«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ДӘУІР ҰЛАҒАТЫ

Жергілікті кітапханалардың бірін аралап жүріп, мұқабасы қалың әрі жылтыр қағазбен қапталған кітап көзіме оттай басылды. Қорғасындай салмақты кітапта оймақтай ойдың жасырынып жатқанын сезіп, қолыма ала бергенім сол еді, оның “Тәуелсіздік дәуірі” деген атауы бүкіл ой-қиялымды, көңілімді өзіне бұрып әкетті. Әлі сиясы кебе қоймаған туындының авторы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Екі күн бойы құс жастығымда жастанып оқыған кітап туралы түйген ойымды ақ параққа түсіруді жөн деп санадым.

Иә, қазақ деген қабырғалы халықтың осы уақытқа дейін жүріп өткен соқпағы, бағындырған биігі мен белесі жіпке тізгендей баяндалған бұл еңбек туралы аз сөзбен ауыз сипауға болмас, сірә! Әрбір бетін ашқанда көз алдыңа түрлі оқиғалар көлбеңдейді. “Біз әлемге және болашақ ұрпаққа тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсына алдық. Сол себепті бұл кезең біз үшін Ұлы дәуір”, – деп тебіренеді Елбасы. Талассыз шындық. Кеңес Одағы деген алып мемлекеттің бауырынан босап шығып, уығын қадап, шаңырағын көтеріп, қабырғасын қатайтқан, ішкі-сыртқы салтанатын қа­лып­тас­тыра білген азаматтардың еңбегін бодандықтың бұғауында бұлқынып көрмеген, тәуелсіздіктің бесігінде тербелген жастар, әсте түсіне бермеуі де мүмкін.

Ал Мәскеуге бағы­нышты болған қилы заманның куәгерлері – аға ұр­пақ үшін өз билі­гі өз қолына көшкен еркін, жасам­паз дәуірде өмір сүру бақы­тының құны өлшеусіз екені аян. Сондық­тан да Елбасымыз ақыл-санасында, таным-түсінігінде жер мен көктей айырмашылық бар екі буын өкілін – қос дәуірді салыстыра, саралай отыра ой қорытуға шақырады. Бұл тәуелсіздік атты теңдессіз құндылықтың жер бетіндегі ешқандай дүниялық байлықпен өлшенбейтінін одан сайын ұқтыра түседі.

– Одақ ыдырап, экономикалық бай­ланыстар үзіліп, қайда барарымызды білмей басымызды тауға да, тасқа да ұрған сол бір өліара кезеңде болашағымыз дәл осындай кемел боларына сенбегеніміз рас. Жоғарының нұсқауына әбден үйреніп қал­ған халық сеңдей соғылысып, сарыуайымға салынып, тіпті, өмірден түңілген сәттер де кездескен. Қызылжар өңірінде де тікелей Мәскеуге бағынатын ірі әскери кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, бюджет қазынасы бос қалғанын, оны айтамыз-ау, мұ­ғалімдер мен дәрігерлерге жал­ақы арақ түрінде берілгенін қалай ұмытарсың? – дейді ардагер журналист Амандық Жантеміров.

Азаттық үшін талай қыршын ғұмырлардың қиылып, үміт-гүлдерінің солғанын, бейбіт даланың қып-қызыл қанға боялып, арман-тілектердің күздегі жапырақтай тоңғанын естен шығаруға бола ма? Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуел­сіз­дігімізді жария еткен алғаш­қы сәттен бастап екі тізгін, бір шылбырды тең ұстауы, елдің ішкі жағдайы мен сыртқы саясатын дүниежүзілік қоғамдастықпен сауатты әрі ұтымды қарым-қаты­наста қалыптастыруы кешегі елім деп еңіреп өткен боздақтар алдындағы өтелген борыштай. Бес бөлімнен тұратын бұл кітаптың әрбір тарауында Тәуелсіздікті баянды ету жолындағы қилы тағдыр, батыл қадам мәйекті мысалдармен, тиянақты тұжырымдармен сәтті өрілген. Тоқсаныншы жылдардағы текетірес, тұрғындар көңілінен сығалаған үміт пен күдік толқынды теңізге алғаш шыққан “Қазақстан” атты жас кеменің желкенін желге жыққызбады, маңдайын жартасқа соқтырмады.

“Ол кездегі республика өнеркәсібінің дені (93 пайызы) орталыққа бағыныш­ты болғанын айтсам да жеткі­лік­ті болар. Демек, кеңестік экономика құлдырауының зардабын қазақстандықтар толығымен бастан өткерді”, – деп жазады автор. Иә, әуелі Алласына, содан кейін көшін бастаған Президентіне алғаусыз ниетпен алақан жайған қазақ жұртшылығы сол кезде қабылданған батыл шешімдер мен реформалардың барлығының халық мүддесі үшін жасалғанына періштедей пәк көңілмен иланды. Біз оны кітаптың “Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай…” деген тарауынан аңғарамыз. Шынтуайтында, дүниежүзінде болып жатқан әртүрлі оқиғалар мен құбылыстар туралы ақпаратты оқып, біліп, хабардар болу бір басқа да, сол аласапыран жағдайдың белортасында өз ұстанымыңмен жүре біліп, өзіңе, мемлекетіңе бедел жинай алу мүлдем басқа дүние екенін сол қатынастарға араласа алған тұлға ғана біледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы былай дейді: “Сол кезде мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен, Ұлыбританияның премьер-министрі Джон Мейджермен, Австрия канцлері Франц Враницкиймен, Германия саясат­керлері – вицеканцлер, сыртқы істер министрі ГансДитрих Геншермен және қаржы министрі Теодар Вайгельмен кездестім. Мен Мемлекет басшысы ретіндегі өзімнің ресми сапа­рымды Түркиядан және Ұлыбританиядан бастадым”. Елбасы­ның осы тұрғыдағы есте­ліктеріне қарап, қарымды жұмыс­тар­дың қандай жігер­мен ат­қа­ры­лғанын оқырманы еркін аңғарады. Жиырма жеті жылда жеткен айтулы жетістіктер: Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы, Сарыарқа төсінде бой көтерген әсем Астана, “Болашақ” бағдарламасы, ел игілігі жолында салынған мыңдаған балабақша мен мектеп, өзге де нысандар – осының бәрі – елін сүйген, елі сүйген Президентіміздің Отанына деген мәрт махаббатынан, азаттық үшін арманда жеткен бабалар алдындағы парыздан туған ерлік істер.

Кітаптың соңғы парағын оқып отырып, есіме қазақ жырындағы санаулы саңлақтар санатында дара дауысы, өршіл үні, қайталанбас қолтаңбасы бар ақын Қасым Аманжоловтың:

“…Есе тиер, енші алар ел болсам деп ойлаушы ем,

“Қазақпын” деп айта алар Мен болсам деп ойлаушы ем!..”, – деген өлең жолдары түсті. Ел болдық, еңсе тіктедік. Ендігі кезекте, Қазақстанның ақ алмастың жүзіндей жарқыраған жастары да, Абай атамыз айтқан “алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер” де Тәуелсіздіктің баянды, мәңгілік болуына аянбай қызмет етуі керек. Бір кезде ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, бүгінгі ұрпақ алдында оны нығайта түсу міндеті тұр. Бұл – серт!!!

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp