмкерілді.
– Бұл сипаттағы фестиваль облыста алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта өзінің жалғасын тауып, өңіріміздің дәстүрлі түрде өткізілетін шараларының біріне айналады деген ойдамыз, – дейді “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдердің бірыңғай ұйымының басшысы Рүстем Есенбергенов.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.