Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен “Құпия сатып алушы” әдісімен қоғамдық мониторинг жүргізілді.
“Құпия сатып алушы” әдісі – қызмет көрсету сапасын арттырудың әмбебап және өте тиімді құралы. Қоғамдық бақылаудың мақсаты мемлекеттік қызмет көрсетудегі әкімшілік кедергілерді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау болды. Тексеріс кезінде мемлекеттік қызмет көрсету процесін тездетуге және құжаттарды жинастыруға заңсыз көмек көрсеткендерге, күту орындарындағы ақпараттық стендтерге, стандарттарды және регламентті орналастыру, сенім телефоны, кеңес беру, әдепке жатпайтын қылық көрсету, мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға жағдай туғызуға ерекше назар аударылды.
Мемлекеттік органдардың жұмысында әкімшілік кедергілер әлі де болса баршылық. Оны арнайы мониторинг тобының сыртқы бағалау қорытындылары көрсетіп отыр. “Құпия сатып алушы” әдісі арқылы қалалық және аудандық жергілікті атқарушы органдардың қызметінде бірнеше олқылық әшкереленді. Мәселен, Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бір маманы жұмыс уақытында есікті жауып кетіп қалған. Аудандардағы мемлекеттік қызметшілер де жұмыс уақытында өз орындарында болмай шықты. Ал “Халыққа қызмет көрсету орталығы” департаментінің Петропавл қалалық №3 бөлімінің қызметкері бірінші келген адамға емес, одан кейін келген тұлғаға қызмет көрсеткен.
– Бұл кемшіліктердің бір парасы ғана. Шындығында, әрбір қадам сайын тұрғындар кедергілерге тап болып жатады. Оны жою үшін арнайы мониторинг тобы жемісті еңбек етеді деген үміттемін. Петропавл қалалық №1, №2 және №3 емханаларда тұрғындардан стандартта көрсетілмеген құжатты сұратқан. Азаматтарға дұрыс кеңес бермейді. Осыған ұқсас жағдайлар қалалық №7 және №23 мектептерде кездескен. Аудандық әкімдіктердің жекелеген бөлімдеріндегі мамандар жұмыстарына жауапсыз қарайды, – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша арнайы мониторинг тобының төрағасы Александр Бодуновский.
Берік ҚАСЕН.