“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалында орта білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері арасында дәстүрлі облыстық “Жүзден – жүйрік” байқауы өтті. Ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытатын мұғалімдердің инновациялық тәжірибелерін шыңдау, “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясы құндылықтарын тәжірибеге енгізу, ұстаздардың шығармашылық қабілеттері мен жоғары біліктіліктерін анықтауға арналған байқауға 42 үміткер қатысты.
Олар өздерінің білім беру сапасын жетілдіру бойынша оқу-тәрбие үдерісіне енгізіп отырған заманауи технологияларын ортаға салды. Байқауға қатысушылар “Жас мамандар”, “Жаңалық жаршысы”, “Жаңа толқын кәсіби шеберлері”, “Кәсіби мектеп шеберлері” секцияларында бақ сынады.
Бірінші тапсырмада әр қатысушы өзінің шығармашылық әлеуетін көрсетіп, ақын-жазушылардың тіл туралы шығармаларынан үзінділерді жатқа оқыды. Одан кейін қатысушылардың пәндік және әдістемелік тұрғыдан біліктіліктерін анықтауға арналған тест тапсырмалары орындалды. Сол сияқты қатысушылар авторлық бағдарламаларының макеттерін ұсынып, әдістемелік шеберліктерін танытты.
Байқау қорытындысында әр секция бойынша Айгүл Есенғалиева (Петропавл қаласы), Гүлдария Сабырова (Айыртау ауданы), Әлия Рсаева (М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледж, Петропавл қаласы) және Тамара Көлбаева (Мамлют ауданы) жеңімпаз деп танылды.
Гүлзат ӘЛЖАНОВА,
“Гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми
пәндерді оқыту әдістемесі және инновациялық технологиялар” кафедрасының аға оқытушысы.