«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРАНШЫЛДЫҚ ҰШПАҚҚА ШЫҒАРМАЙДЫ

Бүгінде жастар ісі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Сондықтан да елімізде кейінгі толқын өкілдерін жалпы қоғамдық үдерістерге тарту мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жетілдіруі үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Соның бір дәлелі – 2019 жылдың “Жастар жылы” деп жариялануы. Осы орайда, бүгінге дейін облысымызда кейінгі толқын өкілдерінің түйткілді мәселелерін шешу, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу жолында қандай жұмыстар атқарылды деген заңды сұрақ туады. Әлде жастарымыз тағы да бұрынғы әдетінше жалаң ұранға басып, науқаншылдыққа бой алдыртып алды ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев науқаншылдыққа қа­тысты қатаң ескертулер жаса­ған болатын. “Жастар саясатында, жастар тəрбиесінде науқаншыл­дыққа, тиімділігі төмен шаралар­ды ұйымдастыруға жол бермеу ке­рек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Жас­тардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншыл­дық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі əрі кешенді əлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүд­делерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Облыстық жастар саясаты мә­селелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулинаның айтуынша, басқарма мамандары жастар ресурстық орталықтары­ның, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп жыл басынан бері ірілі-ұсақты 800-ге жуық шара өткізген. Көбі жастарды жұмыспен қамтуға, саламатты өмір салтын қа­лыптастыруға, азаматтық бел­сенділікті арттыруға бағытталыпты-мыс. Солардың бірі – жуырда облыс ор­талығындағы Оқушылар сарайын­да өткен “Жас депутаттар” фору­мы. М.Қозыбаев атындағы Сол­түс­тік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Әлібек Бегайдарұлы 200-ден астам жас қатысқан шараның құрғақ баяндау түрінде өткенін айтады.
– “Жастар жылы” аясында өткен форумға бірнеше спикер шақыртылған екен. Бәрі де – кейінгі толқынның өкілдері. Алайда, олар­дың баяндамаларынан іліп алар ештеңе таппадым. “Мен бүйт­тім, мен сүйттім” деген сөзден аса алмады, дайындалмай кел­гендері көрініп тұрды. Мұндай форумдарға тағылымды әңгіме өрбітетін аға буын өкілдерін шақырған дұрыс болар еді. Жалпы өңіріміз­де ұлттық құндылықтар дәріптеле­тін шараларға басымдық беріл­се екен, – дейді Әлібек Бегайдар­ұлы.
Расымен де, өңір жастары қан­дай да бір шараны қолға алса, кө­біне ұрандатып, жалаулатып, флешмоб билеуден әрі аса алмай жүр. Қыз-жігіттердің қолдарына шар ұстап, улап-шулап орталық алаңдарға шыққанынан не пайда? Өңірімізде тіркелген 60-тан астам жастар ұйымының тек оны ғана өздеріне бекітілген міндет­терді нәтижелі атқаруда. Ал қал­ған шала-жансар жастар ұйымда­ры­нан еш қайыр жоқ. Мәселен, жуыр­да Петропавлдағы орталық алаңда “Qyzyljar Jastar Fest” спорт фестивалі өтті. Фитнесс-бапкерлер жаттығу өткізіп, гір көтерушілер ше­берліктерін көрсетті. Бұл фести­валь да бос әурешілік сияқты. Қажет болса жастар жаттығуларды ин­тернеттен де көріп, ойындарды үйде де ойнай алады ғой.
Тағы бір мысал – Қазақстан хал­қының бірлігі күні қарсаңында Петро­павл гуманитарлық колледжінің студенттері өз еліне деген сүйіс­пеншілігін флешмоб арқылы біл­дірді. Шараға 150 жас қатысып, бо­лашақ мұғалімдер, әлеуметтік педагогтар мен тәрбиешілер сап түзеп, “I LOVE KZ” деген жазуды құрды. Елге деген махаббатты осындай жалаң сөздермен емес, тындырымды іс­тер­мен көрсету керек емес пе?! Тіп­ті, сүйіспеншілігін өзге тілде жеткізулеріне жол болсын!
Өңірімізде сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы өткізіліп жатқан флешмобтар да аз емес. Олардың биін көріп, “бармақ басты, көз қыс­тылық” әрекеттерін бірден доғара қойған біреу болды ма екен? Сон­дықтан мұндай ырдудырдуды қо­йып, нақты істерге көшкен жөн.
Алайда, атқарылған жұмыстар­дың бәрін бірдей жоққа шығаруға болмайды. Жаңашыл көзқарас­тағы жастардың бастамаларын қол­дау үшін өңірімізде “Жүз нақты қадам жастарға” жол картасы әзірленгенін айта кеткен жөн. Аталған жол картасында өрендерге жүйелі түрде көмек көрсету және бос уақытты тиімді өткізуді ұйымдас­тыру шаралары қамтылған. Осы орайда, биыл ауылдық округ әкімдіктерінде қызмет атқаратын ма­мандарға жастармен жұмыс жүргізу міндеттелген екен. Үкіметтік емес секторды қолдау мақсатында үшкүндік лагерь, оқыту семинарлары ұйымдастырылып, гранттық қаржыландыруға қатысушы ұйымдардың саны артқан. Өткен жылы үкіметтік емес ұйымдар 6,5 млн. теңгенің грантын ұтып алса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 16,5 млн. теңгеге жеткен.
Биыл “Жастар керуені” ақпарат­тық шарасы аясында жастар аудандарды аралауда. Оның құра­мында жетістікке жеткен жастар – кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары, еріктілер қоз­ғал­ысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар екен.
– Коворкинг орталық, дебат, көңілді тапқырлар клубы өз жұмыс­тарын өрендердің әлеуетін арттыруға бағыттауда. Жалпы, өңірімізде 100 мыңнан астам жас болса, олардың 60 пайыздан астамы ауылда тұрады. Биыл “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында елді мекендерге жұмыс істеуге 363 жас барды. Ал “Zhas project” жо­басының арқасында 67 қыз-жігіттің жо­басы қаржыландырылса, олар­дың 38-і – ауыл жастары, – дейді Ирина Тухватулина.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp