«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТТЫҢ ҮНІ

Қазақстанда ресми тіркелген 5834 бұқаралық ақпарат құралы бар. Соның басым бөлігі, яғни 3991-і – баспа басылымдары. Кейінгі жылдары оқырман үшін күресте жаңа медиамен бәсекеге шыдай алмаған ондаған газет жабылып қалғаны белгілі. Кейбірі қағаз нұсқасынан бас тартып, интернетке көшкенімен, халық арасында бұрынғыдай танымал емес. Адам баласының назары жаппай әлеуметтік желіге ауған қазіргі заман қиындықтарына қарамастан ақ қағазға басылған ақпарат әлі де өз құнын жоя қойған жоқ.

Бұл сөзімізге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде тіркелген 2215 газет пен 1776 журналдың оқырман қолынан табылып, таралымы азайса да, жұмысын тоқтатпай отырғаны дәлел. Сөз арасында 218 телеарна, 90 радио және 1239 интернет портал жұмыс істеп тұрғанын айта кетейік. Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының 37 пайызы қазақ тілінде хабар таратады екен.

Өткен жылдың жазында журналистермен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысқанын, бұл салаға ағартушылық сипат бергенін атап өтіп, аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет екеніне тоқталған болатын. «Біз ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтамыз. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысты. Олар бұл салаға ағартушылық сипат берді. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет. Ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі», – деген Президент газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиістігін, осы сабақтастықты сақтап қалу керектігін айтқан болатын. Себебі бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр. Бүгінде әлемде миллиондаған тиражбен шығып жатқан газеттер бар.

Өкінішке қарай, қазір ақпарат айдыны дәстүрлі медиа және жаңа медиа деп екіге айырылды. Еркін ойдың алаңы саналатын әлеуметтік желі – дәстүрлі БАҚ-тың басты бәсекелесі. Ғаламтор дамыған сайын дәстүрлі баспасөздің келешегіне күмәнмен қарайтындар төбе көрсетуде. Десек те, мерзімді басылымның өзіндік алар орны орасан екенін мойындау керек. Шынайы ақпарат, журналистік зерттеу, салмақты сараптама – сәт сайын жаңаратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдықтар.

Қазақстандағы газеттер таралатын аумағына байланысты аудандық, облыстық, республикалық деп жіктеледі. Халықаралық деген атауға ие бірнеше басылым бар. Ең көбі – аудандық газеттер. 188 аудан мен 89 қаланың әрқайсысында кем дегенде екі газеттен (қазақ және орыс тілдерінде) жарық көреді, оңтүстік өңірлерде өзбек және ұйғыр тілдерінде де шығады. 17 облыс пен республикалық маңызға ие үш қала да өз басылымдарына ие. Өңірлер арасында таралым жағынан қазағы қалың Түркістан облысының «Oñtüstık Qazaqstan» газеті көш бастап тұр. 2025 жылғы тиражы 32 мың, Қызылорданың «Сыр бойы» газеті 23 мың таралыммен шығып жатыр. Өкінішке қарай, кейбір өңірлердегі қазақ газеттерінің жағдайы мәз емес. Қос мегаполис – Астана мен Алматының ресми басылымдары 5 мың ғана, Қарағандыда тиражы 4 мың. Екі-үш мыңға дейін түсіп кеткендері де бар.

«Soltüstık Qazaqstan» газеті сонау 1920 жылдың ақпанынан бері Алаш қайраткерлері айқындап берген бағыттан бір таймастан жарық көріп келеді. Саясат мың өзгеріп, билік жүз құбылғанымен, оқырманға деген адалдығынан айныған жоқ. Қылышынан қан тамған қызылдардың заманынан да аман өтті. Саяси қуған-сүргін мен соғысты да бастан кешірді. Соғыс демекші, атақты ағылшын қаламгері Марк Твен «Соғыс басталып кетіп, соңғы қызметкер майданға кеткенше газет шығуын тоқтатпайды» деген екен. 105 жылда газеттің атауы бес рет ауысты, таралымы да талай өзгерді. Мәселен, архивте сақталған тігінділерге көз салатын болсақ (барлық сандары сақталмаған), «Кедей сөзінің» 1920 жылы 5 мың тиражбен шыққаны көрсетілген, ал «Бостандық туының» таралымы 1921 жылғы газетте 7 мың делінген. «Кеңес ауылы» 1928 жылы оқырманның қолына 4500 данамен жетіп тұрған. Өкінішке қарай, қазіргідей талап қойылмағандықтан, таралым туралы деректер көп жағдайда көрсетілмепті. Одан бөлек, сол кездегі түрлі жағдайларға байланысты шығу жиілігі де, оқырмандар саны да біркелкі болмағаны анық.

«Ленин туы» деген атаумен шыққан тұстағы таралым да әр алуан. Соғыс жылдарындағы сандарында тираж туралы мәлімет жоқ. Газет – идеологиялық құрал болғандықтан, соғыстан кейін оны таратуға билік өзі атсалысқаны анық. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы тираж 9 мыңның төңірегінде.

Ал Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардағы экономикалық тоқырау басылымға ауыр тигенін таралымының күрт төмендеп кеткенінен де көруге болады. Жұрт уақытылы жалақыларын ала алмаған тұста газетті кәсіпорындарға тегін апарып беріп, орнына азық-түлік, киім-кешек алғандарын да аға буынның аузынан талай естідік. 1992 жылы атауы «Солтүстік Қазақстан» деп өзгертілгенін оқырман біледі. 1995 жылы таралымы 3 мыңға дейін құлдыраған, бірақ бұл да шегі емес екен, 2000 жылы 2100 данаға барып тоқтаған.

Жаңа мыңжылдықтың басында ел еңсесін түзеп, экономика ақырындап көтерілді, облыстық газеттің оқырмандары біртіндеп қалыңдай түсті. Мәселен, 2005 жылы 9 мыңнан асса, 2015 жылы 10 мыңдық межені бағындырды. Газет пен оқырманның арасы алшақтап кеткен тағы бір кезең – коронавирус пандемиясына байланысты карантин жарияланған жылдар. Газет оқу былай тұрсын, далаға шығу мұңға айналған еді ғой. Журналистер онлайн жұмыс істеп, газетті үйде отырып шығаруға мәжбүр болды. Сәйкесінше таралым да 4-5 мыңға дейін құлдырады.

Жалпы газет жанашыр жандардың көмегіне мұқтаж. Әсіресе қолында билігі бар азаматтар қолдау көрсетпесе қиын. Солтүстік Қазақстан облысын Тайыр Мансұров басқарған тұста өңіріміздегі қазақ тілді жалғыз газет қамқорлыққа алынып, таралымы күрт көбейген болатын. Одан кейін басылымды ерекше қолдаған әкім – Айдарбек Сапаров. Пандемия кезінде оқырманын жоғалтып алған басылымның тиражын бұрынғы 10 мың дана деңгейіне жеткізуге жәрдемдескен еді. Бес саусақ бірдей емес, облыс басшыларының арасында жергілікті жерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу құралы болып табылатын басылымға қырын қарағандар да бар. Жоғары мінберден «Мұғалімдерді газетке жаздыртуды тоқтатыңдар» дегенді де естігенбіз. Сонда газет-журнал оқымайтын, саяси сауаты төмен мұғалім қалай бала оқытады деп ойлады екен? Жұрт алдында ұпай жинау үшін айтыла салған сол бір ауыз сөздің кесірі аз тиген жоқ. Өңірдің қазіргі әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өткен жазда редакцияға арнайы бас сұғып, қарашаңыраққа барынша қолдау көрсететінін айтып кетті. Бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов те баспасөзге жазылу ісіне бір кісідей атсалысып келеді. Көптің көмегімен 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы басылымның таралымы – 8919 дана.

Газет қызметкерлерінің қажырлы еңбегі елеусіз емес, 105 жылдық тарихына көз жүгіртетін болсақ екі рет жоғары марапатқа ие болған екен. 1970 жылы КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының шешімімен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталса, 2023 жылы ұжымға Қазақстан Республикасы Президентінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы жарияланды.

Уақыт алға жылжыған сайын газеттің тиражы ғана емес, мазмұны мен безендірілуі де, шығу жиілігі де өзгеріске ұшырап отыруы – заңдылық. Бірақ қандай қиын қыстау кезеңде де ұлағатшыл үрдісінен, мемлекетшіл мінезінен таймаған басылым ары қарай да Қызылжар өңірінің рухани ордасы болып қала береді.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

«Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp