Кімнің әдемі болғысы келмейді?! Әрине, қыз-келіншектердің барлығы да көрікті, келбетті болғанды қалайды. Қазір ол үшін барлық жағдай жасалған. Тек қалтаңызда қаражат болсын деңіз.
Тіпті, үйден шығып, әдемілік салондарына барып, сарыла кезек тосып отырудың да ешбір қажеті жоқ. Телефон соғып, мекенжайыңызды айтсаңыз болды, білікті мамандар өздері-ақ үйіңізге келіп, бет-әлпетіңізді бояп, қаласаңыз жасанды қас, кірпік, тырнақ салып береді. Міне, осылайша айналасы екі-үш сағаттың ішінде Айдай ару болып шыға келесіз.
Бірақ мұндай әдеміліктің әлегі бар екенін көпшілік біле бермейді. Ал егер естіп-көрген болса: “Тәуекел, ештеңе бола қоймас”, – деп жүре береді. Біздің таңғалатынымыз, таңданатынымыз да осы жайт. Әрине, әдемі болыңыз және ол өз қолыңызда. Бірақ бір қолмен бетін бояп, екіншісімен денсаулыққа зиян келтіріп жатқандықтары жайында қыз-келіншектер неге ойланбайды? Қандай жағдай болса да, жасандылықтың түбі еш уақытта жақсылыққа әкелмейді. Ал қолдан әдемілік істеп алу деген айналадағыларды алдау сияқты. Сонымен, жасанды қас істетіп көру үшін аялдамаға жапсырып кеткен жарнама бойынша телефон соғып, мән-жаймен таныстық.
Светлананың (аты өзгертілген) осы жұмыспен айналысып жүргеніне алты жылдың жүзі болған. Үйіңізге қолайлы уақытта келіп, қалаған қас салып беру үшін оның алатын ақшасы 10 мың теңгеден басталып, жоғарылай береді. Бірінші кезекте ол бетті арнайы маска мен тазалап, табиғи қасты түгелдей қырып, алып тастайды екен. Осы сәтте мен көз алдыма қассыз адамның келбетін елестетіп көрдім. Шынымды айтсам, қорқынышты екен. Содан кейін “жаңа қас” салып, қарындашпен бояп, кейін оның үстінен иненің ұшымен арнайы бояуды енгізеді екен. Маманның сөзіне сенер болсақ, қазір жастар арасында қара, қоңыр, көк түсті қастар сән. (Көк түсті қас дегенді бірінші рет естідім, өз құлағыма өзім сенбей, қайта сұрадым, сөйтсем, шынымен де, сондай болады екен). Қасты салып берген соң тері екі-үш күнге дейін ісіп, қызарып, сыздауы мүмкін. Мұндай кезде қастың жанына жағатын арнайы дәрі-дәрмек болады екен. Оның бағасы, әрине, өз алдына бөлек. Айта кету керек, бір сызғызып алған қасыңыз бес жылға дейін жетеді. Міне, біз алған мәлімет осындай.
Маманның сөзіне сүйенер болсақ, жасанды қас салғызудың ешбір қиындығы және денсаулыққа келер зияны жоқ. Сондықтан да бірден келісуге болар еді. Бірақ біз басқа жолды таңдадық. Яғни, алдымен медицина мамандарымен кездесіп, мұндай жасандылықтың дұрыс, бұрыс жақтарын зерттеп, білуді жөн санадық. Сондықтан да “Мен сізге ең әдемі қас салып беремін”, – деп арбап, алдаған адаммен “Кейінірек тағы хабарласамыз”, – деп мәдениетті түрде қош айтыстық.
Қалтаға түсетін ақша жайында ғана ойлайтын жасанды сұлулықтың жарнамашылары әдетте әдеміліктің тек қана бір жағын айтады. Ал біз болсақ, оның екінші жағының шымылдығын ашып, жасырынған сырларын ақтарып көрейік. Осы мақсатпен облыстық тері-венерологиялық диспансердің бөлімше меңгерушісі, дерматовенеролог, жоғары санатты дәрігер Ирина Емелинамен кездесіп, әңгіме өрбіттік. Ұзақ жылдар бойы осы салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан дәрігер түрлі косметикалық қызметке жүгінудің зиянына тоқталып өтті. Оның айтуынша, жасанды тырнақ, қас, я болмаса кірпік дегендей түрлі әдемілік дүниелерді салғызу әрбір адамның өз қалауында. Бірақ бұл қадамға бару үшін “Жеті рет өлшеп, бір рет кес” деген қағиданы естен шығармаған жөн. Ең бастысы – барлық медициналық тексерістен өтіп, денсаулығыңыздың жақсы екендігіне толық көз жеткізу керек. Егер де белгілі бір сырқат табылып жатса, сұлулықтың мұндай түрінен бас тартқан дұрыс болады. Өкінішке қарай, аталмыш диспансерге келетіндердің барлығы дерлік бұл сөздерге құлақ аспай, аз уақыт ішінде әдемі болып кетемін деп ойлайтындар қатарынан. Сөйтіп, әдеміліктің әлегімен сау бастарына сақина сатып алып, айлап, жылдап емделіп жүретіндер саны аз емес. Қазір қыз-келіншектер арасында жасанды тырнақ өсіру сәнге айналып барады. Олай болса, маманның осы жайында айтқан ойына құлақ түрейік:
– Егер тырнағыңызды өсіріп, я болмаса тазалатып бояғыңыз келсе, салондағы маманға үлкен талап қоя білу керек. Алдымен, жұмыс істеуге берілген сертификатының болуын, сол жердің тазалығын, пайдаланатын түрлі заттардың бұған дейін ұсталмауын және оны сіздің көзіңізше ашып, қолдануын қадағалау қажет. Бір затты бірнеше адамның тырнағын әдемілеуге қолдануға болмайды. Ондай жағдайда адамдар бір-бірінен түрлі тері ауруларымен қатар, гепатит жұқтырып алуы да әбден мүмкін, – дейді маман.
Зақым келген тырнақ жұқарып, сынып, кейін өскен кезде қисық форма қабылдауы да мүмкін. Міне, мұның барлығы ұзақ уақыт бойы емдеуді қажет етеді. Бұл жерде адамның жүйкесіне де айтарлықтай зақым келеді. Осымен әдемілеймін деген тырнақтың әлегі біте қойса, жақсы. Бірақ жығылғанға жұдырық болғандай, кейбір жағдайда ВИЧ індетін де жұқтырып алу қаупі бар екенін маман жасырмады. Ал бұл дегеніміз, өмірдің тас-талқаны шығып, жарқын болашаққа өз қолыңмен балта шабумен тең емес пе? Олай болса, денсаулығыңа, тіпті, барлық өміріңе қауіп төндірер осындай жасанды сұлулық керек пе? Әрине, сол сәтте барлығы әдемі, сырт көзге тартымды болып көрінер. Бірақ кейбір жағдайда тері аурулары жылдар бойы өршіп, соңы айықпас дертке әкеліп соғуы да мүмкін. Түрлі тері ауруларынан жасанды қас салғызған кезде де сақтану керектігін айтқан маман әркімнің өз денсаулығына салғырт қарамауын тілге тиек етті. Себебі, денсаулық әдеміліктен де қымбат.
Жоғарыда айтылған маманның кеңесін тыңдаған соң өз басымыз қолдан жасалған әдеміліктен бас тартуды дұрыс деп ұйғардық. Мүмкін, қырық жастан асқан соң ол тақырыпқа тағы бір оралармыз. Ал әзірге табиғат берген әдемілікті күтіп, саламатты өмір салтын ұстанудың өзі оң нәтиже береді деп ойлаймыз. Бұл дәрігер маманмен болған әңгімеден түйгеніміз.
Міне, маманның айтары, оған біздің қосар пікіріміз осындай. Ал осы тақырыпқа оның тікелей кейіпкерлері болып жүрген бойжеткендер не дер екен? Тыңдап көрейік.
Гүлхан Байтемірова,
32 жаста:
– Мен үнемі әдемі болып жүргенді қалаймын. Сондықтан да ол жағына келгенде ақша аямаймын. Қас та салғызамын, кірпігімді де ұзартамын. Алты айда бір рет жасанды тырнақ та салғызып аламын. Біріншіден, бұл сырт көзге әдемі көрінеді. Екіншіден, өте тиімді. Күнде қас бояп отырмаймын. Бір рет жасатып алсам, кемінде бес жылға дейін жүре беремін. Кірпікті үш ай сайын бір ұзартып аламын. Тырнақтың жайы да осындай. Енді өзіңіз ойлай беріңіз, күнде бояп қиналғанша, ақшасын төлеп, бес жылда, я болмаса алты айда бір істетіп алған дұрыс сияқты. Ал зияны жағына келер болсақ, ол жайында айтылған өсек-аяндарға онша мән бермеймін. Бастысы, ақшаңды аямай, дұрыс маманға бару. Арзанға алдансаң, әрине, соңы түрлі мәселеге әкеліп соғуы әбден мүмкін.
Аягөз Есімқұлова,
25 жаста:
– Астана қаласында жұмыс істеймін. Демалыс алғанда Петропавл қаласына келіп, жасанды қас салғызып алдым. Өйткені, Астанада оның бағасы екі есе қымбат. Жалпы жасанды сұлулықтың пайда-зияны бірдей деп ойлаймын. Бір жағынан әдемі болып көрінесің, екіншіден, мұндай әдемілік қалтаңды қағады. Және бір істетіп көрсең, екінші рет жасатуға мәжбүр боласың, өйткені тері соған бейімделіп алады. Міне, осылайша өзіңді-өзің жасанды сұлулыққа жіпсіз байлап қойғаныңды байқамай да қаласың. Бір қызығы, аталмыш қызметтің түрі қаншалықты қымбат болса, оған қызығатындар қатары да соншалық күн санап қалыңдай түсуде. Осыған қарағанда, жасанды болса да әдемілік бәріне керек шығар. Әрине, инемен терінің астына бояу енгізу қауіпті. Бірақ алдын алса, бәрі жақсы болар деп ойлаймын. Тек мамандарға талғаммен талап қоя білу керек.
Гүлмира Исағұлова,
28 жаста:
– Жасанды сұлулықты ұнатпаймын. Өзімнің табиғат берген келбетіме көңілім толады. Аздап косметика пайдаланғаным болмаса, шектен шықпаймын. Қанша ақша төлеп, әдемі боламын десең де, бәрібір жасандылық байқалып тұрады. Кейбір қыздардың қасы, тіпті, маңдайына шығып кеткенін көріп, амалсыз тіліңді тістеп тұрасың. “Осы да әдемі ме, ертегіден келген жезтырнақ сияқты түріңе болайын” деп айтқың-ақ келеді. Бірақ әркімнің еркі өзінде. Қазір заман сондай. Амалын тауып, кескін-келбетін “түзеп” жатса, несі жаман. Тек денсаулыққа зияны келмесе болғаны.
Міне, жасанды сұлулық жайында бізге мәлім болған шындық осындай. Тек өмірге төнер қауіп-қатер иненің ұшында да барын сұлулық іздегендер біле жүрсін деген ой ғой біздің қолға қалам алғызған.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.