Жастар сарайында Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің “Ұлы дала әуендері” атты концерті өтті.
Жиырма жылға жуық сахна төрінде көрермендердің көзайымына айналған Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестірінің кезекті концертін тамашалауға келген жұртшылық тамаша кештің куәсі болды. Тағы бір белесті артқа тастап, маусымды қорытындылаған шығармашылық ұжым қызылжарлықтарды өнерімен тамсандырды. Ұлттық әуен ғана емес, халық аспаптары де көрініс тапқан бұл кеште 16 шығарма орындалды. Жергілікті өнерпаздардың шығармашылығын насихаттауға баса мән беретін оркестрдің жетекшісі Қайырлы Ғафуров Дәстен Баймұқановтың “Дәуір” күйі алғаш рет осы концертте орындалғанын айтты. Сондай-ақ, Бейбіт Дәлденбай, Кәкімбек Ердібай сияқты композиторлардың “Замана”, “Хан ұраны Қабанбай” атты туындылары көпшіліктің назарына ұсынылғанын айтып өткен жөн.
Оркестрдің сүйемелдеуімен Дәмеш Құрманкина, Жанат Айтбаев, Еркебұлан Қарыпов, Нұрсұлу Ахметжанова, Ғалымжан Нұрпейісов сияқты жеке орындаушылар өнер көрсетті. Сазсырнай, шертер, жетіген, қылқобыз бен домбырада ойнап, құлақ құрышын қандырған шығармашылық ұжым осылайша “Ұлы дала әуендерінің” мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатты. Талай нәубетті басынан өткізген қаймана қазақтың қайғысы мен қуанышын, мұң-зарын, күйініші мен сүйінішін ән мен жырға арқау еткен өнерпаздар көрермендерді ұмытылмас әсерге бөледі.
–Жұртшылықтың ыстық ықыласынан, зор қошеметінен концерт ойдағыдай өтті деп ойлаймын. Көрермендер жақсы әсер алса, біз үшін бұл үлкен қуаныш. Жыл бойы атқарған тынымсыз еңбегіміздің нәтижесін осы кештен көруге болады. Оркестрдің құрамында 40-тан астам өнерпаз бар. Олардың әрқайсысы өнерге адал қызмет етеді. Биыл балаларға базарлық ретінде “Алдар көсе” музыкалық ертегісін ұсынсақ, жаңа маусымға құрған ауқымды жоспарымыз да жоқ емес. Жаңа жоба, тың идеяларымыз бар, – деді Мәдениет қайраткері, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік