«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛІМЖЕТТІК КӨРСЕТУ — ҚЫЛМЫС

Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ұрпақ сабақтастығын жалғап, бесіктегі бөпесін әлдиімен аялап, үйінің берекесін келтіріп отырған аналарға қол көтеру – қылмыс. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда әйелге қол жұмсау, балаға қысым көрсету, ата-ананы таяқтың астына алу сияқты жантүршігерлік фактілер сирек кездеспейді.

“Аялы алақан жұмылған жұдырыққа айналса не істеуге болады?”, “Қайда барып, кімнен көмек сұрау керек?” деген мәселелер Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында талқыланды.

Әйелге қол көтеру батырлық емес. Дегенмен де, осындай жаман “ауруға шалдыққандармен” көп болып күреспесе, оның тамыры тереңге кетуі әбден мүмкін. Осындай кеселдің алдын алу үшін бүгінгі таңда білім, құқық қорғау және басқа да сала қызметкерлері бірігіп, ортақ жоспар бойынша іс-шаралар жүргізуде. Жүзеге асқан жұмыстарды тілге тиек еткен облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Сайран Сәркенов баспасөз мәслихатында өткен жылмен салыстырғанда биыл әйелдерге зорлық-зомбылық жасау фактілерінің азайғанын айтты.

– Көп жағдайда отбасының тыныштығын бұзып, берекесін алатындар ішімдікке тәуелді адамдар және нашақорлық сияқты жаман әдетке салынғандар. Олармен бірінші кезекте жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу керек. Жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 1646 адам тартылса, оның ішінде 654-іне қатысты іс тоқтатылды. 283 адамға ескерту жасалды, 450-і қамауға алынды. Ал үшеуі айыппұл төледі, – дейді Сайран Сәттарұлы.

Тәртіп сақшылары үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отыра, жыл басынан бері 29 шара өткізген. Ол жайында “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алина Орлова мәлімет берді.

– Бүгінге дейін атқарылған жұмыс аз емес. Бірақ әйелдерге, балаларға көрсетілетін әлімжеттікке қарсы бірлесіп күресу керек. Қарашаның 25-інен облысымызда республикалық “Зорлық-зомбылыққа қарсы он алты күн” акциясы бастау алады. Осы орайда құқық қорғау орындарымен бірге жоспарлы шараларды жүзеге асыруға біз де қатысамыз. Аудандар мен ауылдарға шығып, жастармен кездесу өткізіп, отбасы тақырыбы жайында семинарлар өткіземіз. Біздің көздеген мақсатымыз – әр шаңырақта береке-бірлік орнату. Көмекке зәру жандарға заңды тұрғыда ақыл-кеңес беріп, қамқорлыққа алу, – дейді Алина Геннадьевна.

Баспасөз мәслихатында зайыбынан зәбір көрген әйелдерге уақытша паналайтын орын қажет екендігі тілге тиек етілді. Айта кетейік, Петропавл қаласында ондай орталық бар, бірақ қаражаттың жоқтығына байланысты осыдан бірнеше жыл бұрын жабылып қалған.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp