«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ МІНЕЗДЕН

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден” деген сөзі дәлелдеуді қажет етпейді. Арамызда білімділер де, сол білімі арқылы биліктің ұшар басына көтерілгендер де баршылық, бірақ бәрі бірдей ұлты үшін еңбек етіп жүр деп айта алмаймыз. Қос тізгінді қатар ұстаған санаулылардың қатарына руханият жанашыры Қуат Есімхановты қосуға болады.

Қазақ халқының жоғын жоқтап, барын түгендеп жүргендердің бірі. Қанішер Ермактың ескерткішін құлатқандығымен де ел есінде қалған ұлтжанды азаматпен жақында жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті. Екі мыңыншы жылдардың басында Қызылжар өңірінде лауазымды қызмет атқарған ол теріскей облыс руханиятының дамуына да өзіндік үлесін қосқаны белгілі. Сұхбатымыз азаматтық ұстаным, адалдық деген тақырыптардан басталды.

– Мен 1989 жылы Ермак қаласы горкомының бірінші хатшысы болып сайландым. Бұл қалада бұрын ешқашан бірінші хатшы қазақ болған емес. Сайланғаннан кейін мені құттықтауға бір топ ақсақал келді. Арасында Жоғарғы Кеңесте Төралқа хатшысы болған Хатиб Демесінов деген ағамыз да бар еді. Ол кісі маған қарап тұрып: “Өмірдегі ең үлкен атақтың не екенін сен әлі білмейсің ғой, Қуатжан. Есіңнен шығарма, ол орден де, медаль да емес. Адам үшін, жеке басың үшін зейнетке шыққаннан кейін қызмет істеген жеріңе келіп, халықтың бетіне тура қарап жүре алсаң, кез келген адаммен ұялмай сөйлесе алсаң, кез келген үйге именбей кіре алсаң, міне, ең үлкен атақ осы”, – деді. Сол кезде 37 жаста ғана екенмін, осы сөз көкейімде мәңгілікке сақталып қалды.

– Кезінде қызмет еткен Қызылжарға жиі келіп тұратын көрінесіз. Өзіңіз айтқандай, жұрттың бетіне ұялмай қарап, именбей жүре аласыз ба?

– Бұл шаһарға 2000 жылдың басында облыс әкімінің орынбасары болып келдім. Алғашында аздап жатырқағаным рас. Себебі, Қызылжардан үш-ақ кісіні, яғни Жақсылық Ысқақов, Құдайберген Қалиев және Қанат Дүйсембаев деген азаматтарды ғана танитынмын. Кейін осы өңірдің төл баласындай болып сіңісіп кеттім. Бала кезден қалыптасқан тура сөйлейтін мінезім бар. Біреуге жағар, біреуге жақпас, бірақ өтірік айтуды ұнатпаймын және сол ұстанымнан әлі күнге дейін айныған емеспін. Осы қасиетімнің арқасы болар, халық алдында бетім ақ, жүзім жарқын. Ешкімнен ұялмай, бетіне тура қарай аламын.

Аздаған абыройым болса, оның өзі сол кездегі атқарған жұмысқа берілген баға ғой. Бірақ істеген істерімді ешқашан міндетсіген жан емеспін, ол азаматтық парызым деп қана білемін. Алғашында маған жүктелген міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысу. Жол салу, құрылыс жағдайы, абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру да менің мойнымда болды. Дегенмен, тікелей маған қатысы болмаса да өнерге жақындығым руханият саласына еріксіз араластырды. Әжем марқұм аңыз бен ертегіні көп білетін, Естай ақынды көрген, әнін тыңдаған кісі еді. Мені болашақта әнші болсын деген болуы керек, 6 жасымда домбыра, 11-ге толғанда гармонь сатып әперді. Осылайша, мен өнерге өзім қатарлы басшылардан біртабан жақындау едім. Екінші мыңжылдықтың басы – Қызылжар руханияты айтулы оқиғаларға толы болды. Қазақ театры ашылып, репертуарын кеңейту, гастрольдік сапарларға шығару төңірегіндегі мәселелерді сол кездегі әкім Қажымұрат Нағыманов маған жүктеді. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің ғасырлық тойлары тойланды. Жұмыс ауқымы бір облыспен шектеліп қалған жоқ. Көрші жатқан Омбы шаһарына Шоқанның ескерткішін қоюға, Мағжан оқыған училищені тауып алып, қабырғасына белгі орнатуға атсалыстық. Солақай саясат есімдерін атауға тыйым салған осы өңірдің танымал тұлғалары әрі би, әрі сұлтан Есеней мен Мүсірептің басына тас қойдық. Азды-көпті атқарған істеріміздің қысқаша жай-жапсары осы.

– Қазіргі Қызылжардың басты ордасы – Абылайдың Ақ үйі төңірегіндегі мәселе сол 2000 жылдың басында көтерілгені белгілі. Ел аузындағы аңызды ақиқатқа айналдыру қаншалықты қиын болды?

– Халық ат қоюға мықты ғой. Осындағы көне ғимаратты көпшілік Ақ үй атап кеткен екен. Жалпы ел басшыларының, хандардың резиденциялары көптеген қалада салынған. Оны аса бір құндылық деп санамауға да болар. Бұрын да бұл мәселемен айналысқан, зерттеген адамдар болған екен. Біздің көздегеніміз басқа еді. Ханның резиденциясы салынған уақыт 1765-1766 жылдарға сай келеді, демек, ол кезде Петропавл қала емес, бекініс қызметін атқарған. Демек, қала құрылғанға дейін мұнда ханның ордасы орналасқанын дәлелдеу арқылы шаһардың атауын өзгертуді, тарихи шындықты қайтаруды көздедік.

Журналист Жақсыбай Самрат бастаған жігіттерді Омбыдағы архивке жібердім. Бюджеттің түбі тесік, мұндай сапарларға бір тиын да берілмейді. Соған қарамастан қаржы тауып беріп, екеуін Петерборға аттандырдым. Екі сапар да сәтсіз аяқталды, бізге қажет құжаттар табылмады. 2003 жылы Мәскеуге бардым, ескі таныстарымды араға салып, сыртқы істер министрлігінің астындағы архивке кірудің жолын таптым. Оны қалай істегенімді қазір айтып жатпаймын, бірақ журналист бауырым жазғандай, ол барып өтініш жаза салып, қолына барлық құжаттарды қуана-қуана әкеліп бере салған жоқ. 1991 жылы одақ тараған кезде оның құрамында болған елдерге қатысты барлық құжаттар бір жерде жатыр. Оған қол жеткізу өте қиын. Егер оңай болса, Кенесарының басын неге әлі күнге дейін ала алмай жүрміз? Абылайға қатысты үш папканың қолымызға тиюіне қазір Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі болып жүрген, Манаш Қозыбаевтың шәкірті Қалыбек Қобыландин деген жігіттің көп көмегі тиді. Кейін табылған құжаттарды алып, Мәдениет министрлігіне, Мемлекеттік хатшыға барып, қалай дәлелдегенімді тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. 2004 жылы мен қызметтен кеттім де істі аяқтай алмай қалдым, бірақ кейін облыс басшылығына келген азаматтар бұл істі соңына дейін жеткізді.

Анау Ақ үй тұрған үлкен көшені Абылай ханның атымен атасақ деп ойлап едім. Ал түпкі мақсат – Қызылжардың атауын қайтару. Мен мұны алғаш рет ашық айтып отырмын. Себебі, архив ақтарғандағы негізгі көздегеніміз осы болатын. Бүгінде құжаттарды мен тауып едім, мән дәлелдеп едім деп жар салып жүргендер бар. Сол жағы сәл көңілге қаяу салады.

– Ел болып таба алмай жүрген Кенесарының басын іздеп көрген жоқсыз ба? Абылайдың Ақ үйінің құжаттарын тапқан адам батырдың басын да табар?

– Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбек және Төлен Әбдік ағаларыммен әңгіме барысында қалжыңдап айтқаным бар: “Маған тапсырма беріңдер, батырдың басын тауып берейін” деп. Бірақ бұл жерде саясат араласып кеткен сыңайлы. Кенесары орыспен соғысқан кісі, қазақтың рухын қайраған батыр, қазір де рухтандыра алады. Мәселе осыда ма деп ойлаймын. Әйтпесе, батырдың басын табу соншалықты қиын іс емес сияқты.

– Қаланың атауын ауыстыру мәселесін айтып қалдыңыз ғой, бұл істе сіздің тәжірибеңіз бар екенін білеміз. Қанішер Ермактың ескерткішін құлату, қалаға жаңа атау беру ісі қалай істеліп еді? Өзгелер қарсы болады деп үрейленетіндер көп қой, сіз қорыққан жоқсыз ба?

– Бұл іс бір күнде істелмейді. Дайындықпен келу керек. 1991 жылы алдымен “Ермак” кеңшарын құрттық. Осы жылдың күз айында ауданның атын ауыстыру ісі дауысқа салынып, жеңіп шықтық. Сол кезде аудан тұрғындарының 37 пайызы ғана қазақ, қалғаны өзге ұлт өкілдері. Мен бұл жерде аудан туралы айтып тұрмын, ал Ермак қаласында санымыз тіптен аз екені, айтпаса да түсінікті. Дауысқа салғанда бәрі қолын көтере қоймасы тағы анық. Амалын іздестіресің, біреуге қызмет ұсынасың, екіншісіне сыйақы тағайындайсың дегендей. Ұлттық мүдде үшін мұндай қадамдарға бару қылмыс емес. Мен бұл істі жалғыз өзім істедім десем өтірік болар, бірақ ұйымдастырып отырдым, дирижері сияқты болдым.

Кейін Ермак қаласында тұрған ескерткішті құлаттық. Бір түнде тағынан түсірдік десе де болады. Аздаған шу болғаны рас. Бір феррақорытпа зауытында алты мың кісі еңбек етеді. Үш пайызы ғана қазақ. Үлкен күш қой, сондықтан жағдайдың ушығып кетпеуін қадағаладық, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Тарихи дәлелдер таптық, Ермактың кім екені жайлы тарихшы Манаш Қозыбаев мақала жазды, оны орысшаға аудартып, бастырдық. Ермактың өлген жері Ресейдегі Тарск қаласына сыйлық жасап, ескерткіш салып беруге де дайын екенімді айттым. Мұның бәрі аттанмен емес, ақылмен істелетін жұмыстар.

– Қызылжардың тағы бір тұлғасы Қожаберген жыраудың алғашқы шығармалар жинағын басуға да атсалысыпсыз. Биыл туғанына 355 жыл толатын бабамыздың жинағы қалай жарыққа шығып еді?

– Қожаберген жырауды алғаш зерттеушілердің бірі ретінде ғылым докторы Шаймұрат Смағұлов деген азаматты айтуға болады. Ол кісі ауданда бірінші хатшы қызметін атқарды, депутат та болды. Қожабергеннің есімін ұлықтауға еңбек сіңірген екінші адам – осында университет басқарған Ғалым Мұтанов. Екеуі Қожаберген туралы алғашқы конференцияны ұйымдастырды. Манаш Қозыбаев бастаған тарихшыларды шақырып, алқалы жиын өткізді. Қаратай Биғожиннің де еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Арнайы шақыртып алып, қаладан бір бөлмелі үй де бердік. Қосыл Омаров, Ғалым Қадыралин, Қайролла Мұқанов ағаларым да көп еңбек сіңірді. Осы азаматтардың құрастыруымен алғашқы шығармалар жинағын бастық. Кейін батыр бабамыздың басын көтеруді ұйғардық. Мәселе тағы қаржыға келіп тірелді. Қанат Дүйсембаев деген қолы ашық кәсіпкер қаржы бөліп, кесенесін тұрғызған едік. Осы азаматтың еңбегін де ұмытпауымыз керек. Ашылуына Тұрсынбек Кәкішев бастаған ғалымдар келгені, үлкен ас бергеніміз кеше ғана болғандай көз алдымда.

– Батырдың ұрпақтарын жинап, соларға қарап бабамыздың портретін салғызғаныңыз жайлы айта отырыңызшы.

– Қожаберген 1663 жылы туған ғой. Ол кезден ауызша суреттеген деректерден басқа мәлімет жоқ. Сондықтан осындағы ұрпағынан жиырма шақты адамды жинап алып, Анатолий Бургаев деген суретшіге образын жасатқыздым. Жалпы біз батырлардың суретіне, ескерткіштеріне селқостау қарайтынымыз рас. Кейбір батырларымыздың бірнеше қалада ескерткіші бар, соның әрқайсысы әртүрлі. Бетіне үңілсең, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Астына ат мінгізіп, қолына қылышы мен найзасын ұстата салады. Бұл үлкен қателік. Ескерткіштегі жазуды өшіріп тастап, астына басқа батырдың атын жаза салсаң, ешкім айырмай қалады.

Біз осы қателікті қайталамайық деп жинақ образын жасатып, кейін мерейтойлық медальға сол суретті салғыздық. Ұрпақтары да батырға жүз пайыз ұқсамайды ғой, дегенмен біреуінің құлағы, екіншісінің аузы келуі мүмкін.

– Белгілі журналист Жанболат Аупбаев сізге “Жоқ іздеген жан” деген ат беріп, мақала жазыпты. Сіз іздеусіз қалған қазақтың біртуар тұлғаларының басына 28 ескерткіш қойыпты дейді. Осы рас па?

– Жұрт айтса, өтірік емес шығар. Мұның бәрі бірдей үлкен ескерткіш емес, әрине. Алтауы ескерткіш, он шақтысы зират басына қойылған тас белгі. Мысалы, Кемпірбайдың, Сәбит Дөнентаевтың, Отыншы Әлжановтың және тағы басқа ұлт үшін еңбек еткен, жанын қиған марқұмдардың басын көтеріп, ескерткіш орнаттық. Осы солтүстіктен шыққан Мұрат Айтхожин деген ғалым болған, бір отбасынан бірнеше ғалым шыққан. Сол Мұрат оқыған мектепке ескерткіш тақта орнаттық. Ал Есеней мен Мүсірептің зираты жайлы жоғарыда айттым.

“Ой да көп, уайым да көп, ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең” деген қазақта сөз бар. Бүгінде ұлттық ұғымнан рулық деңгейге қайта түсіп барамыз. Осы жайт мені қатты алаңдатады. Біздің дамуымызға бөгет болатын жағдай осы ма деп ойлаймын. Бөлінгенді бөрі жейді.

Руымды сұраған адамға “қазақпын” деп жауап беремін. Бұл менің шежіреге шорқақтығымды аңғартпайды. Мысалы, батыр Бауыржанды неге бөлуіміз керек, ақын Мағжанды неге алалаймыз? Абай бір тобықтының ғана баласы емес қой. Ол ғаламдық тұлға. Кейбіреулер Керей Қожаберген дейді. Мен ауыздарын жауып тастаймын. Ол кезде заманына қарай солай айтылды, рулық бөлініс өткен шақта қалды. Қазақтың гимні болған “Елім-айды” жазған Қожаберген бар қазақтың баласы емес пе? Біздің руға бөлінуіміз кімге керек? Бірінші кезекте дұшпанға керек. Бөліп ал да билей бер деген осы.

– Биыл күллі түркі әлеміне аты мәшһүр Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойы тойланды. Түркияда, Францияда, Өзбекстан мен Қырғызстанда шаралар өтті. Ал Қазақстанда тек Қызылжарға ғана керек сияқты. Неге өзге өңірлер Мағжанның тойын тойламайды?

– Бұл ұлттық идеологияның төмендігінен. Мағжан ақталғалы да біраз уақыт өтті ғой, Тәуелсіздік алғанымызға да ширек ғасырдан асты. Ал “Түркістан – ер түріктің бесігі ғой” деп жырлаған Мағжан Түркістанға былтыр “барды”. Оның өзінде ол жақтан көп ешкім қозғала қойған жоқ. Менің ұлым Сұңғат достарымен бірге ескерткішті Мәскеуде құйдырып, Түркістанға апарып, үш мыңдай оқушы оқитын мектептің алдына қойды, жан-жағын абаттандырды. Мағжан – қазақтың кез келген жерінде тұруға тиіс тұлға. Абайдың ескерткіші сияқты әрбір шаһарға орнатылса да артық емес. Біз өсуіміз керек, соның ішінде санамыз өсуі керек. Нарықтың жайымен жүріп, руханиятты құлдыратып, идеологияны әлсіретіп алғанымызды мойындауымыз керек.

– “Рухани жаңғыру” бағдарламасы сол сананы жаңғырта алды ма?

– Қарап тұрсақ, біраз дүние істеліп жатыр. Бірақ кей жерлерде солақайлық басым. Ауылда шағын шара өткізеді де соны “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында істедік деп дабыра қылады. Аудандық, ауылдық деңгейдегі ақын-жазушылардың туған күндерін той тойлаған сияқты өткізетін болып кеттік. Мағжанның жылда өтетін фестивалін мысалға келтірейін, сол шарада жыл сайын ақынның жаңа қырымен танысып отырсақ қой. Ал біз жылда ескі бірдеңелерді қайталай береміз.

Киелі орындарды көп насихаттау керек. Ол үзіліп қалған ұлттық сананы жалғайды. Естайдың туған ауылына белгі қойып жатқанда бір ақсақал: “Ал енді Қорланды қашан табасың?” – деді. Төрт рет Алтайға бардым, іздеп жүріп ұрпағын таптым. Қорлан анамыз 1937 жылы қайтыс болған екен, басына белгі қойғыздым. Біраз тарихи шындықтың беті ашылды. Естай мен Қорлан туралы айтылып жүрген сөздердің кейбірі өтірік екені әшкере болды. Қорлан – бес ұл тапқан бәйбіше. Үш баласы соғысқа қатысқан. Күйеуі Нұрмұхамед жер аударылған. Өзі де қуғындалып, төркініне барып өлген екен. Бәріміз оқыған поэмада Қорлан шалға тиді дейді. Өтірік. Нұрмұхамед Естаймен жасты, оқыған, көзі ашық азамат.

Естайдың өлер алдында алтын жүзікті өзіммен бірге көм дегенін естіген Қорлан күйеуін шығарып жіберіп, “Өйтпесе Естай бола ма?” деп айтты дейді. Тағы да өтірік. Себебі, Қорлан 37-ші жылы қайтыс болған, Естай 46-шы жылы дүниеден өткен. Біздің ақын-жазушыларымыз махаббатты жырлаймын деп, аналардың абыройын ұмыт қалдырады. Осындай шындықтарды да білуіміз керек. Бұл да халықтың санасын жаңғырту үшін, өтіріктен арылуымыз үшін қажет дүниелер.

– Мағыналы да мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp