“Газет-журнал оқысаң, көзіңді қазақ ашасың,
Дүние халін білмесең, ілгері қалай басасың?
Білгіштердің соңынан шұбырып біз де ерелік,
Газеттің сөзі – ертегі, ерігіп жазған демелік”– деп өз заманында алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатов халыққа асыл сөзін арнаған екен.
Одан бері де қаншама жылдар өтті, бірақ ақынның асқақ ойларының мәні мен маңызы кеміген жоқ. Газет әрдайым ұлттың рухын көтеріп, халқымыздың намысын қайраған, жақсылыққа үндеген мақсат-мүддесінен айнымай келеді. Бірақ бүгінгі күні бізді алаңдататын басқа мәселе. Бұрынғыдай әріп танымайтын, жазусызуды білмейтін сауатсыз адамдар жоқ. Соның өзінде газет, кітап оқымайтындар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келе жатқаны жасырын емес. Әсіресе, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған қазағынан қонағы басым біздің өңірде тектіліктің тамыры үзіліп, қазақы қалпымыздан ажырар болсақ, онда болашағымыз бұлыңғыр. Рухани дүниесі кедей ұрпақ елдің сөзін сөйлемейді. Ал “Soltústіk Qazaqstan” газеті – ұлттың ар-намысы, халықтың қолдаушысы, төл дүниелеріміздің насихатшысы. Алдағы күндері қазақ тілді басылымның таралымы азаяр болса, бұл біздің тілімізге, ділімізге зардабын тигізеді.
Қағазға жазылған дүние терең ой, тағылымды пікір, тәлімді тәрбиенің қайнар көзі емес пе?! Басылым беттеріндегі алтыннан да ардақты сөзді бүгінгі ұрпақ жадында түйіп, санасына сіңіріп, жүрегінің төріне қондырып өссе, ертеңгі күні елім деп еміреніп, жерім деп жанын бермей ме?! Бізді алаңдатып отырған бұл мәселені халық болып жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілігімізді танытып шешу қажеттігін жүрген жерімізде айтудан бір жалықпаймыз. Сондықтан да мерзімді баспасөзге жазылу науқаны басталысымен “Soltústіk Qazaqstan” газетінің тілшілері де ат үстіне қонып, ауыл-ауылды аралап, осыны көпшілікке ұғындыруға тырысуда.
Жақында Шал ақын ауданына жолымыз түсті. Қаламының ұшынан небір асыл дүниелер туған Евней Букетов, Ғалым Малдыбаев, Жарасбай Нұрқанов сынды ағаларымыздың ел-жұрты – біз үшін де қадірлі. Осы орайда Ғалым Малдыбаевтың мына бір өлең жолдары тіліміздің ұшына оралып тұр:
“Кедей сөзі” кедей сөзін жырлайды,
“Кедей сөзі” кедей мұңын тыңдайды.
“Кедей сөзін” алдырыңдар, кедейлер,
Көздің жасы сонда сенің құрғайды”. Ақынның бұл жыр жолдары “Soltústіk Qazaqstan” газеті “Кедей сөзі” деген атпен жарық көрген сонау 1921 жылы жарияланған екен. Осы елдің ұланы жерлестеріне газетке жазылуды үндеп, жол сілтеп кеткені бүгінгі ұрпағы үшін де аманат. Сондықтан осы ауданның жұртшылығы үшін ғасырға жуық жолдан өтіп, бүгінгі күннің биігіне жеткен “Soltústіk Qazaqstan” газетінің қадірі зор екеніне күмәніміз жоқ.
Ең алдымен ат басын үлкен жолдың бойындағы Бірлік ауылына бұрдық. Ежелден түтіні түзу ұшқан бұл елді мекен тәуелсіздіктің елең-алаң шағында да тұрмысын әлсіретпей, іргесін сөкпей, бүгінгі күнге бәз-баяғы күйінде жеткен екен. Ауыл азаматтарының дені “Агро-Север”, “Бірлік-Астық” серіктестіктерінде еңбек етіп, отбасын асырап жүр. Қазақ ежелден малмен күнелткен халық қой. Бұл ауылдың да өрістегі малы азайған күні жоқ. Қазіргі таңда 90-ға тарта шаңырақтың мекеніне айналған Бірлік ауылының тұрғындары қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – “Soltústіk Qazaqstan” газетінің өкілдерімен кездесу үшін жергілікті мектепке жиналыпты. Жиында “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов аға-апаларымыз сауатын ашып, әр қазақ төрінен орын берген басылымның әлі де сөзі салмақты екенін айтты. Талғамы терең оқырманның талап үдесінен шығу үшін бүгінгі күні “Тағылым”, жас ұрпаққа арналған “Жас қыран”, отбасы мәселелерін қозғайтын “Шаңырақ” қосымшалары және “Денсаулық” беті, “Туған жер”, “Тарих және таным”, “Бір әннің тарихы”, “Ахуалың қалай, ауыл?”, “Оқырманның жүрек сыры” айдарлары көпшіліктен оң бағасын алып жүр. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап “Тікелей байланыс”, “Бізде қонақта”, “Қазақ топырағынан түлеп ұшқан тұлғалар” секілді жаңа айдарлар да жұртшылықтың көңілінен шығатынына сеніміміз зор.
Ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев “Алты алаштың басы қосылғанда – төрдегі орын ұстаздікі”, деп айтты емес пе?! Ол мұғалім беделінің қай кезде де жоғары екенін меңзеп тұрғаны анық. Әркез қоғамның беткеұстары, жас ұрпақтың жолсілтеушісі – мұғалім өзінің ақыл-парасатымен, терең ойлы тағылымымен жұртты соңына ертеді. Сондықтан газет, ең алдымен, ұстаздардың қолында жүруі керек. Олардан өзгелер де өнеге алып, бой түзейді.
Қай ауылға барсақ та, оқырмандар алдында жүзіміз ашық, арымыз таза. Өйткені, газет сонау Алаштың асыл перзенттері Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, одан кейінгі жылдары Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов, Диқан Әбілев, Әбділда Тәжібаев, ал бертін Ербол Шәймерденов, тағы да басқа тұлғалар еңбек еткен тұста да халықтың сөзін сөйлеп, ұлттың намысын қамшылаудан жалыққан емес. Мұны көзі қарақты оқырман да жоққа шығармайды. Бірлік ауылының тұрғыны Берік Сыздықов бала күннен бері газеттен қол үзбей келе жатқанын жеткізді.
– Әкем Жарасбай ауылда пошта тасушы болды. Бұрынғы “Ленин туы”, “Соцалистік Қазақстан” газеттерін, “Мәдениет және тұрмыс”, “Жұлдыз”, тағы басқа журналдарды аудан орталығынан үлкен сөмкесін толтырып, алып келетін. Ал біз уақыт оздырмай, газет-журналдарды екі көзі төрт болып тосып отырған тұрақты оқырмандарға жеткізіп беру үшін бөліп алып, үй-үйді аралап, таратып шығушы едік. Ауыл тұрғындары газет-журналдарды көзінің қарашығындай сақтап, әрбір санын жинайтын. Ал басылымның жаңа саны қолына тимей қалса, құнды дүниесі жоғалғандай, ренішін білдіріп жататын. Газетке деген құрмет ешқашан да жоғалмауы керек. Өз басым барлық ауыл тұрғындарын “Soltústіk Qazaqstan”-ға жазылуға шақырамын. Жарасбай Қабдоллаұлының сөзі орынды. Өзіміз кейінгі толқынға үлгі көрсетпесек, ертең қазақы тәрбиенің тамыры үзіліп, опық жеп қаламыз, – деп ауылдастарына ой салып, жастарға жанашырлық сөзін айтты ол.
Бірлікпен іргелес қонған Кеңес ауылы да бір орда. Бұл елді мекенге бұған дейін де талай рет табанымыз тиген. Тұрғындары ежелден еңбекқор, ауызбіршіліктің арқасында ырыс-берекесі ортаймаған, қазақы қалпынан ажырамаған, өзгелерге өнеге бола алатын ауылға бұл жолы да арнайы келдік. Өйткені, мұнда да тұрақты оқырмандарымыз аз емес екенін жақсы білеміз. Кеңес орта мектебінің бұрынғы директоры, ардагер ұстаз Балапан Базарбекова мұғалімдердің “Soltústіk Qazaqstan”-ға жазылуды әдетке айналдырғанын айтып, қуантып тастады.
– Биылғы облыстық тамыз кеңесіне мен де қатыстым. Облыс әкімінің мұғалімдерді мәжбүрлеуге болмайды, деген сөзін естігенде залда отырғандар қуанғаннан қайта-қайта қол соқты. Газет – халықтың үні. Егер ертеңгі күні облыс көлемінде тарайтын жалғыз қазақ тілді басылымның оқырманы азаяр болса, оның зияны мен зардабы халқымызға ауыр тиеді. Өйткені, бүгінгі ұрпақтың қолына кітап ұстамайтынын бәріміз де көріп отырмыз. Ұл өсіріп, қыз жеткізіп отырған әрбір отбасы ешкім мәжбүрлемей-ақ газетке жазылуы тиіс. Халқымызда “Бейқамның жауы қасында” деген тамаша тәмсіл бар. Тәуелсіздіктің көк туы көгімізге көтерілгеніне 27 жыл толады. Бірақ әлі күнге дейін жайбасарлықтан арыла алмай келеміз. Бойымызда ұлтқа, тілге деген жанашырлық кемшін, – деді ол.
Интернеттің өскелең ұрпақтың сана-сезімін ақсатып, ой-өрісін тұсаулап, тіпті, денсаулығына нұқсан келтіріп отырғанын көріп отырмыз. Бірақ оны ойлап жатқандар кемде-кем. Бесіктен белі шықпай жатып ұялы телефонды жастанып жататын, тіпті, күнұзаққа қолынан тастамайтын алакөңіл жастардың тәрбиесіне алдымен ата-ана, ұстаздар жауапты. Бұрын ата-бабаларымыз сөздің құнын түсінетін ұрпақ тәрбиелеу үшін батырлар жырларын, әдеби шығармаларды, газет-журналдарды бірінші сыныпқа енді барған немересін тізесіне отырғызып қойып, ежіктетіп оқытушы еді. Олардың жолын жалғайтын азаматтардың азайғанын көріп, жүрегіміз ауырады. Сондықтан ауыл тұрғындарына осы мәселені айтып, дабыл қағып жатқанымыз бекер емес.
Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Шәкенов ауылдарда өткен кездесулерде елінен, жерінен тамырын үзгісі келмейтін, ұлтының намысын ойлайтын адам, ең алдымен, ““Soltústіk Qazaqstan” газетін оқуы тиіс екенін айтумен болды.
– Алпысты алқымдап, жетпістің төріне шыққан азаматтардың арасында аталы сөз айта алатындар азайған. Газеттегі асыл дүниелерді жадына тоқымайтын аға-апаларымыздың бар екенін көзіміз көріп, көңіліміз ортаяды. Тіпті, баталы жиындарда қайта-қайта телефонына қарап, тағат тауып отыра алмайтын жеңгелеріміз жастарға қандай үлгі бере алады. Бүгінгі сана-сезімнің төмендегенін көріп отырмыз. Мен Шал ақын ауданының тумасымын, осы жерде өсіп-өндік. Сондықтан да жерлестерімнің жұрттан озғанын қалаймын. Жанашырлық сөзімді айтамын, – деп шырылдады ол. Шынымен де, талай ұрпақты тәрбиелеп, сауатын ашқан бұл басылым алдағы уақытта да өз жолынан таймай, халыққа қалтқысыз қызмет ететін болады.
Аудан орталығы Сергеевка қаласында, Жаңажол, Ысқақ Ыбыраев ауылдарында өткен жиындарда да ұлттың намысын қамшылайтын ұтқыр сөз, ұтымды ой айтылды. Біздің ұстаздар қауымынан қолдау күтуіміз тегін емес. Өйткені, газет ұлттың мақсат-мұратын арқалап жүр. Үзбей беріліп жатқан танымдық-тағылымдық материалдар тәлімгерлердің ой қазынасын байыта түсері сөзсіз.
Түріктің, кәрістің, басқа да елдердің ешқандай тәрбиелік мәні жоқ телесериалдары қаншама адамның санасын улап, жүйкесін жұқартып жатқанын да жүрген жерімізде айтудан бір жалықпаймыз. Күні бойы теледидардың алдында отырып, түк пайдасы жоқ фильмдерге көз сүзетіндер аз емес. Есесіне кітап пен газетті оқыса, жан дүниесі байып, көңіл көкжиегі кеңейе түспей ме?!
Қаратал ауылының тұрғыны, осындағы орта мектептің ұстазы Орынбай Сексенов өңірдегі жалғыз қазақ газетінің таралымы кеміп қалатын болса, бұл бүкіл қазақ үшін сын екенін айтты. “Ата-бабалардан қалған ұлан-байтақ жердің иесіміз деп кеуде қағамыз. Ал бірлігімізді іспен дәлелдейтін шақта бұғып қаламыз. “Мен қазақпын” деп жүрген әрбір азамат газет оқып, кітапты сүюді ең алдымен, өзінен бастағаны жөн”, – деп ағынан жарылды ол. Сөзінің бұрысы жоқ. Ол ауылдастарының “Soltústіk Qazaqstan” газетіне жазылуына өзі бас-көз болатынын айтып, бізге уәде беріп қалды. Әрбір ауылда Орынбай Дәрменұлы секілді халқының төл құндылығы – газетті анасындай ардақтап, әкесіндей құрметтейтін терең ойлы азаматтар бар екенін көргенде төбеміз көкке жеткендей болады.
Шал ақын ауданының тұрғыны, руханияттың шын жанашыры Талғат Теменов жайлы да айтпай кете алмаймыз. Екі күннің бірінде редакцияға телефон шалып, қазақ тілді басылымның абыройын ойлап, қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап жүргенін нағыз азаматқа тән қасиет деп бағалаған жөн.
– Газет өңір өмірін, жергілікті биліктің жұмысын, Мемлекет басшысының сындарлы саясатын халыққа түсіндіріп, жылт еткен жақсылықтарды сүйіншілеуден жалықпайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізді татулыққа үндеп, береке-бірлігімізді баянды етуге шақырып, ұлт сөзін сөйлеп келе жатқан “Soltústіk Qazaqstan” секілді қазақ газеттерінің таралымы азайып, оқырманы жоғалса, олардың орнын басқа тілде шығатын басылымдар басады емес пе?! Ертең ол газеттерге біздің асыл құндылықтарымыздың көк тиынға да керегі болмайды. Ата-баба тарихы, жастар тәрбиесі, тіл мәселесі – тек төл басылымдар ғана көтеретін тақырып. Сондықтан жергілікті билік басындағы азаматтарды да оқырмандар санының азаюы алаңдатуы қажет. “Soltústіk Qazaqstan” – ежелден қазақтың төл газеті. Осыны ешқашан жадымыздан шығармайық, – дейді Талғат Теменов.
Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді”, – деген екен. Интернет пен телеарнаны шаңына да ілестірмейтін газеттің абыройы асқақ, беделі биік.
“Осынау азат күнімнен,
Дінімнен, ана тілімнен,
Айырмашы деп тілеймін
Жаратқан жалғыз Алладан”, – деп азат елдің ақындары жырлап жүргендей қазақтың барын бүтіндеп, жоғын түгендеуден әсте бір тынбайтын “Soltústіk Qazaqstan” газетінің жанашырлары, оқырмандары барда ғұмыры әлі талай жылдарға жалғасатын болады. Біз оған кәміл сенеміз.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.