Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қытайлық «Beijing Guancheng Shenghua Investment» компаниясының басқарма төрағасы Ма Юнхумен жүздесті. Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру әлеуеті талқыланды.
Аталған корпорация өнеркәсіптік және тұрғын үй нысандарын салу, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту саласына маманданған. Инвестор облыста элеватор мен құрамажем зауытын салуға қызығушылық білдірді.
Өңірде «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағын кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарында жаңа субаймақтар құру жоспарланып отыр. Бұл шетелдік инвесторларға жаңа өндірістерді іске қосуға тиімді жағдай жасайды.
«Солтүстік Қазақстан облысы тікелей инвестицияларға, технологиялық әріптестікке және халықаралық бизнес өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Мұндай жобалардың жүзеге асырылуы өңір экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен мен инфрақұрылымды дамытуға қосымша серпін береді», – деп атап өтті өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.