Елімізде “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде 2016 жылдан бастап әдеп жөніндегі уәкіл қызметі енгізілген болатын. Солтүстік Қазақстан облысында бұл функция өңір басшысы аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімнің меңгерушісі Юрий Альбертович Наумочкинге жүктелген болатын.
– Юрий Альбертович, әдеп жөніндегі уәкілдің құзыретіне не жатады?
– Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші. Сонымен қатар, әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультациялық көмек көрсетеді.
– Әдеп жөніндегі уәкілге одан басқа қандай функциялар жүктелген?
– Әдеп жөніндегі уәкіл жоғарыда атап көрсетілгеннен басқа мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда оларды қорғау мен қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылдайды, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтауға мониторингті және бақылауды жүзеге асырады.
Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы заңнамаларды және Әдеп кодексін мемлекеттік қызметші бұзған жағдайларда осындай құқық бұзушылық жасауға жол берілуінің себептері мен шарттарын талдайды, басшылыққа оларды жою жөнінде ұсынымдар енгізеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды және Әдеп кодексі талаптары бұзылуының алдын алу мақсатында басқа да қызметтерді жүргізеді.
Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары мен өкілеттіктері жөніндегі түсінік жұмыстарын жүргізу үшін, сондай-ақ, облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығының мүмкіндігін пайдаланамыз. Осы орталықта оқыған лекцияларымда мен мемлекеттік қызметшілерге қажетті ақпараттарды жеткіземін. Өткен жылдың ақпан-қыркүйек айларында осы орталықта оқыған төрт жүзге жуық адамға дәріс бердім.
– Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі қалай бақыланады?
– Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларының, сонымен бірге ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың сақталуына мониторинг жүргізу мақсатында әдеп жөніндегі уәкіл жарты жылда кем дегенде бір рет анонимді сұрау салу өткізеді.
– Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде солтүстікқазақстандықтар Сізге қалай өтініш білдіре алады?
– Айдың әрбір бейсенбі күндері сағат 15-те мына мекенжайда мемлекеттік қызметшілерді және азаматтарды қабылдау жүргізіледі: Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 58-үй, 422-кабинет.
Қажет болған жағдайда әңгіме телефон арқылы немесе ақпараттың сенімді берілуін қамтамасыз ететін коммуникацияның басқа да құралдарын пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін. Ол үшін 8(7152) 34-02-11, +77015242289, +77773248325 байланыс телефондарына хабарласу керек. Электронды поштаның мекенжайы UNaumochkin@sko.kz
– Өткен жылы азаматтардың өтініштері бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?
– 2016 жылдың ішінде әдеп жөніндегі уәкілге әртүрлі мәселелер бойынша жетпістен астам, оның ішінде екеуі анонимді түрде өтініш түсті. Хабарласқандардың басым бөлігі өз өтініштерін телефон арқылы жеткізді.
Анонимдік сұрау салу облыс әкімінің аппаратында, екі әкімдікте және сегіз жергілікті мемлекеттік органда жүргізілді. Анонимді сұрау салу нәтижесінің талданған ақпараты облыс әкімі аппаратының басшысына тапсырылды. Тұтастай алғанда, әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі бүгіндері Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы заңнамалар мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын бұзуға жол бермеуге, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшінің оң бейнесін қалыптастыруға бағытталған.
Әңгімелескен
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.