«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ СӨЗІ ЖІГЕР БЕРГЕН

Бүгінгі мақаламның кейіпкері Пресновка ауылының тұрғыны, саналы өмірін ұстаздыққа арнаған аяулы жан Бәтес Қаралова. Білікті мұғалім Ақбалық ауылында дүниеге келген. Әкесі Көрал – соғыс ардагері. Соғыстың зардабы болар, әкесі жиі сырқаттанып, ақыры 55 жасында, өмірден өткен. Тағдырдың жазуымен отағасы дүниеден озғаннан кейін анасы Сайлау Әлжанқызы алты баламен жалғыз қалады.Үйдің үлкені болғандықтан, ауырып жатқан кезінде әкелері іні-сіңлілерін Бәтес апаға аманат етіп тапсырған. Әке сөзінен жігер алған қызы өскенде жұмыс істеп, бауырларына қамқор болуды өзінің парызы санайды.

Анасы шиеттей бала-шағасын жеткізу үшін совхоздың жұмысын істейді. Балалықпен ерте қоштасқан Бәтес апай қолынан келгенше анасына көмектесіп, шаруаға қарайласады. Өмір сынағы мұнымен тоқтамайды. Арада небәрі екі жыл өткенде фәни жалғанмен аналары да қош айтысады. Сол кезден бастап бүгінгі күнге дейін қолынан келгенше бауырларына қамқорлық көрсетіп жүрген Бәтес апай мейірімді, кеңпейіл жан.

Әңгіме барысында күліп “Әпке”, киносындағыдай әпке болып жүрмін”, – деген ол ойша сонау сағым болған балалық шағына оралып, ата-анасын еске алды. Қатарынан қалмай мектепті тамамдап, дәрігер болуды армандаған бойжеткен 1966 жылы медициналық колледжді бітіріп, Северный ауылына балабақшаға медбике болып жұмысқа орналасқан. (Бұл уақытта Озерный ауылында үлкен аурухана жұмыс істеп тұрған болатын). Жұмыс істеп жүрген кезінде оның ақжарқын, мейірбан мінезіне сүйсінген жандар “Сенің мінезің мұғалімдікке лайық, саған ұстаз болу жарасады”, – дейді екен. Бірақ ол жұмысын жалғастыра береді. Екі жыл істегеннен кейін шынымен де ұстаздыққа бет бұрып, Петропавл қаласындағы Ушинский атындағы педагогика институтының (бүгінгі таңда Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) биология, химия факультетіне оқуға түседі.

Жоғары оқу орнында оқуын ойдағыдай аяқтаған соң, қолына дипломын алып,туған еліне қайта оралады. Сол кезден бастап ағарту саласында, үздіксіз еңбек етеді. Барлық еңбек өтілі 40 жыл болса, соның ішінде 38 жылын ұстаздыққа арнаған.

Өз ісіне адал, жауапкершілікпен қарай білетін ұстаздың алдынан тәлім алған оқушылар бүгінде әр салада еңбек етіп жүр. Олардың ұстазына деген алғысы шексіз.

Қарапайым мінезімен ерекшелене білетін Бәтес апайдың есіл еңбегі ескерусіз қалмады. Аудандық білім бөлімінен алған Құрмет грамоталары, мақтау қағаздары – оның көп жылғы еңбегіне берілген лайықты баға.

Қаншама қиын кездер болса да, бауырларына қарайласып, оларды оқытып, жеткізген Бәтес апай ата-ана алдындағы үмітін ақтады деп айтуға әбден болады.

Бүгінде ол зейнет демалысына шықса да, білім ордасынан қол үзген жоқ. Қазіргі кезде ол аудан орталығында тұрады. Қарттыққа аяқ басқан асыл ана, аяулы әже ұлы Елембайдың ұрпақ жалғасы болған немерелеріне қарайласып, оларды қазақы қалыпқа салып, тәрбиелеуге үлес қосуда.

Жүзінен мейірім шуағы шашылған әжелерінің ақылын тыңдап, берген бағыт-бағдары бойынша өсіп, өркен жайып келе жатқан немерелері демалыс күндерін қарияның қасында өткізеді.

Көз қуанышы болған кішкентай еркетайларын “айналайын” сөзімен аялаған әже бүгінгі күнге шүкіршілік айтып, еліміздің дамып, көркейіп келе жатқандығына қуанышын жасырмады.

– Күні кеше ғана ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік. Бұл – тарихи оқиға. Ширек ғасыр ішінде еліміз адам танымастай болып өзгерді. Елордамыз Астанаға қарап ой да, бой да түзеген өңір өмірінде ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар орын алуда. Заман талабымен үндескен жаңа ғимараттар салынып, медициналық мекемелер, мектептер, балабақшалар ашылып, олар ел игілігіне берілуде. Бір жылдың өзінде облысымызда бірнеше баспананың құрылысы аяқталып, тұрғындар қоныстойларын тойлауда. Бұл да ел экономикасының жақсарып келе жатқандығының бірден-бір белгісі. Сонау тоқсаныншы жылдары тұралап қалған зауыттар іске қосылып, жұмыстарын жүйелей түсті. Сауда орталықтарынан “Қазақстанда жасалған” деген белгісі бар өнімдерді көргенде шыны керек, қуанасың! Бұл Елбасының саясаты арқасында қол жеткізіп отырған жетістіктеріміз. Сөз жоқ, бүгінгі таңда барлық салаларда ілгері басушылық байқалады. Білім мекемелерінде жаңашылдықтар көп деген зейнеткер ұстаз үштілділіктің маңыздылығына ерекше тоқталды.

Бәтес Көралқызы жастық шағына, мектепте жұмысқа жаңа келген кездерін еске алды.

– Иә, ол кезде заман басқаша болған. Барлығын қолмен жазатынбыз. Қазір техниканың дамыған уақыты. Мектептердің барлығында компьютер бар. Ұстаздардың жұмысын жақсарту үшін барлық жағдай жасалуда. Оқушыларды бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу үшін мұғалімдерге арнайы шығарылып жатқан жаңа заманауи әдістемеліктер де аз емес. Осындай жаңашылдықтардың барлығы еңбек етуге деген құлшынысыңды арттыра түседі”, – деді ол.

Бар өмірін ұстаздық жолмен ұштастырып, бала тәрбиесіне арнаған Бәтес Көралқызының ендігі бар тілегі – ел амандығы.

– Ортақ үйіміз Отанымыз гүлдене берсін. Еліміз дамыса, өңіріміз, өміріміз жақсара түседі. Ол үшін, әрине, бәріміз бір адамдай жұмылып еңбек етуіміз керек. Сонда ғана келешегіміз кемел болады, – дейді ол.

Жұлдыз БОТАНОВА.

Жамбыл ауданы,

Пресновка ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp