«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ

Петропавл қаласында «Гендерлік теңдік – қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың негізі: тиімділік, ұмтылыс, трансформация» тақырыбында ауқымды республикалық форум өтті. Бұл форум – гендерлік теңдік мәселесін кеңінен талқылауға арналған маңызды алаң болғандықтан, оған түрлі саланың 300-ден астам өкілі қатысты.

Форум аясында қатысушылар облыстық перинаталдық орталық жанындағы 2024 жылы ашылған «Қамқорлық» ерте араласу орталығына барды. Орталық 3 жасқа дейінгі туа біткен және жүре пайда болған нейроортопедиялық ауытқулары бар балаларға арналған. Меңгеруші Наталья Помазанованың айтуынша, күн сайын мұнда 15 адам қабылданады, ал былтыр 275 бала тегін оңалтудан өткен. Биылғы жылдың 1 мамырына дейін 120-дан астам сырқат ем алған.

Сонымен қатар форум қонақтары Qyzyljar Creative орталығында болып, заманауи IT-хабтың жұмысымен танысқаннан кейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін жекеменшік ұйым басшыларымен кездесті.

«AMANAT» партиясы әйелдер қанатының төрайымы, партия хатшысы Шолпан Каринова облысқа келген сапарының маңыздылығын атап өтіп, өңірде ерекше балаларға арналған қызметтерді дамыту қажеттілігіне тоқталды. Оның айтуынша, биыл 450 бала мемлекеттік тапсырыс бойынша оңалту қызметімен қамтылмақ.

«Мой ребёнок» қоғамдық бірлестігінің басшысы Татьяна Ковалеваның айтуынша, қолданыстағы клиникалық нұсқаулар жаңартылса да, жалпы тәжірибе дәрігерлері, невропатологтар мен педиатрлар кішкентай балалардағы аутизмнің белгілерін әрқашан бірден анықтай бермейді, тиісті тексерулерге бағыттамайды және ерте араласуды бастамайды.

– Бала өмірінің алғашқы жылында-ақ педиатр оның дамуындағы ерекшеліктерді байқап, шара қолдануы тиіс. Өкінішке қарай, бұл жүзеге аспай отыр. Тексеруден өтуге, мамандарға жолдама берілмейді, сауалнама жүргізілмейді. Салдарынан баға жетпес уақытты жоғалтып жатырмыз, – деді Татьяна Ковалева.

Іс-шараға жиналғандар бастапқы медициналық көмек көрсету кезінде міндетті түрде пайдаланылатын бірыңғай диагностикалық алгоритмді іске қосу туралы ұсыныс айтты. Бұл алгоритмге ата-аналармен сауалнама жүргізу және тексеру шараларының көлемін ұлғайту кіреді. Сондай-ақ жиында қатысушылар балаларына алғаш рет диагноз қойылған ата-аналардың да көптеген мәселемен бетпе-бет келетіні айтылды. Осыған байланысты аймақта ерекше балалары бар ата-аналарға арналған арнайы қолдау мектебін ашу ұсынылды.

Форум жұмысы Оқушылар сарайында өткен панельдік сессиямен жалғасты. Онда еліміздегі және өңірдегі мемлекеттік құрылымдарда әйелдердің үлесі мен олардың басқарудағы рөлі талқыланды. Қыз-келіншектердің кәсіпкерлік саласындағы рөлі де әңгіме өзегіне айналды. Қазақстанда шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі – 48 пайыз. «Даму» қоры әйелдер бизнесін қолдауға 4,1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген. Парламент Сенатының депутаты Әсем Рахметова өңірдегі әйелдердің экономикалық белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Олар тек кәсіпкерлікте ғана емес, қайырымдылық, білім беру және әлеуметтік салада да көш бастап келеді.

Президенттің кеңесшісі Күнсұлу Закарья әйелдердің қоғамдағы, мемлекетті басқарудағы және әлеуметтік өмірдегі орны туралы айтып, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – әділетті қоғам құрудың маңызды тетігі екенін атап өтті.

«Әйелдер әрдайым өзгерістің қозғаушы күші және шабыттың қайнары болып келген. Әрқайсыларыңыз инновация мен теңдік бірге өмір сүретін келешекті құруға өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сіздердің идеяларыңыз әлемді жақсартуға бағытталған жаңа бастамаларға жол ашсын», –деп атап өтті Күнсұлу Закарья.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 58 пайызды, ал Солтүстік Қазақстан облысында 64,5 пайызды құрайды.

– Облыстағы ахуалға тоқталсақ, мемлекеттік қызметкерлердің 64 пайызын, сот жүйесінің 72 пайызын, ал құқық қорғау органдарының 15 пайызын әйелдер құрайды. Сонымен қатар аудандық мәслихат хатшыларының 40 пайыздан астамы әйелдер болса, екі әйел аудан әкімі және 32 әйел ауылдық округ әкімі қызметін атқарып жатыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов

Іс-шара барысында цифрлық трансформациядағы әйелдердің рөлі, ұлттық құндылықтарды нығайту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медиасаясаттағы әйелдердің орны секілді маңызды тақырыптар да талқыланды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp