«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ АРМАНҒА ҰМТЫЛЫС

Еліміздің Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыстың қилы кезеңі көппен бірге көрген ұлы тойдай өте шығып, жадымызда бір жайсыз түстей болып қана қалды. Ал осы қамшы сабындай ғана қысқа мерзім – ширек ғасырда қол жеткізген ірілі-ұсақты табыстарымызды ой елегінен өткізіп көрсек, Аллаға тәубе деріміз даусыз. Ең басты жетістігіміз – уақыт сынына шыдамай, ортақ шаңырағы ортасына опырыла құлаған кешегі кедейлер елі – Кеңес Одағынан өзектерінен тебілген өгей балалардікіндей мардымсыз енші тиіп, жеке отау құрып шыққан кей елдерде кейін этносаралық жанжалдар мен қанды қақтығыстар болып, “қызғылт сары” төңкерістер жасалып, ілгері басқан аяқтары кері кетіп жатқанда қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақстанымыз неше түрлі пәле-жаладан аман-есен, құт-береке аралындай дараланып, жылдан-жылға көркейіп, көз тарта түсті.

Ал көпті көрген ғұлама – тарих шерткен сырға құлақ қойып, тереңірек толғансақ, туған халқымыз Жаратушы ие маңдайынан сүйіп, ақ ниетіне сай бақыт пен берекені аямай берген, бір ғажайып халық тәрізді көрінеді.  

“Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым!” –

деп, аруақты Сүйінбай ақын жырлағандай, бөрілі байрақ көтерген батыр бабаларымыз ықылым заманнан иемденіп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған, тіпті, жер-жүзін түгел жаулап алуды көксеген әйгілі император Наполеон Бонопарттың өзі де тірі болса, қызыға да қызғана қарайтындай, бес Франция сыйып кететін ұлан-байтақ, үсті де, асты да байлыққа толы жеріміз бар. Сол киелі атамекенімізге көз алартқан ата жау халқымыздың басына “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” заманын орнатып, “Елім-айлатып” еңіретіп, етегін жасқа толтырған он сегізінші ғасырда:

“Қиын күн туған алаш баласына,

Шұбырып жапанның сар даласында,

Кез болған, жаудан үркіп, “Ақтабанға”,

Дұшпанның қалғандай боп табасына.

Арқаға аяқ салып, түскен барып,

Екі оттың – орыс, қытай арасына.

Күндерде сонау қара, тапсырған ел

Тағдырын Абылайдай данасына.

Сол кезде ел қорғаған Абылайдың

Қылсаң да аз қанша тауап моласына” –

деп, ақиық ақын Мағжан жырлағандай, тарих сахнасына даңқты Абылай хан бабамыз шығып, Алатау мен Алтайдың арасын ежелгі дұшпаннан арылтып, халқымызға Азаттық әпергені мәлім. Алайда, ел аузындағы аңызда айтылғанындай, сол ұлы ханымыздың да көкейінде үш асыл арманы кеткен көрінеді. Артында қалған ел-жұртына аманат етілген ол армандар қаны көп төгілген халқымыз үшін бейбітшілік заман орнату, отырықшылыққа көшіп, қала салу, үш жүзге бөлінген елдің басын біріктіру екен. Өкінішке қарай, арыстандай айбатты Абылай ханның Бұқар жырауға жорытқан түсіндегідей, “бақа-шаянға айналған” кейінгі ұрпақтары оның асыл армандарын жүзеге асырмақ түгіл, Азаттық жолында отаршыл патша өкіметіне қарсы ақтық айқасқа шыққан жолбарыс жүректі соңғы ханымыз Кенесарыға көмек-қолдау көрсетуге де жарамағандығы тарихтан белгілі. Тек Алла Тағала Азаттық жолында бастарын бәйгеге тігіп, патша тағынан тайдырылған кездегі тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Алашорда үкіметін құрғандықтан, жаңа, кеңестік өкіметтің қаһарына ілігіп, “халық жаулары” деген жала жабылып, атылып кеткен алаш арыстарының тілектерін қабыл етіп, Абылай хан армандары еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды.

“Көп шуылдақ не табар,

Билемесе бір кемел?!”–

деп, ұлы ойшыл, ақын Абай айтқандай, Жаратушы иеміз Кеңес Одағы құлап, ескі жүйенің бытшыты шығып, қирап қалған, қаланы да, даланы да қара түнек басқан қиын кезеңде, соқтықпалы, соқпақсыз жерде тығырықтан шығарар бірден-бір тура жолды тауып, егемен елімізді бүкіл әлемге танытып-мойындатып, бүгінгідей биік дәрежеге жеткізген Нұрсұлтан Назарбаев сынды кемеңгер көшбасшы берген халқымыз бақытты емес деп те кім айта алар?!

“Ұлылық жайлы армандаңыздар, тек ұлы армандар ғана адамдардың жан-жүрегін баурай алады!” – деген екен Рим императоры болған атақты философ Марк Аврелий. Сонау экономикалық қиындықтар қыспаққа алып, бірнеше облысты біріктіріп, ірілендіруге тура келген, зейнеткерлердің зейнетақылары мен бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің еңбекақыларын уақтылы төлеу әлі де қиынға соғып тұрған 1997 жылы “Қазақстан – 2030” Стратегиясын қабылдап, елімізді дүниежүзіндегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосу мақсатын алға қойған Елбасымыз баршамызды өзінің осындай арманшылдығымен қайран қалдырған. Сонда біз көзге түртсе көргісіз, қараңғы түнде тосыннан самал жел есіп, аспандағы бұлт ыдырап, Темірқазық жұлдыз пайда болғандай күй кешкенбіз. Ұлы арманға жету жолында жұдырықтай жұмылған тас түйін кейіпке еніп, сын сәтте сенім артқан көшбасшымыз – Тұңғыш Президентіміздің соңынан еш іркілмей ілесе еріп, өтпелі кезеңнің өткелдерінен сүрінбей өткенбіз.

Елбасы 2001 жылы Ұлттық қор құру туралы шешімін жария етіп: “Алдымызда әлі талай қиын кезеңдер кезігеді. Сондай сын шақта бұл қор еліміздің Тәуелсіздігін сақтауға қызмет ететін болады”, – дегені де есімізде. Сол кездегі саяси оппозиция өкілдерінің: “Ұлттық қордың қажеті жоқ. Мұнай мен басқа да шикізатты сатудан түскен басы артық қаржыны елдегі әрбір жан басына шаққанда 17 мың теңгеден таратып берген жөн”, – деген мағынадағы, әсіресе, кезектесіп келген президенттік және парламенттік сайлаулар қарсаңында ерекше екпін түсіре айтқан қызыл сөзі де жадымызда. Бірақ дана халқымыз ондай арзан уәдеге алданған емес, Елбасы да оған елең етпей, алған бетінен қайтпаған. Сондай сындарлы сәттерде ойымызға орыстың классик жазушысы Федор Достоевскийдің: “Егер сен алға қойған мақсатыңа бара жатқан жолыңда өзіңе әр қадам басқан сайын абалап үрген әрбір итке тас лақтырамын деп әуре болсаң, онда көздеген мақсатыңа жете алмай қалуың мүмкін” деген әулиелік сөзі еріксіз оралушы еді…

Ақыры сол Ұлттық қордан бөлінген 10 миллиард долларға тең қаржының арқасында 2007 жылы басталған әлемдік қаржы дағдарысының зардабын халқымыз еш сезінбей, Президенттің “Дағдарыстан – дамуға” атты Жолдауын жұмыла жүзеге асырып, ауыл да, қала да жаңарып, жақсарып қалды. Алдымызға қойған, бір кезде қол жетпес армандай көрінген асқар мақсатымыз орындалып, әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіріп, бүгінде 42-ші орынды еншіледік. Осыған орай Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясында айқындап берген жаңа да айбынды мақсатымыз – әлемдегі ең мықты дамыған отыз мемлекеттің бірі атанып, Мәңгілік Ел болу. Жасампаз көшбасшысы бар жеңімпаз халқымыз Алла жар болса, бұл асқақ арманның да жүзеге асатынына сенеді. Сондықтан да әлемдік экономикалық дағдарыстың кезекті толқынын да аса қобалжымай қарсы алып, Елбасымыздың “Қазақстан жаһандық жаңа нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты жаңа Жолдауына жан-жүрегімізбен қолдау білдіріп, еліміздің ертеңіне зор үміт пен сенім артып отырмыз. Биылға арналған Жолдауды бұлжытпай іске асыруға жас та қуатты мемлекетіміз 7,5 триллион теңге немесе 25 миллиард доллардай қаржы жұмсамақшы. Бұл қазіргі дүниежүзінің басындағы алмағайып заманның біздің елімізге төндірген қатері қаншалықты қауіпті болса, оған қарсы мемлекетіміздің тарапынан қолданылатын амалдар да соншалықты пәрменді деген сөз.

Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктеріміздің баянды болып, туған еліміздің әлемдегі ең мықты дамыған мемлекеттердің ортасынан орын алуы Президентіміздің “Нұр Отан” партиясының 2015 жылғы 11 наурызда болған ХVІ съезінде сөйлеген сөзінде жария еткен Бес институттық реформаны табысты жүзеге асыруға тікелей байланысты. Осы жайлы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңа жыл қарсаңында Президент Әкімшілігі қызметкерлерімен өткізген кездесуінде қадай айтып, бұл бағытта үстіміздегі жыл шешуші жыл болатындығына айрықша назар аударды.

Мемлекет басшысы ұсынған бес реформаның біріншісі – кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мақсатында “100 нақты қадам” Ұлт жоспарына сәйкес енгізілетін өзгерістер көпшілік көңілінен шығуға тиісті. Соңғы кезде мемлекеттік қызметке байланысты айтылып жүрген “Меритократия” деген жаңа ұғым осыған дейін құр сөз күйінде қалып, естіген сайын езу тартқызып келсе, енді өмір шындығына айналатын сыңайлы. Өйткені, қазір мемлекеттік қызметшілерге биік мансапқа жету үшін қызметтік өсудің барлық баспалдақтарынан өту талабы қойылып отыр. Бұдан былай “көшедегі пақырды уәзір бол деп шақырды” дегендей, қызметін жаңа бастаған жас маман үлкен лауазымға ие немесе қалтасы қалың “көкесінің” арқасында бірден жоғары қызметке тағайындалмайтын болады. Өкінішке қарай, мұндай теріс практика біздің облыстың бұрынғы басшылығы кезінде талай рет орын алып, жұртшылық тарапынан ренішті күңкіл мен күлкі-кекесін туғызғандығы жасырын сыр емес. Мәселен, облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып қазіргі білікті де тәжірибелі маман Рустам Бикеневке дейін кім тағайындалмады дейсіз?!.

“Б” корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы үстіміздегі жылы 30 пайызға өсірілетіндігі де мемлекеттік қызметтің беделін арттырып қана қоймай, осы саланы жайлаған қауіпті қоғамдық кесел – сыбайлас жемқорлықты кемітуге де оң ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.

Екінші реформа – заңның үстемдігін қамтамасыз ету ісінде солтүстікқазақстандықтар қазірдің өзінде көштің алдында келе жатыр десек, асыра айтпаспыз. Оған құқық қорғау саласында мол тәжірибе жинақтаған заңгер, жаңашыл басшы Мұратғали Әкетай басқарып отырған облыстық соттың 2014 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік сот деп танылғандығы айғақ. Бұл Президент Жарлығымен тағайындалған ерекше мәртебелі лауазым иелері – Қызылжар өңірінің судьялары халық пен Елбасы алдындағы азаматтық парыздарын адал атқарып жүр деген сөз. Ал қара қылды қақ жаратын әділдік бар жерде ертеңгі күнге сенім де нық, жарқын болашаққа ұмтылыс та ерекше қуатты болмақ.

Сондай-ақ, Елбасы ұсынған реформаға сәйкес жақында ғана құрылған жергілікті полиция қызметі өңірдегі қоғамдық тәртіпті бұрынғыдан да нығайта түседі деп сенеміз. Өйткені, оған облыс тұрғындары мен жергілікті билік органдары тарапынан қатаң талап қойылады. Ал талап бар жерде тәртіп те түзелетіндігі, табыс та болатындығы – аксиомаға айналған ақиқат.

Үшінші реформа – индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз етуге біздің облыстың да қомақты үлес қосары күмән тудырмауға тиісті. Өйткені, Елбасының кадр саясатына енгізген “Орталықтан – өңірге, өңірден – орталыққа” қағидатына сәйкес облыс басшылығына Астана қаласында үлкен басшылық мектептен өткен Ерік Сұлтанов келгелі Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында көптен бері болмаған соны серпін байқалып отыр. “Ел болам десең, бесігіңді түзе!” – деп, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, әсіресе, білім саласындағы елеулі өзгерістер көңілге қуаныш ұялатады. Облыс орталығында төрт жыл бойы салынып, “сақалды нысанға” айналған Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы өңірдің жаңа басшысының мердігер ұйымға тиісті талап қойып, өз тарапынан қажетті қолдау да көрсетуінің арқасында былтыр аяқталып, дарынды балаларға есігін айқара ашты. Петропавл қаласында өткен жылы жаңа балабақшалар мен шағын орталықтар ашу және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту есебінен мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің жүйесі 1 мыңнан астам орынға ұлғайтылды. Бұл – облыс әкімінің тікелей араласуымен мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңінен өрістету арқылы қол жеткізілген, бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұған қоса, Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарының орталықтарында – Новоишим ауылы мен Тайынша қаласында үш ауысымда оқытатын қазақ орта мектептерінің жаңа ғимараттары салыну үстінде. Ал Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан проблема – мектеп салу мәселесінде де “сең қозғалды”. Ерік Хамзаұлының ұсынысымен облыстық мәслихаттың соңғы сессиясында осы мақсатқа үстіміздегі жылға арналған облыс бюджетінен 150 миллион теңге бөлу ұйғарылды. Сонымен, биыл Бәйтерек ауылында 300 оқушыға арналған орта мектеп құрылысы басталмақшы. Бұл жағымды жаңалық бәйтеректіктердің алдында “Мектеп салуға қаржы жоқ”, – деп ауыздарын қу шөппен сүрткен облыстың бұрынғы кейбір басшыларының құлақтарына жетсе, олар сол сәтте өздерінен өздері ұялғандай, ыңғайсыз күй кешетін болар. Өйткені, басты кілтипан қаржының жетіспеушілігінде емес, жұртқа жанашырлықтың жетіспеушілігінде болып шыққан сияқты ғой…

Облыс экономикасында да оң өзгерістер аз емес. Жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейді. Өңірдің тозығы жеткен, кедір-бұдыр жолдарын жөндеу жұмыстары да жаңаша қолға алынып, қарқын ала түсті. Әсіресе, курортты Айыртау өңіріне баратын күрежол қалпына келтіріліп, атақты Шалқар мен Имантау көлдерінің маңында жаңа демалыс орындарының пайда болғандығы жазғытұрым Ресейден ағылатын тынығушылар легін қалыңдатып, жергілікті бюджетке туризмнен түсетін табысты молайтары анық. Егіншілеріміз мол астық өндірумен шектелмей, басқа да нарықта сұранысқа ие, бағалы дақылдар өсіруге ден қоя бастады. Осы орайда өңір басшысының тапсырмасымен жасалып, былтырғы жыл соңында бекітілген ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу картасы алдағы уақытта облысымыздың агро-өнеркәсіп кешенінде өзгеше өрлеу туғызып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтитын ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мұрындық болмақ. Ауыл шаруашылығы мамандары үлкен үміт артып отырған осынау маңызы зор бастама үстіміздегі жылдан бастап іске асырылмақшы.

Төртінші реформа – болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру бағытында да Қызылжар өңірінде сан алуан игілікті істер атқарылып келеді. Петропавл қаласындағы ірі этностардың балаларының өз ана тілдерін оқып-үйренулеріне қолайлы мүмкіндік туғызып отырған бірегей білім беру мекемесі – Ұлттық өркендеу мектебі биыл кәмелеттік жас – 18-ге толады. Сондай-ақ, басқа этностардың 75 бүлдіршіні қазақ балаларымен бірге мемлекеттік тілімізде тәлім-тәрбие алып жүрген “Алтын бесік” балабақшасын да өзге өңірлерге өнеге етіп көрсетуге болады. Этносаралық келісім мен сыйластықты нығайта түсетін осындай тамаша бастамаларымыз одан әрі жарасымды жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр.

Бесінші реформа – есеп беруші мемлекет қалыптастыру бағытында бұған дейін де бірталай ұтымды істер атқарылғандығы мәлім. Мәселен, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі игі дәстүрге айналды. Алдағы уақытта былтыр қабылданған “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңға сәйкес облыстың, Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдерінің жанынан консультативті-кеңесші, байқаушы органдар ретінде Қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс істейтін болады. Осындай оң өзгерістер ел өмірін одан әрі демократияландыруға ықпал етіп, жақсылыққа жетелейтіндігі кәміл.

Ұлы арманға ұмтылған Ұлы дала елі – біздің еліміз өз Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойын Мешін жылындағы мерейлі істерімен, жаңа жетістіктерімен қарсы алатындығы күмәнсіз.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp