Бетке түсетін әжімнің алдын алуға бола ма?
Райхан.
Петропавл қаласы.
Қыз-келіншектерді толғандыратын сұраққа косметолог-маман Инеш Асылбаева жауап береді:
– Жас кезде беттің терісі ажарлы болғанымен, уақыт өте келе әжім түседі. Ол – табиғи заңдылық. Бірақ қол қусырып отыруға болмайды. Ауа райының өзгеруіне қарай бетке арнайы кремдер жағып отыру керек. Әжімнің ерте түсуіне косметиканы көп пайдаланудың да кері әсері болады. Сондықтан да бетке сағат сайын опа жағудың қажеті жоқ.
Бет терісін қатайтуға арналған арнайы гимнастика жасап отырған дұрыс. Яғни, аптасына 1 рет бассейнге түсіп, моншаға барып, денені буға ұстап, тері жасушаларын ашу. Моншада бетті булаған соң міндетті түрде суық сумен шайған абзал. Кешке бір мезгіл бетке минералды су шашып отырса, бетті дымқылдандырып, табиғилық сыйлайды. Теріңіз жас көрінсін десеңіз, күніне 2 литрге жуық су ішіп, кешке қарай майлы тамақ жеуді азайтқан дұрыс.