Петропавл өнер колледжінде КСРО және Қазақстан Республикасының халық әртісі, әйгілі опера әншісі, жерлесіміз Ермек Серкебаевқа арналған шығармашылық кешке өнерсүйер қауым көптеп жиналды. Бүкіл ғұмырын өнерге арнаған Ермек Серкебаев – қазақ әнін, ұлт өнерін ұлықтап, ашық үнді, әсем дауысымен әлемді мойындатқан дара тұлға.
– Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке ие болғанымызға биыл 25 жыл толды. Қазақ операсының саңлағы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, Абай атындағы опера және балет театрының әншісі Ермек Серкебаев – тәуелсіздік жылдары қазақ опера өнерінің дамуына үлкен үлес қосып, халық ықыласына бөленген ерен талант иесі. Қазақ операсының бүгінгі жетістігі мен тарихы ағамыздың есімімен тығыз байланысты. Ұлы тұлғаның Қызылжардың киелі топырағында дүниеге келуі біз үшін зор қуаныш, – деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова.
Бұдан соң Анархан Қалиқызы өнер шаңырағының бірқатар оқытушыларына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті.
Кеш Ермек Серкебаевтың шығармашылығына арналғандықтан сахна төрінде негізінен жерлесіміздің репертуарында болған туындылар шырқалды. Моцарттың “Свадьба Фигаро” операсындағы Фигароның ариясын өнер колледжінің түлегі Бақыт Ілиясов әуелетті.
Жалпы бір жарым сағатқа созылған концертте Ермек Серкебаев шырқаған 20-ға жуық туынды орындалды.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.