«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ШОҚАНДЫ ҰМЫТПАЙДЫ ЖАС ҰРПАҚ

Талантты ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ Шоқан Уәлихановтың туғанына биыл 180 жыл толуына орай Айыртау ауданындағы Саумалкөл орта мектебінде “Найзағайдай жарқ еткен қысқа ғұмыр” тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жерлес ақын ағамыз Маман Ементаевтың “Бала Шоқан” және “Дана Шоқан” өлеңдерін мәнерлеп оқумен басталған шараға ұстаздарының жетекшілік етуімен барлық сынып оқушылары атсалысты. Оқу озаты Еркежан Төлекеева Шоқанның балалық шағы жайлы оқыған туындыларынан үлкен әсер қалдырған тұстарын әңгімеледі. Камила Әбділманова Шоқанның саяхаттары, олардың маңыздылығы жайлы ғалымның болған жерлерін картадан көрсете отырып, қызықты түрде жеткізе білді. Шоқанның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан орасан зор үлесін Сандуғаш Төлеуова өз баяндамасына тірек етсе, Камилла Күлибекова оны этнограф ретінде таныта түсті. Лашын Оразғалиева болса “Шоқан – тарихшы” тақырыбын нақты дәлелдер келтіре отырып, ашып берді.  

Диана Рымбаева Шоқанның орыс достары және география қоғамы жайлы мәліметті орыс тілінде ортаға салса, этнограф ғалымды әлемнің көптеген елдері білетіндігін Дарина Жүнісова ағылшын тілінде баян етті.

Шоқаннан қалған мұраның бірі – бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеумен айналысқан. Шоқанның бізге 150-дей суреті жеткен. Ол жайында Аружан Наймантаева тарқатып берді. Біз Шоқан салған түрлі суреттерді тамашалап, мол әсер алдық.

Конференция жұмысының қорытындысында мектебіміздің “Үкілі үміт” жас ақындар үйірмесінің мүшелері Аружан Есматова мен Нұрсұлтанбек Жігеров Шоқан аталарына арнаған өз өлеңдерін, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Руслан Дөкетбаев Шоқан рухына арнауын оқыды.

Шоқанды біз бір ғана іс-шара өткізіп, тани алмаймыз. Оның әлі де зерттеуді, қарастыруды қалайтын мол мұрасы оқушыларымызды ұлтжандылық рухында тәрбиелеуге, олардың бойында өз еліне, халқына деген сүйіспеншілікті ұялатуда таптырмас қазына.

Гүлжанат СҰЛТАНҒАЛИЕВА,

Саумалкөл қазақ орта мектебі директорының

оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Айыртау ауданы.

Суреті Ләйла сеть арх файл Сұлтангалиева.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp