Петропавлдағы «Ботай» арт-галереясында «Ұлы дала керуені» атты халықаралық көшпелі көрме бастау алды. Бірегей мәдени жоба Қазақстан қалаларында ғана емес, сондай-ақ Жібек жолы бойындағы Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Қытай және басқа да елдерде жүзеге асырылатын болады.
Экспозиция Жібек жолы бойындағы елдердің мәдени алуандығы мен терең тарихи байланыстарын көрсетеді. Көрмені өткізетін әрбір қала тұрғындары дәстүрлі өнер мен Қазақстанның мәдени мұрасының бірегей үйлесімін тамашаламақ. Экспозицияда майлы және акрил бояуларымен салынған 80 кескіндеме ұсынылған. Еуразиялық дизайнерлер одағының, дүниежүзілік өнер академиясының мүшесі Бақытнұр Бүрдесбеков, суретші-педагог, мүсінші және дизайнер, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық пластикалық өнер қауымдастығының мүшесі Айткүл Тасмағамбетова, «Тұран» халықаралық көрмесінің лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Әділғали Баяндиннің туындылары көздің жауын алады.
– Сөреге менің жиырмадан астам еңбегім қойылды. Олардың арасында қыз баланың, әйел адамның образы бар. «Әйел бақыты» деген туындымның айтары мол. Мен тарихи тақырыптарға тереңірек бойлағанды ұнатамын. Оның бірі «Күрес» деп аталады, – дейді Әділғали Сәрсенұлы.
Көрменің мақсаты – мәдени байланыстарды нығайту, Қазақстан суретшілері мен шетелдік әріптестері арасында тәжірибе алмасуға жәрдемдесу, сондай- ақ Жібек жолы елдерінің тарихы мен өнеріне қызығушылықты ояту. Жоба аясында әр қалада шеберлік сабақтары, дәрістер, «дөңгелек үстел» отырыстары және интерактивті шаралар өткізу жоспарланған. Көрермендер шығармалармен танысып қана қоймай, Қазақстанның мәдениеті және тарихы туралы тың ақпараттарға қанық болады.
– Көрме сөресіндегі 80 еңбектің айтар ойы, берер тағылымы бар. Ботай мәдениетін дүние жүзі елдері білуі керек. Біздің көздеген мақсатымыз да осы, – дейді Айткүл Рахымбайқызы.
Жоба әйгілі қазақстандық суретшілер мен шеберлердің шығармаларын біріктіреді, олар өз туындыларында Ұлы даланың ғасырлар бойғы мұрасын және ежелгі сауда жолының тарихын бейнелеген. Көшпелі мәдениет, керуендер жолындағы көріністер, Еуразия халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастық нышандары шынайылығымен жан баурайды. Келушілер көрмемен екі ай бойы таныса алады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.