Табалдырықтан төрге озғалы тұрған 2016 жылы Тәуелсіздігімізге 25 жыл толмақшы. Ширек ғасырда жүз жылдыққа пара-пар тарихи оқиғаларды бастан кештік. Осы жылдар ішінде “Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел деген желқайық, мінесің де өтесің” деген сөздің шындығына көз жеткіздік. Бүгінгі күні жас мемлекетіміздің жүріп өткен жолына көз жүгіртер болсақ, қаншама қиындықтар еңсерілген.
Еліміздің сот жүйесі де тәуелсіздік жылдарында көптеген оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы орайда Қазақстан әлемдік қауымдастықты реформаларды жүргізу сапасының тиімділігімен таңғалдырып келеді. Бұған, ең алдымен, Елбасымыздың түрлі бағдарламалар арқылы сот жүйесін жетілдіруге аса зор ықылас танытуы себеп. Ол осы салаға қатысты ауқымды шараларға тікелей басшылық етіп, үнемі бағыт-бағдар беріп келеді. 1996 жылдың өзінде судьялардың алғашқы съезінде судьялық корпусқа маңызды міндеттер жүктелген еді. Сол бастамалар бүгінгі күнге дейін жалғасып, сот жүйесі тәуелсіз еліміздің мықты саласына айналды.
Ұлттық сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуында Елбасымыздың сіңірген еңбегі мол. Тәуелсіздіктің барлық жылдарында сапалы сот төрелігін іске асыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы дамыған, ең бастысы, дербес сот билігінсіз Қазақстанның осызаманғы әлемде мықты мемлекет болып қалыптасуы мүмкін еместігін жақсы түсініп, өткізілген судьялар съезі шеңберінде республикамыздың судьялар корпусымен ашық және әділ диалог жүргізді.
Тәуелсіздік алған соң бүгінгі қоғам талаптарына сай халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сүйене отырып, өз Ата Заңымызды бекіттік. Бүгінгі қазақстандық сот жүйесі, соның ішінде өңірімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелерінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Бұған көптеген халықаралық деректер дәлел. Мәселен, бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі шеңберінде сот тәуелсіздігі көрсеткіштерінің тұрақты өсімі (2011 жылдан бері 25 сатыға көтерілді), қазақстандық Судьялар одағының халықаралық судьялар қауымдастығына енуі – көп жылғы еңбектің нәтижесі. Биылғы жылы “World Justice Projeсt” халықаралық үкіметтік емес ұйымының рейтингінде Қазақстан өз көрсеткіштерін бірден алты сатыға жақсартқан. Бұл рейтинг сегіз негізгі көрсеткіштерге негізделген, олар: билік институттарының өкілеттігін шектеу; сыбайлас жемқорлық фактілерінің тіркелмеуі; тәртіп және қауіпсіздік; негізгі құқықтарды қорғау; билік институттарының мөлдірлігі; заңдарды сақтау; азаматтық сот әділдігі және қылмыстық сот әділдігі. Сондай-ақ, сот жүйесі қызметкерлерінің жоғары кәсібилік деңгейін Қазақстандағы БҰҰ дамыту бағдарламасы шеңберінде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер нәтижесі де айғақтайды. Бұл дәлелдерді тізіп отырғаным тегін емес, тәуелсіздігіміз орнағаннан бергі аз ғана жүріп өткен жолда сот саласын жетілдіру табысты көрсеткіштерге алып келді. Жалпы алғанда, бүгінгі күні елімізде айтарлықтай мықты сот жүйесі құрылған, ол заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді, осызаманғы құқықтық және демократиялық мемлекеттің барлық әлемдік стандарттарына сәйкес келеді.
Облыстық соттың да тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі аз емес. Мәселен, былтыр ғимаратының жағдайы мен безендірілуі, талдамалық жұмысты жоспарлау мен жүргізу, істерді уақтылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету, сот процестерін ұйымдастыру, сот ісін жүргізуде заманауи технологияларды қолдану, сот ақпаратына қолжетімділік шарттары бойынша облыстық сот ел бойынша үздік деп танылды. Ал облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты “Мемлекеттік тілдегі үздік сот отырысы” республикалық конкурсында бірінші орынды иеленді.
Жыл сайын облыстық және оған теңестірілген соттарда қаралатын істердің қатары артып келеді. Өткен жылы барлығы 41178 іс қаралды. Ел бойынша олардың саны 1 миллионнан асады. Бұл – іскерлік және құқықтық мәдениеттің қалыптасқанының дәлелі. Бүгінде сот төрелігіне жүгіну қалыпты жағдайға айналды. Оларға сенеді, дәл осы жерде өз құқықтары мен мүдделерін қорғай алады.
Үстіміздегі жылдың 21 қазанында Елбасы жаңа редакциядағы Азаматтық-процестік кодекске қол қойды, енді заң үстемдігін қамтамасыз ету жаңа бағытта жүзеге асатын болды. Заңнама аясында барлық заманауи негізгі құқықтық институттар қамтылған. Сонымен қатар, біздің құқықтық жұмысымызды әлемдік озық стандарттар деңгейіне жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген. Бұл Кодекс азаматтардың соттарға деген сенімін арттыруға, дау-жанжалды шешу үшін сотқа жүгінулеріне орай жұмыс істейді. Кодексте процеске қатысушылардың жарыспалылығы қағидатын күшейту, істі соттың қарауына дайындау кезеңін жетілдіру, жеңілдетілген іс жүргізудің жаңа институтын енгізу және тараптарды шақырусыз бұйрық арқылы іс жүргізуді қолдану аясын кеңейту көзделген. Сонымен қатар, сот сатыларының процестік өкілеттіктері де қысқартылады. Дауды тараптарды татуластыру жолымен шешуге ынталандыру және дауды соттан тыс шешу тетіктерін күшейту мақсатында іс татуласу келісімімен аяқталған және татуластыру рәсімдері өткізілген жағдайда сот шығындарын қысқарту және мемлекеттік бажды қайтару көзделеді.
Айдар СМАҒҰЛОВ,
облыстық соттың судьясы.