Эссе
Өңіріміздегі қарашаңырақ басылым – “Оңтүстік Қазақстандағы” әріптес інім Дәулет Тұрсынұлы Петропавлға барған бір сапарында облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің 85 және 95 жылдық мерейтойларына арналып шығарылған кітаптарды әкеп берді. Бұл дүниелерді аталған бұқаралық ақпарат құралының басшысы Жарасбай Сүлейменовтің менің қолыма тікелей тапсыруын өтінгенін де қоса жеткізді.
Жалпы Жарасбайдың есімі көпшілікке кеңінен танымал. Маған да етене. Оның жаңа ғасыр басында осы газеттің бас редакторы болып жүргенінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланғанын, ел заңдарын шығарушы жоғары органның кезекті шақырылымынан кейін “Егемен Қазақстанда” бас редактордың орынбасары қызметін екі жылға жуық атқарғанын, зейнет жасына жеткен соң өзі түлеп ұшқан “Солтүстік Қазақстанды” қайта басқаруға ұсыныс түскенін баспасөзден, телеарналардан азды-көпті білетін едім. Құрметті еңбек демалысына шықса да, Астанада орнығып қалған оны туған жері қолды-аяққа тұрғызбай “іліп” әкеткеніне қарағанда, азаматтың әлі де жетекшілік қарым-қабілетінің, шығармашылығының суалмаған күш-қуаты барлығын, қайнары мол білім-білігін бағалағаны ғой деп те ойлағанмын сонда.
Халық қалаулысы болып отырған кезінде Петропавлға “Қызылжар” деген ежелгі атын қайтарайық деп, күллі елге дабыл қаққан жанайқайын естіген бойда “Оңтүстік Қазақстан” газетінен елордаға арнайы барып, сұхбат ұйымдастырған едік.
Міне, белгілі тұлғаның өзіме әдейілеп “пысықтап” жолдаған сәлемдемесін қолыма ұстаған сәтте, шынымды айтсам, жүрек шіркін шымырлап сала берді-ай. Қалай толқымайын?! Қайтіп тебіренбессің?! Өлшеулі ғұмырымның бақандай алты жылы жайма-шуақ шағы қысқа, қысымен қоса салқын мезгілі ұзақ сол солтүстік өлкеде, байырғы тұрғындары ауызекі Қызылжар деп айтудан жаңылмайтын шаһары – Петропавлда өтіпті. Алматыдағы университетті бітіргеннен кейінгі сан қырлы, қилы қиырлы еңбек соқпағымның алғашқы баспалдақтары болған ыстық мекенім. Өмірлік таңдаған жолымда аяғымнан тұрғызып, қанатымды қатайтып, үлкен болашаққа серпітіп ұшырған асыл мектебім.
Қазақтың ұлан-ғайыр жерінің солтүстігіндегі таңғажайып табиғатының осы суығы мен жылуы оқуды енді тамамдап келген мені жас маман ретінде қалыптастырды. Бүгінде бір ғасыр толу қарсаңындағы басылымның бастауында тұрып, тұғыры берік негізін қалап, әр жылдары қызмет еткен, сөйтіп мәңгі өшпес ізін де, рухын да қалдырған Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәбит Мұқанов, Дихан Әбілов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Жақан Омаров, Асқар Тоқмағанбетов, Жұмағали Саин, Шахмет Құсайынов, Мәжит Дәулетбаев, Сафуан Шаймерденов және ұлтымыздың басқа да талай ақмаңдай ұлылары мен жайсаңдарының жазу-сызудағы даңқты дәстүрлеріне ұқсатып өрнектеуге тырысып жүріп, қаламымызды ұштаппыз.
Еліміздің сол шалғай түкпірінен жіберілген, мен үшін аса қымбат сый қолыма тиген заматтағы санамды дүмпіп өткен бастапқы ойлар осы еді. Мұқабасы әсем безендірілген, қалың, салмақты кітаптардың ішін парақтағанымнан-ақ көрген таныс бейнелер мен оқыған ныспылар көңілімді тағы алабұртып ала жөнелді. Рас, ең алдымен, алғаш рет журналистиканың жас маманы санатында қызметке кіріскеннен араласқан әріптестерімнің, олармен бірге өткізген жастық шақ суреттері жанарыма оттай басылды. Атын естігенмен, бұрын-соңды аяғым баспаған таңсық қиянға көзімді тарс жұмып жіберіп, жаңа құрған отауыммен нартәуекелдің жел қайығына мініп тартып кеткеніме де бүгінде тура бірі кем қырық жыл болыпты-ау, ә…
Қыздың әсем мүлкіндей жұтынып тұрған көркем баспа өнімдерін кезекпе-кезек ақтарыстырғанымда баяғы қызметтестердің фотолары қатарында әп дегеннен әлбетте “Ленин туының” (қазіргі “Солтүстік Қазақстан” газеті сол кезде осылай аталатынды) басшысы Уәп Әшімұлы Рақымжановтың бейнесі жүректі елжіретті. “Келіннің бетін кім бірінші ашса, сол ыстық”. Бұл мәтелдің мәнісі сөзінде еместігін, әрбір адамның сыйласына сарқылмас сағынышын білдіретінін әркім де анық ұғынар. Беймәлім, бірде-бір адамын танымайтын, ит арқасы қиян жерге әлдеқалай болар екен деген дүдәмал, секем көңілмен күздігүні қар ұшқындап тұрған сәтте табаным тұңғыш тигенде жайдары жаздағыдай алғашқы жылуды осы кісіден тұшынып едім…
Қазақстан Компартиясы ОК-нің насихат және үгіт бөлімінің, республикалық мемлекеттік баспа ісі комитеті мен Қазақ мемлекеттік университетінің бекіткен жолдамасымен қыркүйектің дәл бірінде таңға жуық зайыбыммен Петропавлға келдік. ҚазМУ-дің филфагын бітірген зайыбымда Ғылым және білім министрлігінің жергілікті пединиститутқа оқытушылыққа жібергені жөнінде хаты бар. Жолдамамда облыстық газет көрсетілгенімен, тәртіп бойынша алдымен облпарткомға кіруім керек. Идеология жөніндегі хатшы А.Пенчук қағаздарыма асығыс көз жүгіртті де, жұқалтаң киіммен отырған маған біртүрлі мүсіркеген кейіппен қарап дағдарды. Іле басылым басшысына тікелей хабарласса керек: “Саған өздеріңнің сұрауларыңмен, біздің келісімімізбен қажетсінген жаңа, жас кадр келіпті. Өзің байқап көрерсің”, – деді де көмекшісіне маған жөн сілтеуді тапсырды.
Содан облпарткомнан онша алыс емес облыстық “Ленин туы” газетінің редакциясына салып ұрып жетіп, редакторы Уәп Рақымжановтың алдында отырдым. Қарыс шекесі шалқақ, артына қайырылған буырыл шашы толқынды, қара қасы қалың, жылы жүзді, елуді еңсеруге тақаған ағаның мені ішіне баурай сөйлегені беймәлім аймақтың салқын табиғатына тап болып, оның үстіне жеңі шолақ көйлекпен жаураңқырап, мұздаған жүрегімді бірден-ақ жылытып ала жөнелді. Өзі де ҚазМУ-дің журфагінен түлепті. Түбі мына көкшелік екенін де, сонда облыстық газетте еңбек жолын бастағанын, тың өлкесі біріктірген бес облыстың қазақ басылымдары жабылғанда Ақтөбеге барып шамалы мерзім қызмет еткенін, туған өңірінің төл тіліндегі баспасөзі қайта ашылғанда Көкшетауға оралып, жауапты қызметтер атқарып жүргенде, жоғары жақ осында ауыстырғанын да там-тұмдап айтып өтті. Бәрінен бұрын мені шикі өкпе баласынбай, өзінің сыралғы адамы іспетті жатсынбай өз жайынан сыр шерткеніне ішім жылып қалды. Менің де ахуалымнан өзіне қажетті мәліметті сұрап білді. Үсті-басымды шола зер қадап, біраз үнсіз отырды. Бір мезетте:
– Дегенмен, бұл жақта бұрын болмапсың. Туысың да, танысың да мүлдем жоқ екен. Саған да, отбасыңа да ауыр соғады. Сондықтан жолдамаңа қатысты ертең ешкім іздемейтіндей, тиісті орындар жан-жаққа сұрау салып, шағым етпейтіндей қажетті құжаттарыңды реттеп, біздің есебімізден шығарып берейін. Осы откреплениемен қалаған жеріңе алаңдамай орналасуыңа болады, – деп бетіме назарын тіктеді.
– Жо-жоқ, аға! Қайтпаймын. Мен мұнда өз ырқыммен, өз қалауыммен келдім. Сіздерде орын бар екенін білгеннен кейін жолдама бөлетін комиссиядан өзім әдейі сұрандым. Жер көрейін, ел танып, шетте жүріп шыңдалсам деген мақсатым болды. Көкіректен қағып, жолымды қайтармаңыз, аға. Қандай қиындыққа да шыдаймын, – деп шыр-пырым шықты.
– Жә-жә, інім. Жарайды. Мен саған жаным ашып, алдыңнан өттім. Арғы жағын уақыт көрсетер, – деді редактор менің дәл қазір райымнан айнымайтынымды бағамдап. – Онда бүгіннен бастап хабар бөліміне әдеби қызметкер болып қабылдандым дей бер. Одан әрісі өзіңе байланысты. Ал ендігі бір мәселе, бірден ескертейін, тұрғын үй жайы тез арада шешіле қоймайды. Бірақ бір, әрі кетсе екі жыл ішінде бұл да оңғарылып қалар. Мен жолдамамен келдім. Заң бойынша тиісті мерзімдегі пәтерім қане деп, тағы жан-жаққа дабыл қағып жүрмегін. Бәрі ретімен орын табады. Екіншіден, тұрақты тұрғын үйіңнің кілті қашан қолыңа тигенше, жатақхана да сұрама. Рас, мұны бізде көп кешікпей алуыңа болады. Алайда, оған бір орналасқаннан кейін, басында баспанасы бар деген сылтаумен басыбайлы тұрғын үйге ие болуың ұзап, қиындап кетеді. Сондықтан саған қосар ақылым, әзірге пәтер жалдап күн кеше тұр. Оны табуға жігіттер жәрдемдеседі. Көптесіп көмектесуін айтамын оларға. Келістік пе, айналайын, – деп орнынан тұрып қасыма келіп, қолымды қысып, арқамнан қақты.
Міне, мен журналистік қызметтегі бірінші редакторым, тұңғыш басшым, жүрек қалауымен таңдаған кәсібіме жаңа басқан қадамымды баулыған алғашқы ұстазым Уәп Әшімұлымен әуелгіде осылай танысып едім. Әдепкіде өмірге көзқарасы әлі шала, піспеген өрімдей маған үмітпен қараған абзал жанды ағаның шынайы қамқорлығын о баста өстіп сезінгенмін.
Үш-төрт айда жаңа ортаға бой үйреніп, жазу-сызуға біршама икемделіп қалған кезім. Солтүстіктің күннен-күнге күш алған суығына да ептеп бейімделе бастағанмын. Арқаның аязы да ашуына мінген мезгіл еді. Облыстың ең шалғайындағы Преснов ауданына желтоқсанның ортасына таман газетке арнайы бір бет дайындауға және жаңа жылдың нөміріне де материал әкелуге үш күндік іссапарға шұғыл баратын болдым. Бухгалтериядан тиісті қағаздарымды жөндеп, енді автовокзалға жетейін деп, сағат он бірлер шамасында төртқабатты редакция ғимаратының алдына шыққанымда редакторым тура бетпе-бет ұшыраса кетті. Шамасы азаннан әлдебір жиналысқа кеткен-ау, таңертеңгілік лездемені орынбасары өткізгенді. Амандастым.
– Жолға қашан жүрмекшісің? – деді сәлемдескеннен кейін қолымды босатпаған қалпы.
– Міне, дәл осы қазір кетіп бара жатқаным, – деп ішінде электр ұстарасы, жазу блокноты, фотоаппарат, басқа да күнделікті тұтынатын заттар салынған портфелімді көтеріп көрсеттім.
– Мына түріңмен бе?! Ау, айналайын-ау! Бұл сиқыңмен даланың бет қаратпайтын ызғарында қатып қаласың ғой. Аудан саған ықтасын болатындай қала емес. Қысқа лайық қалың киім де алып үлгермегенсің-ау әсті, – деп өне бойымды сүзгіден өткізіп, басын шайқады. Үстімдегі күзгі сұр драп пальтом мен басымдағы сондай матадан тігілген кепкама сонша қадала қарағанынан, қақаған суықта мені алыс ауылға шығуға аяп тұрғанын түсіндім. – Жүр. Жоғарыға қайта көтеріл. Жасы сен қатарлы, денесі де сенімен қарайлас ұлымның тоны мен малақайын үйден машинамды жіберіп алдырайын. Кабинетіңе барып отыр да, күте тұр, – деп бастығым қолымнан жетектегендей болып төртінші қабаттағы кеңсемізге ертіп әкетті.
Сөйтіп, редакторым Уәп Әшімұлының аяқастынан осылай жебеуімен солтүстіктің қаһарлы қысындағы, әсіресе, қашық қырында ұйтқып, үдей соғатын ақ түтек, екпінді боранында алғашқы іссапарымды жаурамай, үскірігіне ұрынбай, аман-есен атқарып қайттым. Артынан ойлаймын ғой. Сонда солтүстіктің, онда да азынаған аязы азбан нақ желтоқсанда жолға жеңіл-желпі шығып кеткенімде күйімнің не болары бір құдайға ғана аян еді.
Қазағы тым мардымсыз, орысы қара ормандай қалың Петропавлдың ауа райына көндіккеніме екі жылдан жаңа асқанды. Басыбайлы пәтерге де қол жеткізгенмін. Бір күні бөлім меңгерушісі Мереке Тұралиннің қызметі жоғарылап, оның міндетін уақытша атқару маған тапсырылды. Бірден тізгінін ұстату үшін бұл лауазым тәртіп бойынша облпарткомның номенкулатуралық есебінде тұрғандықтан, партия мүшесі немесе оған кандидат болуың шарт. Арада бір-екі айдан кейін басшылық менің СОКП қатарына өтуіме шұғыл әзірлік шараларын ұйымдастыруға шешім шығармай ма? Ұжымның бастауыш партия ұйымының жиналысынан да, аудандық парткомның бюросынан да ойдағыдай сәтті өтіп, партия мүшелігіне кандидаттық билетті алуым да тез болды.
Бәрін де соңынан естідім. Редакция әкімшілігінің менің жылдамдатып партия мүшелігіне қабылдануыма ұйғарым жасағаны бірқатар әріптестерімнің тарапынан наразылыққа кезігіпті. Сонда редактор менен басқа қызметкерлерді түгел жинап алып: “Жігіттер, бұл азамат бізге сырттан келді. Бұл жігіт те түбінде еліне қайтар. Жұртына оралса да, болмаса Алматыға кетсе де, әйтеуір: “Мен солтүстікте, шетте жүріп, сол жақтың мені өзінің бауырына тартқан жақсылығын көрдім, құрметіне бөлендім”, – деп айта бармай ма?! Көңілдерің тарықпасын. Бір кезектеріңді берсеңдер болады. Енді соған бола туламаңдар. Кең болсаңдар, кем болмайсыңдар. Аудандық парткомның, облпарткомның да бізге орын бөлуі жақсы. Партияға бәрің де өтесіңдер”, – деп іштегі қарсылықты басып тастапты.
Редактордың маған деген осындай риясыз қамқорлығын алты жыл бойы басымнан талай өткеріппін. Қанатының астына алған саялығын жадыны жаңғыртып, таңды-таңға жалғастырып айта беретіндей таусылмайды. Жалпы ел алдындағы, жұрт назарындағы тұлғаның пейілі түскен адам мен ғана емеспін, әрине. Қазір ойлап отырсам, күллі өмірі ұжыммен мүдделес болыпты. Бүкіл қызметкер арқа сүйер тауындай құрметтейтін еді. Бәріне бірдей көңілінде инедей де кірбеңі жоқ қамқор болып, жағдайын жеңілдетуге қолынан келгенін аянып қалмайтынды. Өзінің шамасы жетпей жатса, мүмкіндігі бар басқа біреулерге өтініш жасап, қарамағындағыларға қалай да қол ұшын беруге шығарға жаны бірге адал да абзал адам еді. Ұжымды өз отбасындай көріп, ынтымағын ұйытуға тірек болғанын айқын сезінгенмін.
Ал Уәп Әшімұлының жеке өзіме жасаған ізгілігін бөле-жарғаным – туған жерімнен қиыр шетте жүргенімде басымнан сипап, қолтығымнан демегеніне ет-жүрегім елжіреп, қиналғанда ылғи да жебейтін жарыл-қаушымдай, тірек тұтар әкемдей көргенім болар. Әйтпесе, сонау тұрмыс кешуге оңтайлы оңтүстіктен солтүстікке арман қуып “желігіп” барған мен көптің бірі ғана едім. Сайып келгенде, редакторымыз “Ленин туының” – Петропавлдағы жалғыз қазақ мекемесінің беделін арттырып, көпшілікке сыйлата білді. Мұның өзі редакция қызметкерлеріне де, Қызылжар өңіріндегі барша жергілікті ұлт үшін де моральдық үлкен байлық, зор мақтаныш еді. Бірбеткей ұстанымынан қайтпайтын, дегенін, ұсынысын тиісті жерде өткізе алатын сөзі дуалы Уәкең шын мәнінде біздің дәтімізге қуат болды. Қайтсем газетті оқылымды етсем деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей үнемі ізденетін жанкештілігі көзге ұрып тұратын еді. Басқаларды үйреткісі келген ұстаздың өзі көп білетін болуы керектігін ұдайы ұстанатындығын айқын аңғаратынбыз. Әсіресе, жас журналистерге шығармашылық еркіндік беріп, топшысын қағып, томағасын сыпырудағы бапкерлігі өз алдына бір мектеп еді. Онсыз да қасаңдықтың қыспағындағы газеттің міндетті түрде бір тұсында жылы леп есіліп, жақсы үрдіс сезіліп, елең еткізер жаңалықтың жарқырап көрінуіне жан-тәнімен қолдау жасап, тіпті, керек жерінде қорған болуға әзір тұрды. Ал өзінің аудандарға қасына көмекші ертпей шыққан іссапарларынан еркін көсіліп қалам сілтеп, талдауы терең, мазмұны мәнді, айтпақ ойы мөлдіреп тұратын мақалалар, очерктер жазу әдебі мен әдісінен, яғни журналистік шеберлігінен алған өнегеміз өз алдына бір әңгіме. Осы орайда “Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады” деген даналық та тілге оралады.
Екінші үйім болған осы ұжыммен, төртінші жұртым саналған сол солтүстіктен алтыншы жылы жүрек сыздап, қимай қоштасуға тура келді. Аяқастынан төсек тартып жатып қалған анамның шақыруымен елге қайттым. Содан кейін көк өрімдей шағымда шалғыдай шыңдап, тұлпардай жаратып сындарлы бәйгеге қосқан алтын ұям, мерейлі мекенім – Қызылжарға ат ізін салуға сәті бір түспепті. Бір кездері сол өлкенің ыстығына бірге күйіп, суығына қатар тоңған таныстардың аман-есендігін Алматы мен Астанаға, өзге қалаларға салалық жиналыстарға барған сапарларымда сол жақтан жолыға қалған әріптестерден немесе хабары барлардан естіп, біліп жүрдім. Біраз замандастар дүниеден өтіпті. Редакцияның құт-берекесі болған Уәп Әшімұлы Рақымжанов, қайран Уәкең де зейнеткерлікке сәл жетпей, яғни алпысын тойлай алмай өмірден баз кешті. Үлкен жолға қанаттандырған, оң-солымды тануға орнықтырған, көп қуанышыма ие болған келешекке тәрбиелеген кешегі асыл ордама әлі бір бармағаныма өзегім өртенеді.
Сонау алыста қалған күндерді еске алуға себеп болған кітап – шежірені оқып, танысып шыққан бойда Жарасбайға хабарластым. Көп сауалымның ішіндегі ең бастысы – Солтүстік Қазақстан облысының бас басылымын жиырма жыл басқарып, бағын жандырған Уәп Рақымжановтың есімін ел жадында сақтауда нендей шаралардың жүзеге асырылғаны еді. Ол бұрынғы қадірлі басшымыздың, бүгінде марқұм болған тұлғаның атын ұлықтауда Петропавлда, туған жерінде бірқатар игі тірліктер атқарылғанын, бұл қошемет алда да жалғаса беретінін айтқанда көңілім бір марқайып қалды. “Адамның жолын адам ұзартады” деген, міне, осы болса керек.
Жеңіс БАҺАДҮР,
журналист.
Шымкент қаласы.