Бүгінде жастар ісі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Сондықтан да елімізде кейінгі толқын өкілдерін жалпы қоғамдық үдерістерге тарту мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жетілдіруі үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Соның бір дәлелі – 2019 жылдың “Жастар жылы” деп жариялануы. Осы орайда, бүгінге дейін облысымызда кейінгі толқын өкілдерінің түйткілді мәселелерін шешу, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу жолында қандай жұмыстар атқарылды деген заңды сұрақ туады. Әлде жастарымыз тағы да бұрынғы әдетінше жалаң ұранға басып, науқаншылдыққа бой алдыртып алды ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев науқаншылдыққа қатысты қатаң ескертулер жасаған болатын. “Жастар саясатында, жастар тəрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі əрі кешенді əлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды”, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулинаның айтуынша, басқарма мамандары жастар ресурстық орталықтарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп жыл басынан бері ірілі-ұсақты 800-ге жуық шара өткізген. Көбі жастарды жұмыспен қамтуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталыпты-мыс. Солардың бірі – жуырда облыс орталығындағы Оқушылар сарайында өткен “Жас депутаттар” форумы. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Әлібек Бегайдарұлы 200-ден астам жас қатысқан шараның құрғақ баяндау түрінде өткенін айтады.
– “Жастар жылы” аясында өткен форумға бірнеше спикер шақыртылған екен. Бәрі де – кейінгі толқынның өкілдері. Алайда, олардың баяндамаларынан іліп алар ештеңе таппадым. “Мен бүйттім, мен сүйттім” деген сөзден аса алмады, дайындалмай келгендері көрініп тұрды. Мұндай форумдарға тағылымды әңгіме өрбітетін аға буын өкілдерін шақырған дұрыс болар еді. Жалпы өңірімізде ұлттық құндылықтар дәріптелетін шараларға басымдық берілсе екен, – дейді Әлібек Бегайдарұлы.
Расымен де, өңір жастары қандай да бір шараны қолға алса, көбіне ұрандатып, жалаулатып, флешмоб билеуден әрі аса алмай жүр. Қыз-жігіттердің қолдарына шар ұстап, улап-шулап орталық алаңдарға шыққанынан не пайда? Өңірімізде тіркелген 60-тан астам жастар ұйымының тек оны ғана өздеріне бекітілген міндеттерді нәтижелі атқаруда. Ал қалған шала-жансар жастар ұйымдарынан еш қайыр жоқ. Мәселен, жуырда Петропавлдағы орталық алаңда “Qyzyljar Jastar Fest” спорт фестивалі өтті. Фитнесс-бапкерлер жаттығу өткізіп, гір көтерушілер шеберліктерін көрсетті. Бұл фестиваль да бос әурешілік сияқты. Қажет болса жастар жаттығуларды интернеттен де көріп, ойындарды үйде де ойнай алады ғой.
Тағы бір мысал – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Петропавл гуманитарлық колледжінің студенттері өз еліне деген сүйіспеншілігін флешмоб арқылы білдірді. Шараға 150 жас қатысып, болашақ мұғалімдер, әлеуметтік педагогтар мен тәрбиешілер сап түзеп, “I LOVE KZ” деген жазуды құрды. Елге деген махаббатты осындай жалаң сөздермен емес, тындырымды істермен көрсету керек емес пе?! Тіпті, сүйіспеншілігін өзге тілде жеткізулеріне жол болсын!
Өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткізіліп жатқан флешмобтар да аз емес. Олардың биін көріп, “бармақ басты, көз қыстылық” әрекеттерін бірден доғара қойған біреу болды ма екен? Сондықтан мұндай ырдудырдуды қойып, нақты істерге көшкен жөн.
Алайда, атқарылған жұмыстардың бәрін бірдей жоққа шығаруға болмайды. Жаңашыл көзқарастағы жастардың бастамаларын қолдау үшін өңірімізде “Жүз нақты қадам жастарға” жол картасы әзірленгенін айта кеткен жөн. Аталған жол картасында өрендерге жүйелі түрде көмек көрсету және бос уақытты тиімді өткізуді ұйымдастыру шаралары қамтылған. Осы орайда, биыл ауылдық округ әкімдіктерінде қызмет атқаратын мамандарға жастармен жұмыс жүргізу міндеттелген екен. Үкіметтік емес секторды қолдау мақсатында үшкүндік лагерь, оқыту семинарлары ұйымдастырылып, гранттық қаржыландыруға қатысушы ұйымдардың саны артқан. Өткен жылы үкіметтік емес ұйымдар 6,5 млн. теңгенің грантын ұтып алса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 16,5 млн. теңгеге жеткен.
Биыл “Жастар керуені” ақпараттық шарасы аясында жастар аудандарды аралауда. Оның құрамында жетістікке жеткен жастар – кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары, еріктілер қозғалысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар екен.
– Коворкинг орталық, дебат, көңілді тапқырлар клубы өз жұмыстарын өрендердің әлеуетін арттыруға бағыттауда. Жалпы, өңірімізде 100 мыңнан астам жас болса, олардың 60 пайыздан астамы ауылда тұрады. Биыл “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында елді мекендерге жұмыс істеуге 363 жас барды. Ал “Zhas project” жобасының арқасында 67 қыз-жігіттің жобасы қаржыландырылса, олардың 38-і – ауыл жастары, – дейді Ирина Тухватулина.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.