Көкшетау қаласында “JALYNDY JASTAR” әзіл-сықақ фестивалі өтті. Өнер сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен 14 команда қатысты. Бұл байқауда жерлестеріміз арнайы жүлдеге ие болды.
Өңір намысын М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері қорғады. “KU” деп аталатын ұжым қазақтілді командалар арасында бақ сынады. Әзіл-сықақ кеші ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды.
– Әзілдеріміздің басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге негізделді. Өзіміздің өнеріміз арқылы қоғамымыздың негізгі түйткілді мәселелерін көтеруге тырыстық. Сондай-ақ Ақмола облысының орталығы жайлы да әзіл көрсеттік. Бас жүлдеге ие болмасақ та, осал емес екендігімізді байқаттық, – дейді команда мүшесі Бауыржан Жүніс.
Солтүстікқазақстандық “KU” командасы Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының арнайы “Жастық жігер” жүлдесіне ие болды.
Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.