«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМГЕ САЯХАТ ЖАСАП ҚАЙТҚАНДАЙ БОЛДЫҚ

Әлем назарын өзіне аударған Астанадағы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесін “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетінің ұжымы да тамашалап, тамсанып қайтты. Таң ағара жолға шығып, еліміздің жүрегі – елордадағы ғажайыпты күн екінтіге еңкейгенге дейін араладық. Жол алыс болғандықтан, еріксіз ерте қайтуға тура келді, әйтпегенде жаһан ғылымының озық жетістіктері паш етілген, жер жүзін мекен еткен жүзден астам елдің мәдениеті тоғысқан көрмені көріп жүріп уақыттың қалай зымырағанын да аңғармайды екенсің.

 

Астана ғана емес, Алтай мен Атыраудан, Арқа мен Алатаудың арасын алып жатқан кеңбайтақ қазақ жері бүгінде “ЭКСПО – 2017” көрмесінен күш алып, жұрттың айтатын әңгімесі де осы шара төңірегінде өрілуде. Алып шаһар ерекше кейіпке еніпті, әрбір қадам сайын көрмені еске салатын жалаушалар желбіреп, плакаттар ілінген. Көрме қалашығына жақындағанымыз сол еді алдымыздан жүздері бал-бұл жайнаған жас қыздар мен ұлдар шығып, қошеметпен қарсы алып жатты. Үш тілде сәлемдесіп жатқан олар еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген еріктілер екенін бірден аңғардық.

Көрме – қала ішіндегі қала іспеттес. Құжынаған адамды, түрі де, тілі де басқа туристерді көріп таңбыз. Еліміздің әр қаласынан келіп жатқан бірдей қалпақ киген оқушыларды да көзіміз шалды, көпшілік арасында бір-бірінен адасып қалмауы үшін киім үлгілерін бірдей таңдағандары орынды екен деген ой түйдік. Алдымызда алып шар. Бұған дейінгі көрген ең үлкен шарымыз – Бәйтерек монументінің құзар басындағы шар болатын. Ал мынау одан әлдеқайда үлкен. Атауы да жүрекке жылы – “Нұр Әлем”.

Ішке бас сұққанымыз сол алдымыздан жаңа әлем ашылды. Сегіз қабат. Аумағы бес мың шаршы мертді құрайтын алып футуристік ғимарат өзінің бірегейлігімен жұртты таңғалдыруда. Бірінші қабатта Қазақстан мен оның тарихына қатысты энергия технологиялары қойылған. Мұнда Ұлы даланың көне тарихына арналған инсталляциялар ұсынылған. Екінші қабат “Су энергиясы” деп аталады. Барлық жәдігерлер су ресурсынан қалай қуат алу керектігі жайында сыр шертеді. Үшінші қабат кинетикалық энергияны алу жолдарын баяндаса, төртіншіде биомасса энергиясы жайында мағлұмат алуға болады. Бесінші қабатта “Жел энергиясы” инсталляциялары орналасқан. Мұнда күші жеті балдық желдің қуатын сезінуге болады. Ал алтыншы қабат “Күн энергиясы” деп аталады. Күн сәулесінен қуат алу жолдары жайында егжей-тегжейлі баяндалады. Жетінші қабат ғарыш энергиясына арналса, ең таңғалдырған бөлігі – бұл сегізінші “Болашақ Астана” қабаты. Мұнда Қазақстан астанасының 2050 жылы қандай кейіпке енетіні, яғни болашақтың қаласына айналатындығы айтылған.

– Мен “ЭКСПО – 2017” көрмесіндегі ұлттық павильондардың көбін аралап шықтым. Бәрі дерлік баламалы қуат көздерін алу төңірегіндегі жетістіктерін паш етіпті. Солардың ішінен Қазақстанның павильоны – “Нұр Әлем” бәрін тамсандыруда. Мұнда гидростанциялар, Жоңғар қақпасына жел диірменін орнату сияқты дәстүрлі қуат өндіру көздерімен қатар, тіпті, бұған дейін көбіміз ести бермеген ғылымның соңғы жаңалықтары да паш етілген. Әсіресе, кинетика саласындағы тың жобалар тамсантты, – дейді көрмеден алған әсерімен бөліскен “Солтүстік Қазақстан” газетінің жауапты хатшысы Айгүл Ысқақова.

Халықаралық павильондар “Нұр Әлемді” айнала шеңбер жасай орналасқан. Көрмеге келген 110 елдің әрқайсысына бірнеше бөлмеден тұратын жеке-жеке зал беріліпті. Бірінші қабатына әрқайсысы өз мәдениетінен, тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойып, баламалы қуат көздерін өндірудегі озық жетістіктерін көрсетсе, екінші қабатында кеңселер, келісім жасайтын орындар, қызметтік кабинеттер орналасқан.

Америка Құрама Штаттары, Қытай, Ресей, Германия, Франция, Жапония және тағы басқа алпауыт елдердің көрмелері де ауқымды екен, ғылымда бағындырған жетістіктері де көп, жаңалықтары да жетерлік. Көршіміз Ресей сонау Арктикадан айсбергтің бір бөлігін ала келіпті. Жиналған жұрт сұп-суық мұзға қол тигізіп көрді. Үндістандық ғалымдар мұхиттың тұзды суын күннің сәулесін түсіру арқылы тұщы суға, яғни ішуге болатын ауызсуға айналдыруға болатын құрылғының макетін қойыпты. Әлем халқы ауызсудан тапшылық көріп отырған тұста, бұл қондырғы таптырмас құрал сияқты көрінді.

– Дамыған елдер “Болашақтың энергиясы” тақырыбындағы өз жаңалықтарымен бөліскен екен. Мысалы, бүгінде Коста-Рика елі тұтынатын қуат көздерінің 83 пайызын су электр станциялары арқылы алады, қалған бөлігін күннің көзі береді. Бұл көрсеткішке әлемнің көптеген елдері жете алмай отыр. Мысалы, Африка, Оңтүстік Америка және Кариб жағалауы елдерінің көрмелері ғылыми жаңалығымен тамсандырмағанымен, бай мәдениеті және қол-өнер шеберлерінің бұйымдарымен көптің назарын өзіне аударуда. Бұл да “ЭКСПО – 2017” көрмесіне ерекше леп беріп тұр, – дейді “Солтүстік Қазақстан” газеті экономика бөлімінің меңгерушісі Қанат Атаманов.

Көрмеде қызық көп. Саудаға үйір шығыс және қара құрлық елдерінің өкілдері өздерімен бірге ала келген шайлары мен сырға-моншақтарын, киім-кешектерін де сатып жатты. “ЭКСПО – 2017” көрмесінде тек қана ғылымның жетістіктері айтылып, ірі өндірістік жобалар ғана көрсетілсе жасы бар, жасамысы бар, қарапайым көрермен үшін қызықсыз болуы да мүмкін ғой, сондықтан көрменің кей тұсы жәрмеңкеге ұқсас өтіп жатқаны да орынды сияқты.

Бір күннің ішінде барлық елдердің павильондарын аралап шығу мүмкін емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оған 2-3 күн қажет екен. ТМД елдері арасында тұңғыш рет Қазақстанда туы тігілген көрмеден ерекше әсер, жаңа қуат алып қайттық. Қызылжардан 500 шақырым қашықтықта жатқан Астанаға барып, бір күннің ішінде әлемнің жүзден астам елін аралап келгендей сезімге бөлендік. Бұл көрме көпке дейін естен кете қоймас.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp