«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Мен бұл мақаламда өзінің ортасында сый-құрметке бөленіп жүрген, осы дәрежеге бойындағы үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерімен ие болған Қайыржамал Қадырбаева туралы айтуды жөн көрдім.

Бұл адам маған әпке болады. Бірақ мен оның өзіме жақындығы үшін емес, адамгершілігімен, білімімен, өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленгендігіне сүйсінгендіктен қолға қалам алып отырмын.

Ол Жамбыл ауданындағы Баян ауылының орта мектебін алтын медальмен тамамдады. Содан кейін Алматының шет тілдер институтын да осылайша үздік бітірді. Соның арқасында институтта оқытушы болды, аспирантураға қабылданды. Алайда, оның бұл ұмтылысына өмір өзгеріс енгізді. Өйткені, анасының жалғыз баласы болғандықтан, Ленин ауданындағы туған ауылы Николаевканың орта мектебіне орналасты.

Іскер де білімді жас уақытын аямай, мектептің шамы жанбай келіп, сөнгенше оқушыларының ортасынан табылатынын әріптестері де, шәкірттері де айтатын. Соның арқасында шәкірттері ағылшын тіліне жетіктігімен көзге түсті, ал әпкем аудандағы, облыстағы біліктілік сайыстарында топ жарып жүрді.

Ол Көбеш (Николаевка) аралас мектебінің сынып жетекшісі болып, орыс және қазақ балаларына бірдей білім мен тәрбие берді. Ағылшын тілін жақсы меңгерулеріне көп еңбек сіңірді. Мұның бір қиындығы – күнбе-күн араласуына орта болмаса да, ұстаздың бұл тілді жадында сақтауы оңай еместі. Ол осының орнын үлкен ізденіспен, өте ыждағаттылықпен толтыра білді. Мен осы орайда оның ағылшын тілі кабинетін көріп, заманауи талаптарға сай екеніне тәнті болдым.

Үштұғырлы тілдерді меңгеру талабына осылайша жауап берген оның еңбегі айтса, айыз қанарлық. Оның қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне жетіктігі былай тұрсын, ана тілімізде жазған өлеңдерін оқып, тыңдағанда сүйсінетінімді айтпай кете алмаймын. Сезімтал, нәзік жүректен шыққандықтан, сол өлеңдері жылы қабылданады.

Қайыржамал Омарқызы мектептен тыс жұмыстардан, әсіресе, ұлттық маңыздағы оқиғалардан сырт қалмайтынын көріп те, естіп те жүрмін. Наурыз мейрамын ұйымдастырып, өткізуде бар білімі мен іскерлігін танытады. Өзі өлең-жырға жақын болғандықтан, ақын-жазушылардың шығармашылығын, мерейтойларын ұйымдастыруға айрықша ықыласты. Айтар болсақ, жазушы Бақыт Мұстафинмен өткізген кездесуі есте қалды. Оқушылар да, ауылдың басқа тұрғындары да қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан әсер алды.

Сондай-ақ, өзінің нағашысы Ғалым Малдыбаевтың – 100, ауылдасы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың – 80, Өрнек ауылының тумасы Есләм Зікібаевтің (ол Көбеш мектебінің түлегі) 70 жылдық мерейтойында осылайша көзге түсіп, көпшіліктің көңілінен шықты. Осы ауылдың тумасы, генерал, мемлекет және қоғам қайраткері Абай Тасболатовпен болған жерлестер кездесуінде оған арнаған жырымен қошеметке бөленді.

Әпкемнің шәкірттері де көзге түсіп, ұстаз көргендіктерін айғақтайды. Ал ол болса осы еңбегінің арқасында 1996 жылы «Жыл мұғалімі» атағына ие болды.

Өзінің қызы Ғалия, шәкірттері Бикеш Жұмағазина, Людмила Волчкова, Татьяна Попова, Жанар Әбілмәжінова ұстаз ықпалымен оның ізін басты.

Осындай ұстаздық біліктілігін құрметтегендіктен, оның сабақтарын облыс мектептері де шәкірттеріне, әріптестеріне үлгі етеді. Мысалы, ол Петропавлдағы №6 қазақ мектебінде өткізген “Мүшел жас” атты тәрбие сабағына мұғалімдер білімін жетілдіру институтының өңірімізден жиналған курс тыңдаушылары ықыласпен ден қойған еді.

Оның әріптестеріне осылайша үлгі танытуы тегін емес. Ұстаз “Домбыра-дастан”, “Қыз сыны”, “Жігіт сұлтаны”, “Ақ дастарқан”, “Аталар өсиеті”, “Білгенге – маржан” сияқты ұлттық дәстүрімізге айналған тәрбие сабақтарын да ұйымдастырып, ойдағыдай өткізген. Қ. Қадырбаева облысымызға танымал ұстаз, бүгінде Николаевка мектебіне есімі берілген, Ленин орденінің иегері Асқар Игібаевтан үлгі алған, шеберлігіне қаныққан.

Бүгінде жетпіс жасқа толып, үйелменімен үлкен бақыт ордасында ғұмыр кешіп отырған Қайыржамал Омарқызы жұбайы Бауыржанмен, балалары Арман, Нұрлан, Ғалиямен, немерелерімен бірге қуанышқа бөленуде.

Ілияс ТОҚЫМБЕТОВ,

еңбек ардагері.

Шал ақын ауданы,

Сергеевка қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp