«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗДЫҒЫ АҚЫНДЫҚҚА ҰЛАСЫП ЕД…

Ысқақова Манап марқұмның бейнесі дәл бүгінгідей көз алдымда.

Өткен ғасырдың елуінші жылы ол кейін тұрмыс құрып, шаңырақ көтерген өмірлік серігі – Мағжан Рақымовпен, менің болашақ зайыбым – Зурамен Петропавл педагогика училищесінде оқыса, өзім К. Ушинский атындағы мұғалімдер даярлайтын институттың тіл-тарих факультетінде білім алып жүрдім.

Соғыстан кейінгі ауыр жылдар, шаруашылық күйзелген, халықтың тұрмысы нашар. Соған орай білім қуған жастар да қиындық кешіп, бірақ қайткен күнде де оқуға құштарлықтың оты бойда лаулап, бір-бірімізге ақылшы-кеңесші болдық. Осы жастардың арасында Уахит Аяғанов, Зарап Біләлов, Қабдөш Қалиев, Қайрат Темірханов сынды қазақ жастары бір атаның баласындай болып едік.

Әдетте, қыз балалар ұяң келеді ғой. Алайда “ұяң” деп, сылбырлықты, жайбасарлықты жасыра салуға болмайды. Міне, Манаптың бар тұлғасы осыған қарама-қайшы еді. Ол ойын бүкпесіз, нақты айтып жеткізетін, ашық мінезді, өзіне де, өзгеге де талапшыл, жақсыдан жаңылмайтын, сонысымен оқшау танылатынды. Қандай бір сәттерде де біз оны қадір тұтып, білімділігін, ой-өрісінің кеңдігін бағалайтынбыз. Ол сол жылдары ұлы Абайдан бастап, қазақтың халық ақындарының жырларын және Ілияс Жансүгіровтің, Қасым Аманжоловтың өлеңдерін ерекше сүйіп оқитын. Ол жылдары жастар өнер-білімге ерекше ұмтылатын. Сондай кездесу кештерінде алдымен Манап сөз алып, орнықты сөйлеп, орайлы ойларымен тыңдаушыларды баурап алатын. Сонда біздер Манаптың болашақта үлгілі ұстаз болатынына еш күмән келтірмей, осы ойымыздан шығуын тілейтінбіз.

Айтса айтқандай, Манап Қабдөшқызы облыс ұстаздарының арасында білімімен, шәкірттерді үйіріп, олардың бойында оқуға құштарлықты ояту қабілетімен бірден өзіне лайық орнын таба білді. Қандай ортада болса да, ол осы қасиетінен жаңылмады, жанындағы әріптестері Манаптың адалдығын, әділдігін, жаны жайсаңды ардақтауын, жақсыға жанашырлығын айрықша танып, бағалай білді.

Зейнетке шыққан соң ол өлең жазуға ден қойды. Балаларға арнаған жыр жинағы лезде балабақшалардың және мектептердің ұстаздарының білім беру, тәлім-тәрбие жұмыстарында жақсы көмекші оқулыққа айналды.

Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, замандастарына, әсіресе, өскелең ұрпаққа өнеге көрсете білді. Өзі тұрған Бескөл ауылындағы қазақ орта мектебінде кездесулерге жиі-жиі барып, көпшілікті әсерлі, ғибраты мол әңгімелерімен баурайтын.

Манаптың бойына біткен бір қабілеті ақындығы еді. Жырлары жарқыраған жұлдыздай болмаса да, қарадүрсін емес, жүрекке қонымды. Ол өлеңді есейіп, өмірде көргені көбейген кезінде жазды. Ақылгөйсуден ада, жасандылығы жоқ жырлары біздің көңілімізден шығушы еді.

Маған 2004 жылы шыққан “Аққуларды атпаңдаршы, адамдар!” деген жыр жинағын тарту еткенде ондағы өлеңдері Манаптың өзіне тән қабілетін танытты. Ол табиғатты сүюді, адамның айналасындағы табиғи ортаның тумасы екенін зердеге құяды. Әсіресе, табиғат бейнесін суреттеуге бейім еді. Мұны “Көктем” деген өлеңінен аңғаруға болады.

Желкілдеп желегі,

Көп бізге берері.

Көк көйлек көлбеңдеп,

Көктем-қыз келеді.

Күлімдеп көкте Күн,

Келдің бе, Көктемім!

Ерітіп жер тоңын

Жақсы ғой жеткенің!

Ал, өмірдің өтпелі екенін ұқтыратын өлеңдері адамды ойға шомдырады. Бұл сары-уайымға салыну емес, өмір ақиқаты екенін мойындайсың.

Ажал-құрық жетеді бір күн қуып,

Біреу өліп жатқанда біреу туып.

Өмір заңын ешбір күш өзгертпейді,

Барар жері – жер-бесік бауыры суық.

Осылайша, оның өзі жырлағандай, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында ғұмыр кешкен Манап Қабдөшқызы оралмас сапарға аттанды, ал, асыл бейнесі жадымыздан өшпейді.

Жұмаш СЕЙІТБЕКОВ,

еңбек ардагері.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp