«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ”

Егемен еліміздің жетістіктері мен жеңістері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне, сарабдал саясатына тікелей байланысты. Тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстанымыз әлемдегі өркениетті мемлекеттердің көшіне қосылып, олармен иық теңестірер дәрежеге жетті.

Содан да болар, “Елін сүйген, Елі сүйген” тұлғаға барша қазақстандықтардың сенімі мен ықыласы ерекше. Бүгінде еліміздің әр өңірінде атаулы мереке қарсаңында айтулы шаралар қолға алынып, оған дайындық басталып та кетті. Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыстық мұрағаттың мамандары “Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті” атты фотоқұжаттар көрмесін ұйымдастырды.  

– Бұл көрмеде Мемлекет басшысының тұңғыш сайланған 1991 жылдан бергі жүріп өткен жолдарының, өнегелі өмірінің, Қазақстанның қарыштауына атсалысқан бірегей еңбек белестерінің көркем көріністері көрсетілді, – деген облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова “Ұлы дала елінің Ұлы перзенті” атты баяндамасы арқылы Елбасының дүниежүзі мемлекеттеріне бейбітшіліктің, татулықтың үлгісін көрсеткен кемеңгерлігі жайлы ой толғады.

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап Елбасы біздің өңірімізге бірнеше мәрте іссапармен келіп, тарихи маңызы бар ғимараттардың, мәдени орындардың ашылуына ұйытқы болды.

Шара барысында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов тарихи тұлғаның тағылымды өмір жолына шолу жасады. “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев кесек тұлғаның ерен еңбектері, әлем жұртшылығының назарын аудартқан оқиғалардың жүзеге асуына септескен саясаткерлігі жайлы сөз сабақтады.

Облыстық филармонияның өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарлама да көпшіліктің көңілінен шықты.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp