«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҚ ТАРИХ ТІЛГЕ ТИЕК БОЛДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың төрағалығымен Ұлттық тарихты зерделеу мәселелерін үйлестіру жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Онда тарихи ғылыми-зерттеу материалдарын жинау мен жүйелеуді ұйымдастыру, ұлттық тарихты оқытуға жаңаша көзқарас, Солтүстік Қазақстан облысының 2014-2016 жылдарға арналған өңірлік өлкетану бағдарламасын талқылау мәселелері қаралды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Фархад Қуанғанов облыста өңірдің ұлттық тарихын зерделеуге байланысты заман талабына сай ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқандығын, оған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ғалымдары, оқытушылары мен студенттері, тарихи-өлкетану мұражайларының, кітапханалардың, мұрағаттардың, соңғы жылдары жемісті еңбек етіп жүрген “Асыл мұра” орталығының қызметкерлері, білім беру мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары тартылып отырғандығын атап айтты.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оңдасын Әшімов Солтүстік Қазақстан облысы туралы тарихи ғылыми-зерттеу материалдарын жинау мен жүйелеуді ұйымдастыру жағдайын баяндай келіп, “Заман таспасы” Интернет жобасына арнайы тоқталды, оны насихаттау және қаржыландыру мәселелерін алға тартты.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова ұлттық тарихты оқытуға жаңаша көзқарас туралы баяндады, келесі оқу жылында тарихымызды жаңаша зерделейтін оқулықтар пайдаланыла бастайтындығын сөз етті.

Мәдениет, мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаев Солтүстік Қазақстан облысының 2014-2016 жылдарға арналған өңірлік өлкетану бағдарламасын қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына ұсынды.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушысы Анатолий Плешаков, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев, Ішкі саясат басқармасының басшысы Салауат Мұқсимов, БАҚ өкілдері көтеріліп отырған мәселелерге байланысты өз ойларын ортаға салды.

Фархад Шаймұратұлы Өңірлік өлкетану бағдарламасын отырыста көтерілген ұсыныстармен толықтырып, оны жыл соңына дейін бекітуге ұсынуды Мәдениет, мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаевқа тапсырды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp