Мағжан Жұмабаев ауданындағы Лебяжье елді мекенінде тұратын Құнанбаевтар – ауқатты отбасылардың бірі. Олар ауылда дүкен ұстап, қосалқы шаруашылықтарын едәуір кеңейтіпті. Осының барлығына бас-көз болып жүрген Нұрәлі Қосманұлы қорадағы 15 бас ірі қараны, 20 жылқыны, 70 қойды уақтылы жайлап, артығын сатып, пұл етіп, ата-анасы мен екі баласын асырап отыр.
“Ұлдың қолында тұрамыз. Қартайған шақта қызметте жүрген балалардың жолын күтіп, немере баққанға не жетсін?! Тәубе, балам еңбекқорлығымен, іске жауапкершілігімен біздің үмітімізді ақтап отыр, – дейді Бақытжамал Құнанбаева. – Балам кәсіпкерлікті 2012 жылы қолға алды. Мал ұстау оңай емес, бірақ ырысы да бар”.
Нұрәлі Қосманұлы осыдан екі жыл бұрын өз қаржысына симменталь тұқымынан екі бұқа сатып алып, оларды ауыл малының табынына қосқан. Бір жылдан кейін малды асылдандыру бағдарламасы бойынша демеуқаржы беріліп, ұпайын түгендеп алыпты. Ірі қараның жаңа тұқымын ала бастаған ауылдастары да разы.
Ананың аузына сөз салып берсең, баласын күн ұзаққа мақтауға дайын. Тәрбиенің ең бір асыл қасиеттері ана сүтімен даритыны сөзсіз. Сондықтан Бақытжамал Зейнелқызы баласын мақтан етсе, ол оның өз жемісі екендігін қарияның орнықты сөздері аңғартады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.