«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

 ҰЛТ МҰРАТЫ ШЫҢДАҒАН ҚАЙРАТКЕР

 Биылғы жылы халқымыздың басынан өткен қасірет, миллиондаған қазақстандықтың өмірін қиған «Қазақстандағы Кіші Қазан» деп аталатын, яғни халық мүддесіне қарсы бағдарламаны іске асырудың басталғанына тура 100 жыл толып отыр. Осы бағдарламаға қарсы шыққан қазақ халқының көрнекті перзенті Смағұл Сәдуақасұлының туғанына да – 125 жыл.

Смағұл Сәдуақасұлы халық комиссары бола тұра Ф.Голощекин мен оның командасының И.Сталин мақұлдаған авантюралық экспериментіне саяси, ғылыми негізде қарсы тұрып, халқының құқықтары мен мүдделерін қорғады. Сондықтан екі тарихи оқиға бір-бірімен тікелей байланысты.

Әлемнің барлық халықтарында қайғылы кезеңдер өздерінің дәстүрлеріне сай ұлттық деңгейде атап өтіледі. Біздің елімізде де 31 мамыр – саяси қуғын- сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып аталады.

Тоталитарлық режім 70 жыл бойы ашаршылық құрбандары туралы айтқызбады. Ашаршылық куәгерлері, олардың ұрпақтары жарты халқымыз аштық азабын шегіп дүниеден кеткенін, тұтас аудандар мен ауылдардың жойылғанын айта алмай кетті. Егер де шындық айтылғанда ашаршылық азабы мен қасіретінің толық бейнесі көз алдымызда тұрар еді.

Бұл трагедияның масштабын, шындығын білгенде, қоғам да, билік те, апат- қасіреттің халқымызға әкелген зиянын толық сезінер еді. Біз әлі күнге дейін объективті баға бере алмай келеміз. «Кіші қазан» қасіреті халықтың жүрегіндегі жазылмайтын жара болып келеді. Нақты қанша адамның қырылғанын да білмейміз! Бұл – бізге, зиялы қауымға, жалпы біздің қоғамға үлкен сын.

Құрбандар туралы тарихи шындықты айту – біздің адами, моральдық және перзенттік міндетіміз. Соңғы уақытта тарихымызға кеңестік көзқараспен қарайтындар «тарихқа байыппен қарау» деген ұранды ұсынып жүр. Бір қарағанда бұл дұрыс сияқты, бірақ оны қолданатын да, қолданбайтын да жерлер бар. Миллиондаған адам, соның ішінде жас балалар жазықсыз құрбан болған жағдайда бұл ұранды қолдану адами табиғатымызға қарсы.

Қазақстанның ұлттық бостандығы, Отанымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен халық қаһармандарына қарсы болып, яғни өз халқына қарсы жаппай саяси қуғын-сүргінге қатысып, ұлттық мүдделерімізге опасыздық жасағандарға бұл ұранды ешқашан қолдануға болмайды.

«Тарихқа байыппен қарап» ашаршылық құрбандары туралы шындықты айтпасақ, онда сіз бен біз жазықсыз құрбандар алдында жасалған қылмыстарды қолдаған және жасырған боламыз. Біз өз халқымызға және отаршылық пен тоталитарлық режімнің жазықсыз құрбандарына сатқындық жасаймыз және олардың обалына қаламыз.

Смағұл Сәдуақасұлы 33 жасында Ресейде белгісіз жағдайда қайтыс болды. Ол – ерекше тұлға. Жалғыз ұлы Ескендір екінші дүниежүзілік соғыста құрбан болды. Бірақ Смағұлдың зияткерлік, қайраткерлік еңбектері, қызметі бүкіл қазақ халқына мұра болып қалды. Іздеушісі – бүгінгі сіз бен біз.

С.Сәдуақасұлы кеңес өкіметінің жоғары лауазымдарында жүрсе де, коммунист болса да, қатыгез революциялық фанат болған емес. Әлемдік революция, коммунизм құрылысы туралы армандаған жоқ. Большевиктердің жазалаушы және репрессиялық әдістерін қолданбады. «Біз коммунист болдық, билікке бір мақсатпен келдік – халқымызға қызмет ету үшін, өмірін жақсарту үшін», – деп Смағұлдың өзі айтып кеткен.

Қолда бар материалдар Смағұл ұлттық ауқымдағы саяси көшбасшы болғысы келмегенін және ол жайында ойламағанын көрсетеді. Ол «Алаш» партиясын толығымен қолдап, «Алаш» көшбасшылары мен белсенділерін жаппай қудалағанда, халық пен елдің ұлттық мүдделерін қорғады. Нәтижесінде, халыққа төніп тұрған саяси жағдайдың өзі Смағұл Сәдуақасұлын қазақ халқының көшбасшылығына ұсынды. Ол – объективті түрде халықтың басты қорғаушысы, демек саяси көшбасшысы болды.

Алаштың көрнекті идеологтарының бірі Мағжан Жұмабайұлы Смағұл туралы: «Байтақ елге асқар таудай пана 1932 жылдың екінші жартысында ғана, сол уақытқа дейін ашаршылық апатын көре отырып, ашаршылықтың соңғы жылдарынеді», – деп дәл айтқан. Себебі басқалары да ғана Кремль адамдары қазақ халқының жаппай қырылуынан шошынып, кейбір шаралар қолданып, азық-түлікпен көмек көрсете бастағанда ғана «оянды». Сол кезде ғана кейбір танымал қазақтың саяси және қоғам қайраткерлері Сталинге хаттар жазды. Бұрыннан өздеріне белгілі болып келгенін, енді ғана жариялап отырған, билік тарапынан жасалған зорлық-зомбылықтың, репрессия мен адам өлімінің сұмдық фактілерін келтіре бастады. Бірақ олар Смағұл Сәдуақасұлының принципті ұстанымдарын ертерек қолдағанда сол кездегі басқа одақтас республикалардағыдай бірігіп, халыққа қарсы бағдарламаға біртұтас саяси күшпен қарсы шыққанда жағдай басқаша болар еді.

Смағұлдың азаматтық ерлігі ұлттық мүддені, халқының құқықтарын қорғаудағы жоғары адамгершілік және мемлекеттік жауапкершілігінен көрінді.

1920 жылдардағы Республика басшылығы арасында халқына адал, ұлттық мүддені жеке басынан биік қоятын Смағұл Сәдуақасұлына тең келетін тұлға болған жоқ. Оның азаматтық ерлігі Жұмабек Тәшеневтің ерлігімен пара-пар. Екеуі де – нағыз халық патриоттары, өз халқының мұң-мұқтажын шынайы жеткізген ұлт лидерлері еді.

С.Сәдуақасұлының саяси және мемлекеттік жауапкершілігін, сондай-ақ оның жоғары патриотизмін дәлелдейтін жарқын мысалдардың бірі – Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтау жолында көрсеткен мемлекеттік ұстанымы. Ол Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Семей және Қостанай облыстарындағы өкілі ретінде, Қазақ Республикасының шекарасын белгілеу және межелеу жұмыстарымен айналысты.

Семей аумағын Омбы губерниясына өткізуге ұмтылған Атқару комитеті басшылығының отаршылдық ниеті мен әрекеттерін батыл түрде тоқтатты. Ол бұл сепаратистік органды таратты. Смағұлдың бастамасымен Семей революциялық комитеті құрылып, оның құрамы Мұхтар Әуезов басқарған жергілікті кадрлардан жасақталды. Әділ саяси шешімдер қабылдауды ұйымдастырды. Нәтижесінде Семей губерниясы Қазақ Республикасының құрамында қалды. Осы қызметі үшін сол кезде сеператистер Смағұлды партиядан шығарып, қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті.

Смағұл Сәдуақасұлы – халқымызға қызмет етудің эталоны, ерліктің өнегесі, Қазақстанға қызмет етудің үлгісі болуы керек деп, санаймын. Әсіресе, қазіргі күрделі геосаяси заманда елімізге ұлтжанды, патриот, мемлекеттік мүддедегі қызметкерлер аса қажет. Осы үшін барлық жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерге С.Сәдуақасұлы тұлғасы үлгі болуы шарт.

Сабыр ҚАСЫМОВ,

«Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp