«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Оқушылардың ғылыми-зерттеуін, оқу-танымдық қызметін ынталандыруды, дарынды балаларды анықтау мен қолдауды, мемлекетіміздің зияткер әлеуетін қалыптастыруды мақсат еткен облыстық пәндер олимпиадасына 560 оқушы қатысты. Олар 15 пән бойынша бақ сынады. Жаратылыстану-математикалық бағытта – 218 оқушы (102-сі қазақ тілінде), қоғамдық-гуманитарлық бағытта 342 оқушы (135-і қазақ тілінде) қатысты. Олардың 41-і – бірінші, 80-і – екінші және 104-і үшінші орындарды иеленді.

Облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша 225 бала (40,2 пайызы) жеңімпаз атанды. Соның ішінде Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-гимназия (53 орын), облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей интернаты (37 орын), “БЭСТ” гимназиясы (35 орын) және Есіл ауданының (12 орын) мектептері сапалы білім деңгейін көрсетті. Облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша Есіл ауданының командасы “Үздік ауылдық олимпиадалық команда” атанды. Шал ақын ауданы, Кеңес орта мектебінен Тәнзила Жақсылықова ауылдық мектептердің ішінен “Ағылшын тілін жетік меңгерген үздік оқушы” грамотасымен марапатталды.

Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы және “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты” филиалы олимпиада қорытындысы бойынша бірлесіп, облыстық вебинар өткізді. Аудандық әдістемелік бөлім меңгерушілері, әдістемелік кабинеттердің басшылары, мектептердің әдістемелік бөлім басшылары, пән мұғалімдері қатысқан жиында дарынды балалармен жұмысты ұйымдастыруға қатысты мәселелер қарастырылып, қатысушылардың жалпы сандық және сапалық құрамына талдау жүргізілді.

Қазылар алқасының құрамында болған білікті ұстаздар мен оқытушылар, әдіскерлер олимпиада барысында байқалған олқылықтарға тоқталып, нақты ұсыныстар айтты. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты” филиалының директоры Алма Мырзалинова оқушылардың жоғары интеллектуалдық әлеуетіне назар аударуға, диалог және монологтік оқу дағдыларын дамытуға, тілдің фонетикалық құрылымын терең меңгеруге кеңес берді.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқушылардың таңдаған тақырыптарының мазмұнын ашуына, жан-жақты түсіндіре білуіне, ойын толық жеткізуіне, тақырып бойынша эпиграфты дұрыс таңдауға, елтану материалдарын орынды қолдану қажеттілігіне назар аударылды. Ұстаздар ғылыми әдебиет және ғаламтор ресурстарымен оқушылардың өздігінен жұмыс істей білу дағдысын қалыптастырулары қажет.

Жаратылыстану-математикалық бағытта оқушыларды тиімді дайындауда сабақтан тыс арнайы курстардың, факультативтер мен үйірмелердің берері мол. Ол үшін мектеп бағдарламасын тереңірек оқытып, ұзақ мерзімді жоспар құру, әр тақырыпқа қосымша әдебиет таңдау, балаларды өздігінен жұмыс жүргізуге бағыттау, күнделікті жүйелі дайындық қажет.

Олимпиадалық тапсырмалар жылдан-жылға жетілдіріліп, қатысушылардың деңгейі де дамып келеді. Сондықтан оларға мектеп бағдарламасынан тыс дайындалу қажет. Оқушылармен жұмысты 6-сыныптан бастаған жөн. Қашықтық олимпиадалар мен байқауларға жүйелі қатысып, тәжірибелік білім мен дағдыны қалыптастыру мақсатында жазғы демалыс лагерьлерінде және мектепалды демалыс орындарында тақырыптық алаңдар ұйымдастыруды қарастырған абзал.

Химия пәніне дайындалу барысында оқушылар өздері “Тапсырмалар кітабын” жасап, пән заңдылықтары мен тақырыбына байланысты әдебиеттерді, формулаларды әзірлеп, заттар құрамын зерттеумен айналысқаны тиімді.

Дарынды баланың зеректігін, ерекшелігін тану ізденіс пен ұмтылысты қажет етеді. Дарынды балаларға жаңаша ойлайтын жасампаз, шығармашыл ұстаз қажет. Оқушыларды өздерінің кішкентай әріптестеріне айналдыра білген, ұстаздық жұмысты өмірлік мұратына балайтын мұғалімдер ғана шынайы табысқа жетеді. Олимпиада – дарынды балалармен жұмысты дамытудың кеңінен танылған түрі. Оған қатысу баланың білім додасында шынығып, өмірге қажетті дағдыны игеріп, жан-жақты ойлайтын, шығармашыл, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Шарғия МҰҚЫШЕВА,

білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp