«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Мұсылман күнтізбесі бойынша Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң барша мұсылмандар Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітуінше, биылғы жылдың Құрбан айт мерекесі 11-13 тамыз күндеріне сәйкес келіп отыр.

“Құрбан” араб тілінен аударғанда “жақындау” деген мағынаны білдіреді. Яғни, жер бетіндегі мұсылман қауым бұл күндері құрбан шалу арқылы тілек тілеп, игілікті, сауапты әрекеттерімен Аллаға жақындай түседі. Құрбан­дық шалу деген – қан шығарып, мал сою ғана емес, ең бастысы шү­кіршілік етіп, шын жүректен ниет етумен қабыл болатын парыздың бірі. Жомарттық пен бауырмалдық, қайырымдылық пен кең­пейілділіктің белгісіне айналған ұлық мерекеміз қазақ халқы үшін бүгіндері рухани өмірдегі маңыз­ды оқиғаға айналды.
Он сегіз мың ғаламды жарат­қан құдіретті Алла Қасиетті Құран кітабында: “Мен жындар мен адам­­­дарды мені танып, маған ғана құлшылық жасасын деп жа­раттым” деген. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, адамдардың пендешілігі мен мәртт­ігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойла­мауы тиіс. Өзім ғана ішсем, же­сем, өзім тоқ болсам деген түсінік бізге мүлде жат нәрсе. Осы орайда Пайғамбарымыз: “Өзіңе тіле­ген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың” немесе “Шын мәнінде, мұсылмандар бір-біріне бауыр” деп пайымдаған. Одан қалған хадистер де мұсылман жұртшы­лығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналған­дарға көмектесуге, жағдайы на­шарларға қарасуға, өзара мейі­рімді болуға шақырады емес пе?
Осы күндері Алланың рахы­мына жақындау үшін мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әдеміленіп барғаны абзал. Бұл турасында Имам Мәлик: “Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін” деген.
Құрбан шалудың шарттары мен ережелеріне сәйкес оның уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қал­ғандар оны оқу уақыты өткеннен кейін құр­­­­банын шала беруіне болады. Айт намазынан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді. Малдардың ішінен қой, ешкі, сиыр және түйені ғана бауыздауға бо­лады. Қой және ешкі кем дегенде – бір, сиыр – екі, түйе бес жасар болуы тиіс. Алты-жеті айлық тоқты немесе бір жасар қой семіз, етті болса, бұларды да құрбандыққа шалуға болады. Малды ортақта­сып шалған уақытта әрбір адам ниеттенуі керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екіншісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбандық болып саналмайды.
Бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем, құлағы немесе құйрығы жоқ немесе басым бөлігі кесілген немесе тістерінің көбі түсіп қалған және бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған малдар құрбандыққа жарамсыз. Айтта малды мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда, тілекші адам өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Үй иесі басқа бір адамды телефон немесе хат арқылы өзінің орнына құрбан ша­лушы ретінде тағайындай алады. Мал құбылаға қарата жатқызы­лып, оны бауыздар алдында мына дұғаны оқыған абзал: “Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһилхамд”. Бұдан соң: “Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар” делінеді. Тек мал иесінің ғана “Бис­миллаһи, Аллаһу әкбар” деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыз­даған адам да бұл сөздерді айт­қаны жөн. Үй иесі құрбанды бауыз­дайын деп жатқан қасапшының қолының үстіне қолын қойып, екеуі де “Бисмиллаһ” деп айтулары керек.
Малдың еті үшке бөлініп тара­тылуы тиіс. Бір бөлігі – туған-туысқа, көршілерге, екіншісі – кедей немесе мұқтаж адамдарға, ал үшіншісі өз отбасына, балашағасына беріле­ді. Құрбандыққа шалынған мал­дың етін, терісін, сирақтарын, ба­сын және сүтін сату мұсылман­дыққа жатпайды. Құрбан малы­ның еті сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріл­гені жөн.
Дүниеден өткен марқұмдарға бағыштау ниетімен де құрбан ша­луға болады. Ал марқұмның өзі аманат етіп кеткен өсиетін орын­дау ниетімен шалынған малдың етінен жеуге тыйым салынады. Мұндай малдың етін садақа ре­тінде тарату қажет.
Айт барша мұсылмандардың мерекесі болғандықтан, оны биыл да ел болып тойлағалы отырмыз. Бұл күндері балалар мен мұқтаж жандарға сыйлықтар таратылып, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жүзден аса этнос өкілі тұрып жатқан өңіріміздегі әрбір азамат мерекенің лебін се­зінуі қажет. Осы орайда айт мей­рамына орай құттықтаулар тара­тылып, дастарқан жайылады. “Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады” деген хадисті негізге алған халқымыз жыл өткен сайын айттық сұрау дәс­түрін де құп көреді.
Мерекемен құт­тықтап, айттық сұраған жанның бетін қайтармау – қанымызға сіңген жақсы әдет.
Намаз біткен соң мұ­сылмандар қол алысып, төс қағы­сып, бір-бірін Айт мерекесімен құт­тықтайды, жақсы тілектерін айта­ды. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұ­рап жарасады. Ал әйелдер қа­уымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айт шайын әзірлейді. Көр­ші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм­нен ауыз тиеді, шаңырақ иесіне амандық-саулық тілеп, мере­кемен құттықтайды.
Хадистерінің бірінде Пайғамбарымыз: “Ей, адамдар, бұл күні сәлем беріңдер, тамақтандырыңдар, туыстық қа­тынасты күшейтіңдер және адам­дар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер” деген. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат ету де мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Әсіресе, осы күндері ата-анаңа құрмет көрсету, оларға сый-сияпат жасау игі амалдар қатарынан болып табылады.
Айт мерекесінің ерек­шелігі – қуаныш-шаттықпен бірге Аллаға деген құлшылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыс­тық қатынастардың қайта жанда­нуында және ашу-ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақы­мын талап етуінде. Осы ретте елі­міздің барша азаматын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасау­ға шақырамын. Алла тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істеріміз­ді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей!

Кенжетай қажы БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp