«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕГЕ ТАҒЗЫМ

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтында тілдік дайындық кафедрасының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған “Біздің ел – бақытты…” атты әдеби-сазды кеш өтті.

Бабаларымыздың ежелден аңсаған ең асыл мұраты – еңселі ел болуға бүгінгі ұрпақтың қолы жетті. Осыдан 25 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы – ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі. Кештің мақсаты – бабалар тарихы мен рухын, ұлтжандылығын таныту, бүгінгі буынның ерен істерін ұлықтау, елге, тәуелсіздікке тағзым етуге бағыттау, “Мәңгілік Ел” идеясын насихаттау.

Шара барысында тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер баяндалған “25 жылдың – 25 сәті” атты сахналық көрініс қойылды. Бұл қойылымға курсанттармен бірге М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері қатысты. “Отан – Ана”, “Жаным да қазақ”, “Туған ел”, “Қазақ осы”, “Жаса, жаса, қазақ тілі!”, “Қазақ жастары” сияқты патриоттық әндер шырқалып, олардың тақырыбы бейнефильм, слайдтар көрсету арқылы ашылды.

Қазақстанның жетістіктері Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі екеніне ел куә. Мемлекет басшысы ұлт рухын асқақтатуда, Мағжанша айтсақ, “Алаш атын аспандатуда” мазмұнды істерімен дараланады. Қол жеткізген жетістіктер – Елбасымыздың дана саясатының айғағы.

Мемлекет басшысының игі істерін асқақтатуда курсант Нұрбек Ахмет орындаған “Ер Нұрсұлтан” әні, Мағжан Затыбектің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнауы мен М.Мақатаевтың “Үш бақытым” өлеңі көрермендердің рухын көтеріп, зор ықыласқа бөледі. Әдеби-сазды кеште күй тартылып, ән де шырқалды. Бейнефильм көрсетіліп, тарихи-танымдық шаралар өткізілді. Елтаңбамыз ажарлы, Әнұранымыз әуенді, еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жастардың қолында екендігін кешті жүргізген Әліби Әлмағанбет пен Эльмира Сәдуақасова баса айтты.

Тілдік дайындық кафедрасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғазиза Қожағұлова мерекенің маңыздылығына тоқталып, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерін Алғыс хатпен марапаттады. “Мәңгілік ел – мәңгілік мұра” шығармалар байқауының жеңімпазы, курсант Бауыржан Дәуреновке грамота табысталды.

Ақмарал ЖАМИТОВА,

Ұлттық ұлан Әскери институтының тілдік дайындық кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты,

аға лейтенант.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp